Қарағандыда қызық басталды. 2014 жылғы маусымның 20-сы күні Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев өз еркімен отставкаға кетті. Әдетте, әкімдер, не министрлер жемқорлыққа қатысты үлкен жанжалдардан, немесе қарамағындағы қызметкерлер, не туған-туысқандары қамауға алынғаннан кейін отставкаға кетіп жатады. Бірақ бұл жолғы отставка қатардағы жағдайдан бөлектігімен өзіне назар аудартады.
Әкімнің сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-дамай басталмай жатып қызметінен кетуі – Қазақстан үшін ерекше жағдай. Оның үстіне, Әбдішевтің алдында өңірдің әкімі болған Нұрлан Нығматуллин мен Серік Ахметовтер – қызметі өсіп, Астанаға кетті, ал Әбдішев қызметсіз қалды. Енді оның одан арғы саяси карьерасы көптеген сұрақтар туандатуда.
Айта кетсек, Әбдішев өзінің саяси карьерасын 2010 жылдың қаңтар айында Қарағанды қаласының әкімі лауазымынан бастаған, бұл лауазымы үшін ол сол кездегі Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовке рахмет айтуы тиіс. 2013 жылдың қаңтар айында Серік Ахметов ендігі премьер-министр лауазымын атқара жүріп облыс активіне Бауыржан Әбдішевті Қарағанды облысының әкімі ретінде таныстырды. Егер бұрындары Әбдішев «сыбайлас жемқорлықты әлі ешкім жеңе алмаған» деген сыңайдағы сөздерді ауық-ауық айта алатын болса, енді С.Ахметов кеткеннен кейін ондай еркін мәлімдемелерге жол бере алмайды.
Әбдішев қарағандылықтар үшін несімен есте қалды? «Шахтер» футбол клубының шын берілген жанкүйері ретінде, облыс орталығындағы кәдімгі бордюрлерді гранит бордюрге ауыстырамын деп үлкен көлік кептелістерін тудырғанымен, жолдарды жөндегенімен есте қалды.
Әрине, түрлі саяси топтардың өзара күресі Қарағанды облысына өз әсерін тигізеді. Қарағандыда туып-өспеген, Қарағандыға «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» бөтен әкім Нұрмұхамбет Әбдібековтің келуі соның дәлелі болса керек. Енді алдағы уақытта түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлыққа қатысты үлкен дау-дамайлардың басталатыны күдік тудырмайды, өйткені 2013 жылдың қыркүйегінде «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес Қарағанды облысы бойынша жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу жұмыстарының қанағаттандырарлық емес екенін мойындаған болатын.
Бұған дейін біраз жылдар бойы қарағандылық саяси элитаның Қазақстандағы беделі өте жоғары болып келсе, енді Н.Әбдібековтің келуімен жағдай өзгеруі мүмкін. Өйткені жаңа әкім сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жаңа командасын құру үшін барынша пайдалануы мүмкін: қазіргі аудан мен қала әкімдеріне таңдау қиын беріледі: не өз еркімен жұмыстан кетеді, не сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін кетеді.
Ия, Нұрмұхамбет Әбдібековтің аймақ экономикасын қалпына келтіру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу үшін аянбай тер төгуіне тура келетіні сөзсіз. Онсыз өңірде жиі болып тұратын әлеуметтік кикілжіңдердің алдын алу қиын. Ал Қарағанды өңірінің кімді болсын таң қалдыра алатыны – жасырын емес. Оның дәлелі 2014 жылдың 21 маусымында болған жер сілкінісі. Қарағандыда жер сілкінеді дегенді ешкім күтпеген, бірақ ол да болды. Сондықтан, бәрі мүмкін!