Бас прокуратура бизнеске негізсіз кедергілерді шектейтін бірқатар заңнамалық нормалар әзірлемек. Бүгін кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кеңес барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко осылай мәлімдеді, — деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
— Бұл бизнесті тексеруге қатысты алғаш рет жүзеге асып отырған мораторий емес, сондықтан да, біз мол мораторийдан кейінгі жағдайды да ойлануымыз керек. Соның аясында Бас прокуратура бизнеске кедергілерді жою мақсатында бірқатар ұсыныстар әзірледі. Атап айтқанда, Үкіметке тексеру жүргізуге қатысты ережелерде өрескел бұзушылықтарды сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудырушы заң бұзушылықтар қатарына жатқызуды ұсынады. Бұл ұсыныс Президент Әкімшілігі тарапынан да қолдау тапты. Сондықтан да, мұндай норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсартуға арналған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасына еніп отыр, — дейді Бас прокурордың орынбасары А.Кравченко.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы 2014 жылдың қыркүйек айында Парламент қарауына енгізіледі деп жоспарланған. Сонымен қатар, аталмыш заң жобасында кәсіпкерлер тарапынан олардың құқығы мен заңды мүдделері тікелей бұзылмаған тұлғалардан түскен өтініш бойынша тексеру тағайындау мүмкіндігін жою шаралары да қарастырылмақ. Бұл норма негізінен бір-біріне бәсекелес кәсіпкерлер арасында қасақана тексеру ұйымдастыру секілді кейбір оқиғаларды болдырмау мақсатында ұсынылады. Бұл ретте Бас прокуратура кей жағдайда мемлекеттік органдардың өздері де тексерулер үшін жалған өтініштер жасауға дейін баратынын жоққа шығармайды.