Біріккен Араб Әмірліктерінің орталық аймақтарында белгісіз вирустан түйелердің жаппай қырылуы орын алды, деп жазады «ҚазАқпарат» «Эмарат Әл Юм» жергілікті басылымына сілтеме жасап.
Шаруалар соның салдарынан қомақты шығынға батып жатқанын айтып дабыл қағуда. Олардың мәліметтері бойынша, жергілікті нарықта түйенің бағасы 200 мың дирхамға (54 мың АҚШ доллары) бағаланады.
БАӘ орталық аймақтар бойынша Ұлттық кеңесінің мүшесі Музапах Бел Аджид Әл Кетби бірнеше аптаның ішінде 200-ден астам түйенің қырылып қалғанын растады. Соған байланысты Әмірліктің Қоршаған орта мен су ресурстары министрлігіне ресми сауал жолданды.
Вирустың белгілері безгекке ұқсас. Оған шалдыққан түйелер жем-шөптен, судан бас тартатын көрінеді. Содан кейін диарея басталып, малдар 3-4 күннен аспай арам өледі.