Алматыда өзінің меншігіндегі жеке автомашинамен екіқабат әйел мен оның үш жасар ұлын қағып кеткен Ұйғыр ауданы бойынша салық басқармасының басшысы Бақыт Құрмашев жұмыстан шығарылды. Бұл жөнінде ҚР Қаржы министрлігінің ресми сайты хабарлады.
«Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі салық комитеті төрағасының бұйрығымен Құрмашев Бақыт Нұрманұлы Алматы облысы Ұйғыр ауданы бойынша салық басқармасының басшысы лауазымынан босатылды», – делінген сайтта жарияланған хабарламада.
Бақыт Құрмашев ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Естеріңізге салсақ, екіқабаттылықтың тоғызынша айында жүрген әйел мен оның үш жасар баласын 20-маусымда Жансүгіров және Жұмабаев көшелерінің қиылысында Lexus автомобилі қағып кеткен еді. Анықтау басқармасының мәліметтері бойынша, автомобиль жүргізушісі масаң күйде болған. Оны айтпағанда, ол қансырап жатқан зардап шегушілерді апат орнында қалдырып, оқиға орнынан кетіп қалған.