Астана күн сайын өсіп келеді, қалада судың шығыны да артып отыр. Жаңа су арнасын салу үшін 3,3 млрд доллар қажет болады.
Ертістен Есілге дейін канал салудың экономикалық жағынан қажеттігі қанша екенін техника ғылымдарының докторы Анатолий Рябцев айтып берді.
Техника ғылымдарының докторы Анатолий Рябцев: Астанада су тапшылығы барған сайын үдей түседі
– Менің ойымша, 2020 жылға қарай Астанада су тапшылығы туындайды, әрі ол тапшылық барған сайын үдей түседі, дейді маман. — Есеп-қисаптар бойынша, егер су арнасын салмасақ, 2040 жылға қарай Астана мен оның маңайындағы елдімекендерде халықтың сумен қамтылу көрсеткіші адам басына жылына 0,84 мың текше метрге дейін төмендейді. Бұл шекті межеден екі есеге төмен көрсеткіш.
Маманның пікірінше, бұл жобаны техникалық жағынан жүзеге асырудың үш жолы бар: «Солтүстік канал», «Орталық канал» және «Оңтүстік канал». Алайда «Солтүстік канал» құрылысын жүзеге асыру мүмкін емес, ол үшін 5 мың адам тұратын 7 елдімекенді көшіру керек. Сондай-ақ, тасқын болған жағдайда ол автокөлік жолдарын, электр желілері мен өзге де нысандарды шайып кетуі мүмін.
Сонда мәселені шешудің екі жолы қалады. Бірі — Шідерті су қоймасынан Ертіс өзеніне дейін баратын ұзындығы 353,7 шақырымдық канал. Оның 130 шақырымы таулы-тасты жерлерден өтеді. Сондай-ақ, канал трассасы бойынша София және Ақжар су қоймаларын салу көзделеді. Бұл жоба «Орталық канал» деп аталады.
Екіншісі — Есілдің сол жағасы бойымен өтетін, темірбетонмен қапталатын «Оңтүстік канал».
Алайда ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров «Орталық каналды» қолдап отыр, ал Астана қаласының әкімдігі «Оңтүстік канал» құрылысын оңтайлы деп санайды.