Алматы әкімдігінің қала орталығын өркениетті елдердегідей ақылы тұрақтармен жайландыру жөніндегі жоспары жүзеге аспады. Билік бұл туралы осыдан екі жыл бұрын уәде берген еді. Бірақ бүгінде орнатылған 9 паркоматтың жартысы жұмыс істемейді.
Алматы әкімдігі 2012 жылғы шілдеде қала орталығында тротуарлық тұрпаттағы ақылы тұрақтар ұйымдастыру бойынша тендер өткізген болатын. Қатаң іріктеу нәтижесінде байқауға түскен үш үміткерден екі компания таңдап алынды. Олар – «Орта Жер» ЖШС-і мен «Алатау Лизинг» ЖШС-і. Тендер жеңімпаздары 42 жер теліміне (155 телімнен) ие болып, оларды ретке келтіруге, яғни, көлік тұратын орындарды сызып, тұрақты бейнебақылау камераларымен және ақы қабылдайтын аппараттарымен жабдықтауы тиіс еді. Енді міне, екі жылға жуық уақыт өтсе де, жақсы бастаманың еш нәтиже бермегені анықталды. Біз жұмыс істеп тұрған паркоматты іздеп, төрт жаңа тұрақта болып қайттық: олардың үшеуі жұмысын тоқтатып үлгіріпті.
Тендер жеңімпаздарының бірі – «Алатау Лизинг» ЖШС-нің бүгінгі халі мүшкіл. Басшы ауысқан: Төребек АЛТЫБАЕВ өз өкілеттігін Дәурен ҚАСЫМОВҚА тапсырыпты. Компанияның жаңа басшысы телефон арқылы хабарласқан бізге ақылы тұрақтың неліктен жұмыс істемей тұрғанын түсіндірді:
— Әзірше жабдықтарымыз салық тізіліміне енгізілген жоқ. Енгізіп жатқандарына ендігі жарты жыл болды, сондықтан мен ештеңе айта алмаймын…
Тоқ етерін айтқанда, бұл фирма бір де бір тұрақты жайландырған жоқ. «Алатау Лизингтің» әкімдік алдындағы өзінің міндеттемелерін қашан орындайтыны, тіпті, оны орындауға ниеті бар ма, жоқ па, белгісіз. Өйткені, қала ортасындағы жер телімдері үш жылға ғана жалға берілген. Ал уақыт өтіп барады. Тендер өткізілген күннен бері екі жылға жуық уақыт өтіп кетті.
Екінші фирма – «Орта Жер» ЖШС-і, басқа әдісті таңдады: жабдықты шетелден сатып алмай, отандық өндірушілер – «Дидар Шат» және «CreonX» ЖШС-теріне жүгінді. Алғашқысы паркоматтар өндірсе, екіншісі оларға бағдарламалық қамтамасыз етуді дайындайды. Осы «триумвират» қызметінің нәтижесінде Алматыда 9 паркомат пайда болыпты. Алайда, жеме-жемге келгенде олардың экономикалық тиімділігі біркелкі болмай шықты:
– Күніне орташа есеппен, 40-тан 60 мың теңгеге дейін түседі. Бірақ бұл тұрақ қызметкерлерінің еңбекақысын ғана ақтайды. Біздің жүргізушілер бір күнде тұраққа 800 – 1000 теңге төлеуге дайын емес, – дейді «CreonX» компаниясының жетекшісі Александр ЧУЛКОВ.
Әрине, күніне 9 паркоматтан түсетін 40-60 мың теңгенің соншалықты үлкен табыс емес екенін амалсыз мойындайсың. Оған қарағанда, жол жиегінде сары жилет киген тұрақшылары жүретін “Алматы тұрақтың” жұмысы әлдеқайда табысты:
– Қазір «Алматы тұрақта» жұмыс істейтін барлық тұрақшылар ақыны қолма-қол қабылдап, 3-4 мың теңгені құрайтын күнделікті жоспарды орындайды. Бұл соманы олар өткізеді, артылғанын өздеріне қалдырады, – дейді жағдайды түсіндірген Александр Чулков. – Ал «өркениетті» тұрақтарда көлік қоюшы ақыны әр сағатқа, кем дегенде, 100 теңге көлемінде, тұрақшыға емес аппаратқа төлеуге міндетті. Мұндай тұрақтардағы тұрақшының міндеті – көлікті орналастыруға, шығаруға көмектесу, жабдықты пайдалануға үйрету, көліктің нөмірін суретке түсіру және тұрақ уақытын тіркеу. Мұнда қолма-қол ақша жүрмейді, есесіне қызметкерлер штатта тұрады, еңбек демалысын және еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша еңбекақы алуға құқылы, оларға зейнетақылық төлемдер аударылады және күнделікті түскі тамақ жеткізіледі…
Өкінішке қарай, екі жылға жуық уақыт өтсе де, осындай әдемі жоспарланған жүйе толыққанды іске қосылмады.
– Ақылы тұрақтар аша отырып, біз бюджет толықтыруды ғана емес, қалада тәртіп орнатуды мақсат етіп отырмыз, – деген 2013 жылғы қарашада Алматы қаласының әкімі Ахметжан ЕСІМОВ. Жаңа тұрпаттағы тұрақтардың толыққанды іске қосылмағанын ескерсек, билік осы екі мақсатының біреуіне де қол жеткізген жоқ.
Десек те, сарапшылар мұндай «сәтсіз тәжірибенің» Қазақстанға қажет екенін алға тартады:
– Америка мен Еуропа мұндай жағдайды осыдан 30-20 жыл бұрын бастарынан өткерді – ендігі кезек бізге келді, – дейді Тәуелсіз автомобилистер одағының төрағасы, Эдуард ЭДОКОВ. – Ақылы тұрақтар – айналып өте алмайтын бәле… Сағатына 100 теңге әлемдегі 30 озық мемлекеттің қатарына ұмтылған ел үшін мардымсыз ақы. Атап айтарлығы, бұл жерде ерекше жаңалық табу мүмкін емес – әлемдік тәжірибе экологиялық мәселелерді шешіп, қала көшелеріндегі ахуалды реттеу үшін кешенді шаралар қолдану қажеттігін көрсетіп отыр.
Тұрақтарды пайдалану ережелері соншалықты қиын емес, бірақ.. Олардың қымбат тұрақтардың танымалдығын арттыруға қауқары жоқ.
[gallery ids=»1022,1021,815″]