Қазақстанда эмбрион сатуға тыйым салынған. Бұл этикаға да, дінге де қарсы. Бірақ жыл сайын елімізде 100-ден астам донорлық эмбрион жатырға енгізіледі екен. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай заң бұзушылықтардың бар екенін біледі…, бірақ ештеңе өзгермей отыр. Өйткені бұл тиімді. Бұл — бизнес.
Нәрестеге зәру жұптар ЭКО-орталықтар арқылы эмбрион жасатып, көптен күтіп жүрген нәрестесін туып алғысы келеді. Бірақ олардың осы армандарынан ақша жасайтындар да жоқ емес. Коммерцияның мұндай түріне заң бойынша тыйым салынған, бірақ көркеюде. Дегенмен нақты деректер туралы айту күрделі. Бұл коммерциялық жобаның барлық қатысушылары өздерінің заңсыз ісін ешқашан мойындамайды. Өз ісін жасыру үшін Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығын пайдаланады. Неге десеңіз:
Эмбриондар неке жұбының жыныстық жасушаларынан жасалып, болашақ ананың (немесе суррогаттық ананың) жатырына салынады — оның бала тууды көптен күткен арманы орындалады. Осылайша бала көтере алмайтын жұптар балалыболады. Өз баласын табады. Бірақ… Оларға эмбриондардың тек бірлі-жарымы ғана салынады. Шын мәнінде, ондаған эмбрион жасалады – өздерінің биологиялық материалдарын тапсырған жұптар дәрігерлердің қалған эмбриондарды қандай мақсатта пайдаланатынын білмейді. Көп жағдайда ЭКО клиникаларының дәрігерлері кешегі «клиенттерден» қалған эмбриондарды коммерциялық мақсатта пайдаланады. Мысалы, басқа неке жұбына сатып, соларға енгізу үшін. Қарапайым бизнес.
Эмбрионды жасату мен оның криоконсервациясы шамамен 10 000 доллар тұрады. Бұл сомаға дәрігердің кеңесі, жыныстық жасушалардың жағдайына мониторинг жүргізу, сараптамалар, дәрі-дәрмек, эмбриондарды өсіру, жүктіліктің ерте мерзімінде гормондық қолдау көрсету және т.б. кіреді.
Мұндай клиникадағы дәрігерге бір барғаныңыз 8000 — 10000 теңге тұрады. Бірақ, тіпті бәрі дұрыс болған жағдайда сіз дәрігердің алдына кемінде 10 рет барасыз. Статистика бойынша, ЭО процедураларынан кейін жүктіліктің басталу мүмкіндігі тек 30 пайызды құрайды. Бұл дегеніміз, нәтиже күтетін пациенттердің көпшілігі орталыққа қайтадан келіп, тағы да ақша төлейді деген сөз.
Айтпақшы, бұл статистиканың өзіне де сенім жоқ. Статистиканың жоқтығы немесе оның шынайы еместігі үшін ешқандай ұйым жауап бермейді. Заңда ондай норма жоқ. Сол себепті, бұл сандар асыра көрсетілген деген пікір бар.
Ұрықты жатырға енгізу арқылы жасанды ұрықтандыру шамаммен 4000 доллар тұрады. Егер сіз бұл операцияны су жаңа әдіс (ИКСИ әдісі) арқылы жасатқыңыз келсе, екі есеге артық, яғни, 8 000 доллар төлейсіз. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы әдіс тиімдірек болады.
Бірақ егер тоңазытқышта сақталып тұрған бөтен адамдардың эмбриондарын пайдалансаңыз оның сомасы 2000–5000 долларға дейін арзандайды (қай жерде және қандай жағдайда жасататыңызға байланысты), әрі клиникаға қайта-қайта барудың қажеті азаяды. Болашақ баланы биологиялық ата-ана ғана емес, уақыт жұмсағысы келмейтін, немесе артық ақшасы жоқ бөтен адамдар да жатырына салып алуы мүмкін.
