Ертең, яғни, маусымның 17-сінде сағат 17.00-де Елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында «Ер қорғаған ер Жәнібек» атты халықаралық айтыс басталады. Батыр бабаға арналған айтулы жыр додасын көрнекті ақын, айтыс тізгінін 30 жыл ұстаған Жүрсін Ерман жүргізеді.
Кезінде ерлігімен есімі қазақ дадасына кеңіне тараған Ер Жәнібек Абылайханның оң тізесінен орын алған таңдаулы бес сарбаздың бірі болған. Ол қазақтың әйгілі батырлары Қабанбай, Райымбек, Бөгенбаймен бірлікте жоңғар шапқыншыларына қарсы күресте елі мен жері үшін ерен ерлік көрсеткен тарихи тұлға. Десекте, осындай мәртебеге ие болған батыр бабамыз туралы деректер өте аз.
«Ер Жәнібек» халықаралық қайырымдылық қорының прзеиденті Мақсұт Темірбаевтың айтуынша, оның себебі Ер Жәнібек бабамыздың шекараның арғы бетінде қалып қоюы көрінеді.
«Оны (Жәнібекті — 365info.kz) шеттегі бауырларымыз пір тұтады, өте жақсы қадірлейді. Ал бізге ол туралы деректер там-тұмдап жетті, шекарадан көп дүниелерді бері асырмады. Көп деректер шаңға көміліп, мұрағаттарда қалды. Біздің бәріміздің санамызды коммунистік идеология тұмшалап алған. Қазақтың тарихи жадын құртуды мақсат еткен коммунистер әуелі тарихымыздың өзін 1917 жылдан бері бастығысы келді емес пе?», — дейді Мақсұт Темірбаев «Түркістан» халықаралық гезетіне берге сұқбатында.
Жыр додасын ұйымдастырушылардың айтуынша, олардың мақсаты Ер Жәнібектің ерлігін дәріптеп, оның тарихтағы алар орнын айқындау, осы арқылы жастарды патриоттыққа, елін, жерін сүюге тәрбиелеу.
Айтысқа белгілі жыр тарландары Ринат Зайытов, Айбек Қалиев және Қарлығаш Әубәкірова бастаған 14 ақын қатыспақ. Айтысты «Нұр Отан» партиясы, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр.