Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің бас маманы Ерсін Тоқмұрзин пара алғаны үшін 9 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазТАГ.
«Қарағандының Қазыбек би атындағы ауданы сотының үкімімен маусымның 10-ы күні мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің бас маманы Ерсін Тоқмұрзин жемқорлық сипатындағы 22 қылмыс бойынша айыпты деп танылды. Ол 9 жылға сотталды, деп хабарлайды ақпарат агенттігі.
Осы үкіммен бірге, пара алғаны үшін (ҚР Қылмыстық кодексінің 311 бабы) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті бөлім бастығының міндетін атқарушы Лаура Болатбековаға да үкім шығарылды. Оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, жазаны өтеу 5 жылға кейінге шегерілді.
Бұрын хабарланғандай, Е.Токмурзин 2013 жылдың қазан айында 400 мың теңгеден астам сома көлемінде пара алып жатқан кезінде ұсталған болатын. Қаржы полициясының ақпараты бойынша, мемлекеттік қызметкер кәсіпкерден ЖШС-те жүргізілген тексеру бойынша оң шешім шығару және құрылыс лицензиясын беру үшін ақша талап еткен.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті қызметкеріне қарсы қылмыстық іс қозғалған, соттың рұқсатымен шенеунік қамауға алынған болатын. Тергеу барысында қаржы полицейлері облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінде жүйелі түрде жемқорлық көріністері орын алып отырғанын әшкереледі.