Ал дәрігерлер болашақ ата-аналарға генетикалық материалдың сапалы екенін, барлық жағынан сәйкес келетінін айтып сендіреді. Егер жұп бұған дейін бірнеше рет нәтижеге жете алмаса, мұндай ұсыныспен келісуі мүмкін.
ЭКО-ның бастапқы кезеңінде отбасылық жұп 6-8 эмбрионға жетерліктей жыныстық жасуша тапсыруы тиіс. Нәтижесінде әйелге тек екеуін ғана енгізеді. Қалғандарын клиникада қатырып қояды. Кейін кезекті жүктілік үшін пайдалануға болады. Сонымен қатар, эмбрионды сақтаудан бас тартуға болады (эмбрионның медициналық мекемеде өткізген әрбір күні үшін ақша төлейсіз). Мұндай жағдайда клиника қызметкерлері эмбриондарды жоюы тиіс. Бірақ дәрігерлер басқа жолдарды таңдайды: эмбриондарды сынақ-тәжірибеге береді немесе баласы жоқ отбасыларға донор ретінде ұсынады. Отбасылық жұп эмбриондарын тегін береді, ал клиника оны сатып ақша табады.
Эмбрион – әлі қалыптаспаған тіршілік иесі, бірақ дұрыс бапталған жағдайда — болашақ адам. Оған адам сияқты қарамасаңыз, ол адам емес. Ең бастысы: баласын сынақ-тәжірибеге кім бергісі келеді?
Эмбрион — ағзаның даму кезеңі. 5-6 апталық эмбрионның орталық жүйке жүйесі мен жұмыс істейтін жүрегі. 8-ші аптаның соңына қарай ішкі органдар қалыптасып, қол мен аяқтың белгілері қалыптаса бастайды. 9-шы аптада жыныстық белгілері байқалады: мұрын, ауыз бен көз қалыптасады. 12-ші аптаға қарай барлық ішкі органдар жұмыс істеуді бастап, жүрек қан айдай бастайды. Бұл кезде бала толық қалыптасып, жүктілік мерзімі аяқталғанша өсе береді.
Осыған байланысты эмбриондарға донор болуға Денсаулық сақтау кодексі тыйым салады. Бірақ ол тыйымға қарап тұрған ешкім жоқ.Айта кетсек, Адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық конвенция адам эмбриондарын зерттеу мақсатында жасауға тыйым салады. Бірақ бір ғана ескеретін тұсын айтады: егер де елдің заңдары мұндай әрекеттерге рұқсат берсе, онда ол заңдар эмбриондардың тиісті дәрежеде қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс. Қазақстанның Денсаулық сақтау кодексінде жоғарыда айтылғандардың бірі де жоқ. Сонда біздің дәрігерлер эмбриондарды «тәжірибелік жұмыстар үшін тапсыруды» ұсына отырып, Қазақстанның заңына ғана емес, халықаралық құқықтарға да қарама-қайшы әрекет ететінін байқауға болады.
2009 жылы шенеуніктер репродукцияны қадағалайтын Заңның күшін жойды. Ал «Денсаулық сақтау туралы» кодексте ЭКО-технологияларды қадағалайтын бір бапты ғана қалдырды. Бірақ медициналық мекемелер заң бойынша қалай әрекет ету қажеттігін түсіну үшін Денсаулық сақтау министрлігі өзінің Бұйрығын шығарды. Бұл Бұйрық медициналық мекемелердің жұмысын реттеу тиіс еді, алайда ең қызығы сол — дәл осы құжат заңға сәйкес емес. Сәйкес емес түгілі, заңға қайшы. Донорлық пен эмбриондар жайында «Қосымша репродукциялық әдістер мен технологияларды жүргізу ережелерін бекіту туралы» №627 Бұйрықтың және «Донорлықпен айналысу және жыныстық жасушаларды сақтау ережелерін бекіту туралы» №624 Бұйрықтың нормаларында айтылады. Бірақ іс жүзінде донорлық пен эмбрион деген түсініктерге Денсаулық кодексінде тыйым салынған. Тіпті анонимдік донорлыққа да тыйым салынған. Алайда аталмыш Бұйрық неке жұптарына өз туысқандарының және (заң тілінде оғаш естілетін) «таныс әйелдердің» қызметін пайдалануға рұқсат берді.
