«Денсаулық туралы» заң жобасы автокөлік рөлінде отырып темекі тартуға тыйым салуды көздейді. Естеріңізде болса, бұдан бұрын мұндай тыйым «Жол қозғалысы туралы» заң жобасынан алынып тасталған болатын. Ол кезде депутаттар көлік жүргізушілерінің шылым шегуі жол қауіпсіздігіне қалайша әсер ететініне байланысты статистика таба алмаған. Бірақ темекіге қарсы күресушілер бәрібір осындай тыйым енгізбек.
Бүгінгі күні Қазақстанда темекіге қарсы күрес тиімді жүргізілуде: акциздер көтерілді, темекі қораптарына қорқынышты суреттер салынды, енді темекіге қарсы заңнама талаптарын бұзғаны үшін айыппұлды 100 мың теңгеге дейін арттыру (қазір айыппұл сомасы 1 АЕК – 1852 теңге) және қоғамдық орындарда жұрттың темекі шегуіне себеп беретін күлсалғыштар орнатуға тыйым салу көзделуде. Енді оған қоса тағы бір тетік — көлік рөлінде темекі шегуге тыйым салынбақ.
– Заң жобасы қоғамдық орындарда темекі тартқандар үшін жауапкершілікті күшейтеді, – деді парламент отырысында Мәжіліс депутаты Құралай Қаракен. – Басқа заңнамалар бойынша да әкімшілік шаралар енгізіледі.
Бір қызығы, мұндай тыйым салу шаралары тек біржақты жүзеге асырылуда. Темекіге қарсы күресушілер шылым шеккіштерге арналған орындарды жабдықтаудың міндетті техникалық талаптарын әзірлеуді, әрі ақырғы нәтижеге жауаптыларды көрсетуді ұмытып кетеді. Заң бар, айыппұл сомалары бекітілген, бұқаралық ақпарат құралдарының арқасында халық үш жыл бұрын қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынғанын біледі… Бірақ бұл темекіге қарсы күрестің бір бөлігі ғана – өзге жақтары ұмыт қалған.
Конституциялық кеңестің 2014 жылғы 20 маусымда жариялаған жолдауында былай делінген:
«Темекі шегуге тыйым салынған үш жылдың ішінде темекі тартатындар үшін арнайы бөлінетін орындардың техникалық талаптары бекітілген жоқ».
Қысқасы, темекі тартуға арналған орындардың қандай болуы керекті, қалай жабдықталуы қажеттігін ешкім білмейді.
– Заңды сақтайтын темекі шегушілердің темекіге қарсы заңдардың нормаларын орындауына жағдай жасалмаған, – деп санайды Парламент депутаты Айгүл Соловьева. – Ересек адамдардың темекі тартуына шектеу енгізу оңай, ал олардың темекіге деген тәуелділіктен құтылуына мүмкіндік беру – қиынырақ. Тыйым енгізудің алдында оның орындалуын кім қадағалайтынын ойластыру керек қой? Ең бастысы, адам өзін өзгелерден кем сезінбеуі үшін не істеуіміз керек? Темекі тартқыштар — темекіні тастағысы келетін адамдар, бірақ тастау бәрінің қолынан келмейді. Менің пікірімше, темекі тартуға тыйым салынған жерлерде темекі тартатындар үшін арнайы кабиналар болуы керек, содан кейін салауатты өмір салтына шақыратын үгіт-насихат керек, адам темекіні «жоғарыдан келген нұсқау» бойынша емес, өз қалауымен тастауы керек.
Парламент депутаттарының айтуынша, үш жылдың ішінде темекі тартуға арналған арнайы орындарды жабдықтау талаптарының ешбір нұсқасы әзірленбеген.
– Заңды қабылдадық дейік, бірақ заңмен бірге темекі тартуға арналған орындарды жабдықтау талаптарына қатысты заңдық актілер қабылдауымыз керек, – дейді Мәжіліс депутатыАзат Перуашев. – Қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салуды қолдай отырып, біз темекі тартатын орындар қалай ұйымдастырылуы керек деген сауалға жауап бермейміз. Ол жерде ауа сорғыш, немесе кондиционер, не өзге де техникалық жабдықтар болуы керек пе? Қазір мысалы, әуежайдағы темекі тартатын кабиналар тым кішкентай, ішіндегі түтіннің тығыздығы сонша, арасынан адам көрінбейді. Азаматтардың денсаулығын қорғаған түріміз осы ма? Темекі тартатын орындар қандай болуы керектігін ешкім білмейді. Мен мысалы, ондай орындар аквариум сияқты іші-сырты көрінетін терезеден жасалуы тиіс деп ойлаймын. Оның ішінде темекінің зияны туралы ақпарат беретін стендтер болуы мүмкін, бірақ оның барлығы айналып келгенде тиісті техникалық талаптарда нақты көрсетілуі тиіс, ал ондай талаптар жоқ.
Тағы бірі қызық жайт, аталған тақырып жайында халық қалаулыларының барлығы бірдей біле бермейді екен.
– Темекі тартатын орындарға қатысты ешқандай норма жоқ дегенді кім айтты? Мемлекеттік стандарт бар емес пе, – деп өре түрегелді Ұлттық тұтынушылар лигасыныңпрезиденті, Мәжіліс депутаты Светлана Романовская. – Техникалық реттеу комитетіне хабарласыңыздар, олар айтып береді…
Ал техникалық реттеу комитетіндегілер мұндай регламент туралы естімегенін, ондай регламент құруға жауап бермейтінін айтты. Сонда келетін қорытындымыз: темекі шегетіндерге қарсы бар тараптан қысым жасалуда, бірақ олардың құқығы жайында ешқандай әңгіме айтылмайды. Мұны кемсітушілік деуге бола ма екен?