— «KazSat-3» қыркүйектен бастап толық пайдаланылады. Бүгін Мәжілісте Қазақстанда ғарыш саласын құру тақырыбындағы Үкімет сағатында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай мәлімдеді, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттік төрағасының айтуынша, «KazSat» ұлттық спутниктік жүйесі қазақстандық спутниктік операторлар қызметін тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру және еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен бірге шетелдік ресурстарды жалға алу арқылы шетелдік операторларға қаржы ағынын шектей түсу үшін құрылған. «Бүгінгі күні «KazSat-2» штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Оның жүктемесі жалпы ауқымның 66 пайызын құрайды. 12 қазақстандық спутниктік байланыс операторына 3,5 миллиард теңгенің қызметі ұсынылуда», — деді Т. Мұсабаев.
Сонымен қатар, агенттік басшысы ағымдағы жылдың 28 сәуірінде Байқоңыр айлағынан «KazSat-3» ұлттық байланыс спутнигі ұшырылғанын айтып, оның белгіленген ғарыш нүктесіне өз уақытында шыққанын атап өтті. «Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «KazSat-3» спутнигін ұшырудың есептік сынақтары толық аяқталып, оны толығымен пайдалану жоспарланып отыр. «KazSat-3» спутнигін пайдалданудан күтілетін нәтижелерге келсек, жалпы «KazSat-2» мен «KazSat-3» спутниктері қазақстандық операторларды өзара резервтендіруді қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, жылына импорттық қызметтерді тұтыну төрт миллиард теңгеге төмендейді. Ақкөл қаласында және Алматы облысының Іле ауданында ғарыш аппараттарын жерден басқару қамтылады. Осылайша, «KazSat-3» спутнигін ұшыру арқылы Қазақстан байланыстың толыққанды жүйесін иеленетін болады. Яғни, Қазақстан ғарыштық байланыс секілді аса маңызды салада сыртқы көздерден тәуелсіздігін жүзеге асырып отыр деген сөз. Осылайша, біз еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі жүйесін толығымен қамтамасыз ететін боламыз», — деді Т. Мұсабаев.