Алаяқтар жол үстінде өздерінің арбауына түскендерден ондаған мың долларға дейін «сындырып» алады. Олар өздерінің «ойынын» жылдам жүзеге асырады, ал мұндай алдаудың режиссерлік деңгейі кейде күрделі спектакльдерге пара пар. Осындай қойылымдардың құрбанына айналмас үшін олардың қулық-сұмдықтарын егжей-тегжей білген жөн.
Алаяқтар арбауының технологиясын түсіну үшін шынайы өмірде болған бір-екі оқиғаны талдайық. Алматылық полицейлер 40 автоарбау жасағандары дәлелденген Өзбекстан мен Ресейдің бірнеше азаматын құрықтады. Тәртіп сақшылары осы қылмыскерлер өздерінің әрекеттерін, әсіресе, жәбірленушілерге қысым көрсетуді, классикалық тұрғыда жүзеге асырған дейді.
— Әдетте, алаяқтар қымбат джипті жалға алады, содан кейін қала көшелерін аралап, өздеріне лайықты құрбан іздейді, – дейді әңгімесін сабақтаған ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Самутдин Абдыхаимов. – Жәбірленушілерді машинаның құнына қарап таңдайды. Седандар мен ортаңқол джиптер оларды қызықтырмайды. Алаяқтардың басты қағидасы «Джентльмены удачи» деп аталатын кеңес кезеңіндегі комедияда айтылған «Сыпайылық – ұрының басты қаруы», деген қарапайым шындық.
Жүргізушілер арасында дау басталып, өрши бастағанда «жүргізушінің» сыбайласы автомобильден білдіртпей шығып, егеуге арналған құмқағазымен екі машинада өтірік қақтығыстың ізін қалдырып, қайтадан машинаға отырады. Одан кейінгі оның рөлі, тіпті, күрделі. Машинадан шыққан байсалды киінген сабаз енді сыбайласының қасына келіп, әңгімеге араласады.
— Өзін мемлекетте ерекше күзетілетін, күштік құрылымдағы арнайы бөлімшенің полковнигі ретінде таныстырып, тиісті куәлігін көрсеткен жалған полковник өзінің жүргізушісін абайсыздығы үшін «айыптай» бастайды, – дейді арбау әдісін аша бастаған Самутдин Абдыхаимов. – Содан кейін одан жүксалғыштағы қымбат құралды тексеруді талап етеді. Әлбетте, басы салбырап оралған жүргізуші құралдың бұзылып қалғанын айтып, енді не істейтінімді білмеймін дейді. Атап айтарлығы, күтпеген жерде осындай «пәлеге» тап болып, есеңгіреп қалған құрбандар, тіпті, жүксалғышта ондай құралдың бар-жоғын да тексермейді. Ал шын мәнінде, жүксалғыш бос болады.
Одан кейін автоарбаушылар бұдан да құйтырқы әрекетке барады. Жалған полковник өзінің арбауына іліккен адамнан сақтандыру полисінің бар-жоғын сұрап, сақтандыру комиссарына телефон шалуын өтінеді. Алайда сақтандыру компаниясы жол оқиғасы орын алған жерге жол полициясы қызметкелерінің шақырылғанын сұрайды. Мұндай жауаптан кейін алаяқтар өздерінің маңыздылығына сілтеме жасап, жол полициясының кезекші бөліміне өздері хабарласады.
— Әлбетте, олар ешқандай полицияға телефон шалмайды, алаяқтарға өздерінің сыбайласы жауап береді, – дейді әңгімесін жалғастырған Самутдин Абдыхаимов. – «Жәбірленушінің» кейіпін киіп, сыбайласымен әңгімелесіп тұрған алаяқ бір кезде аяқ астынан телефон тұтқасын арбауға ұшыраған адамға береді. Еш нәрсені түсінбеген адамға тұтқаның ар жағындағы алаяқ бірден дүрсе қоя беріп: «Сенің есің дұрыс па?! Бұл ілеспе күзет емес пе! Олар маңызды адамдар!», деп айқайлайды. Сөз соңында, «жол полициясының кезекшісі» шақырулардың өте көп екенін, экипаждың жақын арада бара алмайтындығын хабалап, орын алған жағдайды өздерінің реттеуін табанды түрде талап етеді.
Осы кезде алаяқтардың шырмауына мықтап ілінген жәбірленушілер жол полициясы көмек бере алмайды деп ойлап, аяқасты тап болған пәледен құтылудың басқа жолдарын іздей бастайды. Әрине, жаңа «достарының» арқасында оларды табады.
— Жалған полковник енді жалған генералға хабарласып, орын алған жағдайды баяндайды және жол апаты салдарынан бұзылып қалған жабдықтың құнын Интернет арқылы жіберуді өтінеді. Сөзі сенімді болу үшін қылмыскер планшетнигін шығарып, online режимінде келіп жатқан цифрларды көрсетеді. Шыққан сома аз болмайды. Әдетте, 20 мың доллар шамасында болады, – дейді Самутдин Абдыхаимов.
Жәбірленушілердің дәулетті адамдар болатынына қарамастан, ақылға сыймайтын ірі сома олардың да зәресін алады. Дегенмен тұйықтан шығатын жол табылады. Алаяқтардың бірі қайтадан өзінің «генералына» хабарласып, жәбірленушінің жақсы азамат екенін айтып, оған қол үшін беруді өтінеді. Әңгіме арасында: «Бәлкім, жабдықты орнатқан ресейлік маманға хабарласып көрерсіз, мүмкін, ол жөндей алатын шығар?», деп қолқа салады. Әлбетте, ойдан шығарылған маман келіседі. Бірер минуттан кейін алаяқтардың қармағына ілінген құрбанға мәселе планшетте көрсетілген соманың жартысына шешілетінін хабарлайды. Аяқ астынан жасалған мұндай орасан жеңілдік, әлбетте, нәтижесін береді.
Полицейлердің сөзіне қарағанда, автоарбаушыларды әшкерелеп, қуалап жіберу үшін бірнеше қарапайым қағидаларды білген жөн. Біріншіден, күдігіңізді тудырған жағдай болса, ұялы телефоныңызды алып, автомобильдердің ұрылған жерлерін, номерлерін, оларды мінген адамдардың бет-әлпетін ашықтан-ашық суретке, бейнекамераға түсіре бастаңыз. Көп ретте осыдан кейін-ақ қаскүнемдер автомашинасына мініп, тайып тұруға мәжбүр болады.
Екіншіден, өзіңіз кешіктірмей полиция шақырыңыз. Достарыңызға, сақтандыру компаниясына телефон шалыңыз. Атап айтарлығы, дауысыңызды қатты шығарып сөйлеңіз, алаяқтар жақын арада полиция патрулінің келетінін білсін. Үшіншіден, асықпаңыз. Қаскүнемдер мәселені полицияны, сақтандыру агентін шақырмай-ақ тез арада шешу үшін сізге психологиялық қысым көрсетіп, қорқытуға тырысады. Төртіншіден, сізді қорқыта бастаса, машинадан шықпай, есік-терезелеріңізді жауып алыңыз да «112» нөмірін теріп, операторға өзіңіз тап болған жайды асықпай түсіндіріңіз.