Бір қызығы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері 2011 жылы-ақ мұның заңсыз екенін мойындаған. Оны тіпті жазбаша растаған. Мекеме өз бұйрықтарына өзгерістер енгізіп, донорлық ету мен эмбриондарға, анонимді ұрықтарға тыйым салатынын айтқан. Бірақ елімізде эмбриондардың ақша үшін «құрбандыққа шалынуы» әлі жалғасып келеді, адамдар әлі де Интернет арқылы аналық жасушалар донорлары мен жаңағыдай «таныс әйелдерді» іздестіруде.
Мұндай ұсыныстардың мысалдары мынадай.
Қазір хабарландырулар жарияланған барлық сайттардан ұрық сататындарды/сатып алғысы келетіндерді оңай таба аласыз. Мұндай сауда-саттықтың құны шамаммен 1500 — 2000 доллардың маңайында. Аналық жасуша донорларына қойылатын талаптар қарапайым: әйелдің психикалық және фенотиптік ауытқушылықтары, артық салмағы болмауы керек, бұрын дүниеге бала әкелген болуы тиіс. Болашақ ата-аналар көбіне болашақ донорды оның түр-әлпеті мен оның бұрын дүниеге әкелген баласының түр-әлпетіне қарап таңдайды.
Мұндай қызметке сұраныс тым жоғары – біз соңғы төрт айдың ішінде ғана қазақстандық сайттардан жүзден астам ұсыныс таптық. Ендеше, Денсаулық сақтау министрлігі жыныс жасушаларының саудасын неге заңды түрде реттемейді?
Кодексте статистика мен бақылау жүргізу үшін донорлардың ортақ банкін құру және донордыңөмірінде 20 реттен артық өз жасушаларын тапсыруына тыйым салу жазылған. Айтпақшы, 20 реттен артық жасуша тапсыруына тыйым салуды кім ойлап тапқаны ба белгісіз. Мысал үшін, Швейцария, Америка және бүкіл Еуропада адамдар өз материалын тек бір клиникаға
және тек 8 рет тапсыра алады.
Кеселі бар жасушаның қолданысқа түсіп кетпеуі үшін жасушалар мен ұрықтарды сақтайтын сапалы зертханалар қажет. Біздің елімізде қан, ішкі органдар донорларының банкі құрылған. Сондай банкті жыныстық жасушалар үшін де неге құрмасқа!?
Бүгінде донорларды тек бір клиникамен ғана жұмыс істеп, сол қарым-қатынастарын ресми түрде рәсімдеуге міндеттеу қажеттігі туындап отыр. Бұл болашақ ата-аналарды сот үрдістері, өгей ағайындар мен әпке-сіңлілердің болуы, «жаңа» ата-ананың пайда болуы сияқты көптеген қиындықтардан құтқарады.
Мәселе неде?! Бұл клиникалардың өздері үшін тиімсіз. Өйткені қазір ЭКО дегеніміз — қолма-қол үлкен ақша, әрі оны мемлекеттен жасыру оңай. Ал мемлекет Кодекске қарсы келетін осындай кереғар бұйрықтардың дүниеге келуіне жол беріп отыр. Клиникалар үшін бұл ақшаны ашық бухгалтерияға шығарудың қажеті жоқ, әрине. Олар үшін тым тиімсіз. Иә, бизнестің мұндай түрі этикаға сай емес, тәуекелі жоғары, бірақ бизнестің аты — бизнес емес пе!