Биыл Астананың Индустриялық паркінде 5 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 800 жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарланды.
2014 жылы іске қосылатын жаңа кәсіпорындар ішінде «Шина-логистикалық кешені және шинаны қалпына келтіру өндірісі» жобасының 1-ші кезеңі; компьютерлік бағдарламамен қамтамасыз етілген тігін құрал-жабдықтарын құрастыруға және тоқыма өнімдерін шығаруға арналған жоба — «KazTexExpo» автоматтандырылған сауда-өндірістік кешені бар. Бұдан басқа, металл құрылым мен «сэндвич-панель» өндірісі бойынша зауыт, заманауи өнеркәсіптік металл өңдеу және дәнекерлеу жабдықтарын пайдалану арқылы металл құрылым өндірісі ашылады. Сонымен қатар, дизельді қозғалтқыш өндірісі бойынша зауыт іске қосылады. Аталған жоба бойынша Evolution (GEVO) үлгісіндегі дизельді қозғалтқыштар шығарылады. Сондай-ақ, қосалқы бөлшектерді дайындау мен қозғалтқыштарға техникалық қызмет көсету жұмыстары қамтылады.
Айта кетейік, жалпы Индустриялық паркте жүзеге асырылатын жобаларды өндірістік іске қосу 2017 жылы аяқталады.
Еске сала кетсек, Индустриялық парк — Астананың жаңа өнеркәсіптік аймағы. Паркте өнеркәсіптік нысандарды тез салу мен оларды одан әрі пайдалануға беру үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Жалпы 598 га аумақта орналасқан парк қазіргі заманғы инфрақұрылыммен жабдықталған.