Украина Үкіметін 14 ай басқарған Арсений Яценюк өз еркімен қызметінен кетті. Аталған уақытта экс премьер-министр жұрт есінде қандай жұмыстарымен қалды? Ал оның орнына келген 38 жастағы Владимир Гройсман Украинаны экономикалық дағдарыстан шығару үшін не істемек?
Шыны керек, Арсений Яценюк Үкіметті ең қиын шақта басқарды. Сондықтан оның атқарған ісі қаншалықты көп болса да, атқарылмай қалғаны одан да көп.
– Арсений Яценюк біраз реформаларды жүзеге асыруға қол жеткізді, — дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали. — Алайда, ол Украинаны жайлаған жемқорлықты жойып, инфляцияны ауыздықтай алмады. Экономикалық құлдырау күннен күнге өршіп, дағдарыс дендеп барады, өндірістік кәсіпорындар тұралап тұр. Халықты ревалюцияға итермелемеу үшін Яценюк өз еркімен үкімет басқарудан бас тартты.
Осыған орай, экс-премьер-министрдің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, ол Украинаны Ресейдің газына тәуелділіктен құтқарды. Сондай-ақ, Яценюк АҚШ пен Еуропа елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, Ресейге қарсы экономикалық санкция енгізуге біраз күш салды, – дейді саясаттанушы.
Әзімбай Ғали Арсений Яценюктің ізбасары оның кем-кетіктерін түзеп, батысшыл саясат ұстанатынын айтады.
Ал Гройсман болса,
өзі басқаратын министрлер кабинеті коррупцияға «мүлдем төзбейді» деп мәлімдеді.
Сондай-ақ, оның кадр мәселесіндегі келіспеушіліктерге байланысты премьерліктен бір емес, бірнеше рет бас тартқанын атап өткен жөн.
– Шын мәнінде, Украина шынайы демокаратиялық мемлекетке айналды, — деген сенімде Әзімбай Ғали. — Бұған Гройсманның бір емес, бірнеше рет премьердің портфелінен бас тартуы дәлел бола алады — бұл оның тілегі емес, саяси талабы болатын.
Менің ойымша, Гройсман алдағы уақытта жанға бататын радикалдық реформа жасамақ. Егер Яценюк Камикадзе-1 болса, Гройсман – Камикадзе-2 болмақ.
Алайда, соған қарамастан, жақын уақытта Украинаның экономикасы жақсара қоймайды. Бірақ елде сәтті реформа жүзеге асады. Дегенмен ол реформаның жемісін Гройсман емес, оны премьер лауазымында ауыстыратын ізбасары көретін болады, — сөзін қорытындылаған Әзімбай Ғали.