Қазақстандағы жетекші 50 кәсіпорын еліміздегі барлық энергетикалық ресурстардың 40 пайызын тұтынады. Бұл туралы бүгін, 12 маусымда ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау Астанада өтіп жатқан халықаралық тау-кен-металлургиялық конгресс барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
— Қазір Қазақстандағы жетекші 50 кәсіпорын, негізінен тау-кен-металлургия секторындағы кәсіпорындар еліміздегі барлық энергетикалық ресурстардың шамамен 40 пайызын тұтынады. Тіпті бір өзі ғана еліміздің энергетикалық ресурсының 5-6 пайызын тұтынатын бір кәсіпорын бар, – деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, сол кәсіпорындардың әрқайсысында қуат көздерін пайдалануды 30-40 пайызға дейін қысқартатын мүмкіндіктер бар.
— Егер сол 50 кәсіпорын электр қуатын тұтынуын 25 пайызға азайтса, бұл бірден энергетикалық ресурстарымыздың үнемделуін 10 пайызға арттырар еді, – деді А.Рау. – Сол себепті ел үкіметі осы саладағы заңдарды жетілдіру жөнінде шешім қабылдады. Түбегейлі өзгеріс жоқ, бірақ біртіндеп алға жылжып келеміз.