Facebook-тегі кей жазбаларға қатысты дау-дамайлар біздің елімізде сотқа дейін жетіп жатыр. Естеріңізде болса, қаржыгер Жомарт Ертаев әлеуметтік желіде жеке басыма тіл тигізді деп Ермек Нарымбаевты айыптады. Теміртау қаласының тұрғыны Ксения Захарова Facebook-те жазылған жауап үшін қарағандылық қоғам қайраткері Валентина Махотинадансотта жауап беруін талап етті. Ол аздай, қазір, тіпті, полиция қызметкерлері де рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырушыларға қарсы іс қозғау үшін Facebook-тегі жазбаларды пайдаланады. Сонымен, ертең сізге соттан шақырту қағазы келіп тұрмас үшін әлеуметтік желілерді пайдаланғанда неден сақтану керек?
Біз адвокат Джохар Утебеков пен қоғам белсендісі Жанна Байтеловамен бірлесіп, заң алдында айыпты болудан сақтайтын бірнеше пайдалы кеңес әзірледік.
Көп жағдайда өткір тақырыптарды талқылау кезінде Facebook-тегі комментаторлардың көпшілігі байқаусызда жеке басқа тиісіп, артық кетіп жатады. Әсіресе, қызу пікірталас кезінде өз пікірін растай түсетін уәждер таусылған кезде. Мұның соңы немен аяқталуы мүмкін? Қазақстан заңы бойынша Тіл тигізу деген заң бұзушылық үшін түрмеге қамалып қалу ғажап емес. Бұл бап бойынша сот айыптыны 1 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Одан аман қалса – айыптыға 400 АЕК көлемінде айыппұл салынады, немесе ол 1 жылдық мерзімге дейін қоғамдық жұмыстарға жегіледі.
Егер сіз нақты емес, дәлелденбеген фактілерді жарияласаңыз – оны өзімнің жеке пікірім деп, немесе ойым, көзқарасым деп атап көрсетіңіз. Жала жапқаныңыз үшін, өзге біреудің ар-намысына тіл тигізетін, немесе абыройына нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқаныңыз үшін 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынуы, немесе 2 жылға дейін түрмеге қамалуыңыз мүмкін. Егер сіз қолыңызды ешқандай дәйек-дәлеліңіз болмай тұрып біреуді сыбайлас жемқорлықпен айналысты, немесе басқа да ауыр қылмыс жасады деп айыптасаңыз, 3 жылға дейін сотталуыңыз ғажап емес.
Соңғы кездері Алматыда кейбір қоғам белсенділері мен оппозиция өкілдері, қоғам қайраткерлері рұқсат етілмеген митингтерді жиі өткізуде. «Ар.Рух.Хақ» қорының президенті Бақытжан Төреғожина митинг өткізгені үшін бірнеше рет жауапқа тартылды. Митинг өткізгені үшін жауапқа тартуға оның Facebook желісінде жазған жазбалары пайдаланылды. Ол өз жазбаларында достарын бейбіт митингке шақырған. ҚР Әкімшілік заңбұзушылықтар кодексі мен ҚР Қылмыстық кодексінде рұқсат етілмеген митингке шақыру жазаланбайды, алайда іс жүзінде мұндай үндеулер үшін қоғамдық шара ұйымдастыру тәртібін бұзды деп Әкімшілік заңбұзушылықтар кодексінің 373 бабы, 1 тармағы бойынша жауапқа тартады. Жаза ретінде ескерту жасалуы, не 20 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Оны сот шешеді.
Белгілі бір ұлттың, діннің, нәсілдің, т.б. өзгелерден артықшылықтары, немесе кемшіліктері туралы жазбаңыз. Қылмыстық кодекстегі 164 бап „ұлтаралық араздық туғызу„ деген қылмыс бойынша жазалауды көздейді. Ең жеңіл жаза — 1000 АЕК көлеміндегі айыппұл, ең ауыр жаза — 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Қазақстандық үш банктің банкрот болғалы тұрғаны туралы өсек тарағаннан кейін Парламент Қылмыстық кодексті 242-1 «Жалған ақпарат тарату» бабымен толықтырды. Ол бапта өсек жайында нақты айтылған. Оның ішінде, қоғамдық тәртіпті бұзуға немесе азаматтар мен ұйымдардың, мемлекеттің заңмен қорғалатын заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін өсектер қылмыс деп танылатын болды. Қысқасы, қорғалатын нысандар өте көп. Егер жалған ақпарат Интернет арқылы таратылатын болса, қылмыскер 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар, сот тарапынан тым ауыр деп танылатын өзге де жайттар болған жағдайда, 10 жылға дейін түрмеге қамау көзделген. Сол себепті, бір ақпаратпен бөліскіңіз келсе, алдымен оның қай жерден шыққанын, оншалықты рас екенін тексеріп алыңыз. Егер де күмәнді болсаңыз, ол ақпаратты таратпаңыз.
Өзінің парақшасында порнографиялық мазмұндағы ақпарат жариялаған қолданушы 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін (гаджеті, компьютері, ұялы телефоны, планшеті немесе өзге де құралдары тәркіленеді), сондай-ақ 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін, немесе 2 жылға дейін қоғамдық жұмыстарға жегіледі.
Егер сіз Интернетте авторлық құқық иеленушінің рұқсатынсыз фильмдерді, музыканы, бейнебаяндарды (клиптер), кітаптар мен ойындарды жарияласаңыз, сізге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 129 бабы, 3 тармағы бойынша ескерту жасалады. Ал бұл әрекетіңізді екінші рет қайталасаңыз 15 тен 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады, әрі құқық бұзған құралыңыз – модем мен компьютеріңіз тәркіленеді.
Жоғарыда айтылған жеті кеңес – әлеуметтік желінің пайдаланушылары байқаусызда түсіп қалуы мүмкін қауіптерге қатысты ескертулер. Біз Конституциялық құрылымды өзгерту, лаңкестік (террористік) әрекет немесе өзге де қылмыстар, сондай-ақ экстремистік материалдар тарату сияқты қылмыстарды қарастырып отырған жоқпыз. Заңды сыйлайтын қазақстандықтар ондай қылмыстардан аулақ жүреді деп сенеміз.