Алдағы уақытта Астанада «Astana bike» атты ерекше жоба жүзеге асырылады. Бұл жобаның көмегімен алдымен астаналық тұрғындар, одан кейін барша қазақстандықтар автокөліктің орнына көліктің экологиялық таза түрі — велосипедке міну мүмкіндігін алады. Осы жобаны жүзеге асыру бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ, Астана қаласының әкімдігі және ҚР Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттігі өзара меморандумға қол қойды, деп хабарлады «Самұрық-Қазына» АҚ ұлттық холдингінің баспасөз қызметі.
Жобаны үш кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланып отыр екен.
Бірінші кезеңде қажетті бағдарламалық құралдар мәселесін шешіп, 200 велосипед сатып алу және Астананың сол жағалауының орталық бөлігінде 40 парковка ашу көзделген. Сонымен қатар, сату технологиясы әзірленіп, тұтынушылардың дерек қоры құрыла бастайды.
Жобаның келесі кезеңде велотұрақтардың аумағын арттырып, олардың санын 100-ге жеткізуді және велопарк көлемін 1000 велосипедке дейін арттыру жоспарланған. Велосипед саны көп болған сайын астаналық тұрғындарды велосипед тебу арқылы салауатты өмір салтын ұстануға көптеп тартуға жол ашылады делінуде.
Жобаның үшінші кезеңі ЕХРО – 2017 аумағында жүзеге асырылады.
— Пилоттық жоба биыл жүзеге асырыла бастайды. Біз Астана күні мерекесінде жобаның тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Велосипедтерді жалға беру орны сол жағалаудың орталық бөлігінде жұмыс істейді. 2015 жылы біз сол жағалау мен оң жағалауды толық қамтимыз, — деді «СҚ-Астана» корпоративтік қорының директоры Ерлан Дәрімов. — Алғашқы жарты сағаттың ішінде прокат тегін болады. Жалға алу қызметін пайдалану үшін бар болғаны «Astana bike» кеңсесінде тіркеліп, карточка алу қажет. Картаның құны 1 мың теңге болады. Жалға алудың алғашқы тегін жарты сағаттан кейінгі 1 сағаты — 100 теңге, одан кейінгі екі сағаты — 500 теңге тұрады. Велосипед жалдау қызметін төрт рет пайдаланғаннан кейін әрбір сағаты 1 мың теңге тұратын болады, — деді қызметтің құны жайында ақпаратпен бөліскен Ерлан Дәрімов.
Бұл жоба «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады.