Қарағандылық кәсіпкер облыстық Сот актілерін орындау бойынша департаменттің үкімдерді орындау және мүліктерді мемлекет пайдасына аудару бойынша бөлім бастығының 2,8 млн теңге көлемінде пара талап еткені туралы Қаржы полициясына хабарлауға мәжбүр болған.
Шенеунік қаржыны Қытай Халық Республикасынан контрабандалық жолмен жеткізіліп, мемлекет меншігіне өткен халық тұтынатын тауарларды аукцион түріндегі саудаға қатыстыру және жеңу мақсатында сұраған.
Саудаға қатыстыру үшін лауазымды тұлға кәсіпкерден әуелі 300 мың теңге көлемінде пара қағып алғаны анықталды. Тауарлар саудасындағы 1-ші лотта жеңіске жеткеннен кейін, басшы тағы 1,5 млн теңге көлемдегі ақшаны қалтасына басқан.
Қалған саудаларға қатысу үшін мемлекеттік қызметкер кәсіпкерден тағы 1,3 млн теңге талап етіп, аталған жарнасыз саудаға қатыса алмайтынын ескерткен.
— Осы факті бойынша лауазымды қызметкерге қатысты ҚР ҚК 24-бабы, 3-311 бөлігі, 4-бөлігі, «а, б, в» тармақтары бойынша, пара беруге итермелеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, — дейді Қарағанды облысы Қаржы полициясы департаментінің баспасөз қызметінің маманы Гүлжан Сүлейменова.
Қылмыстық іс тергелуде.