Алматы облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті (ТЖД) кезекші бөліміне Ақкөл ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 9 шақырым жерде «BELL 206» тікұшағы апатқа ұшырап, Іле өзініне қонды, деген ақпарат келіп түскен.
Алматы облысы ТЖД-сының Баспасөз қызметі хабарлағандай, «Казаэронавигация»диспетчерінен алынған мәліметке сәйкес, жеке тікұшақ «АЭРОПАРК АТИКА» ЖШС-ның «ДЖЕПСОН» демалыс аймағына тиесілі екен.
Балқаш ауданының прокуроры Серікқали Құшәлиевтің айтуынша, «BELL 206» маркалы тікұшақ (борт номері BL 008), алдын ала алынған мәліметтерге қарағанда, апаттық қону кезінде бір жағына құлаған. Ол серуендік ұшуға шыққан көрінеді.
Зардап шеккендерді тікұшақтан әуе кемесінің шұғыл қонуы кезінде Іле өзенінің жағалауында болған орманшы Берік Арыстанбаев шығарып, жағаға жеткізген.
Түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған пилот пен жолаушы Балқаш ауданының Бақанас ауылындағы ауруханаға жеткізіліп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген.
Қазіргі таңда апаттың себептері анықталуда.