Ресейге қарсы салынған санкциялар дегеніне жетті. Мұнай бағаларының құлдырауы мұнай-газ кешеніндегі барлық ресейлік компаниялардың өздерінің негізгі жобаларына толық инвестиция құя алмауына және жүзеге асыруды кейінге қалдыруына әкеліп соғуда. Ресейлік мұнай саласының даму бағдары жоқ, ал ел билігі экономиканы дамытудың шикізаттық емес жолын ұсына алмай отыр.
Ресей экономикасына инвестицияларды толық мөлшерде құя алмау — мұнай бағаларының құлдырауы мен батыс санкциялары заңды салдарлары сыңайлы.
Алайда
инвестициялық белсенділіктің нашарлауы ең алдымен Ресей экономикасының құрылымдық дағдарысына байланысты, ал мұнай және санкция факторлары тек орын алған қиындықтарды ушықтыра түсті
Мәселен, егер 2013 жылдың қорытындылары бойынша Ресстат 0,2 пайыздық инвестициялық құлдырауды тіркесе, 2014 жылы инвестициялар 2,7 пайызға, ал 2015 жылы 8,4 пайызға қысқарған. Инвестициялық жүдеу ел экономикасының ағымдағы динамикасын нашарлатып қана қоймай, сонымен қатар, бюджетті құрастыратын мұнай саласының болашағын да бұлыңғыр етеді.
2015 жылдың қорытындылары бойынша, тек геологиялық барлауды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру 20 пайызға ( 28 млрд рубльге дейін) қысқарған, ал ұлттық компаниялардың осы мақсаттағы шығындары 12 пайызға (325 млрд рубльге дейін) қысқарған. Атап айтқанда, өзінің инвестициялық бағдарламасын ЛУКОЙЛ қысқартқан: егер өткен жылы ол 12,5 млрд долларды құраса, ағымдағы жылы ол 8,5 млрд доллар көлемінде бекітілген. Атап айтарлығы, мұнай барелінің орташа жылдық бағасы 30 доллар болған жағдайда инвестиция көлемі тағы 1,5 млрд долларға қысқаратын болады. ЛУКОЙЛ-дың халықаралық жобалардағы қаржылық міндетемелерін ескеретін болсақ, ресейлік кеніштердегі қаржыландыру қысқаратын болады.
Тағы бір ірі компания – «Роснефть» – 2015 жылы өзінің инвестицияларын 750-800 млрд рубльге дейін жеткізуді жоспарлаған еді. Алайда алдын-ала алынған мәліметтер бойынша, инвестициялық бағдарлама белгіленген межеге жетпей, 650 млрд рубль деңгейінде бекітілген. Қазірдің өзінде ағымдағы жылдың жазына белгіленген Карск теңізіндегі екінші скважинаны, яғни ұңғыманы бұрғылаудың кем дегенде 2018 жылға ауыстырылғаны белгілі болса, Русский кенішінің іске қосылуы 2017 жылдан 2019 жылға ысырылды.
Қаржылай қиындықтарға тап болған «Газпром нефть» те бірқатар жобаларды жүзеге асыруды кейінге қалдырды. Олардың ішінде, Чон тобының кеніштері іске қосу, Долгинск қайраңды кенішін іске қосуға дайындау бар. Нәтижесінде, өткен жылдарда құйылған инвестициялар жағдайды біршама жұмсартса да,
2017 жылдың өзінде Ресейдегі мұнай өндіру 10 млн тоннадан кем емес мөлшерге дейін қысқаруы мүмкін
Солай десек те, биыл «Транснефть» жүйесі бойынша 2016 жылға мұнай тасымалдау бойынша жасалған тапсырысқа сәйкес, ресейлік компаниялар экспортқа тек 215,8 млн тонна мұнай шығармақ, бұл 2015 жылдағыға қарағанда, 6,4 пайызға кем, ол кезде экспорт 7 пайызға өскен болатын. Энергетика министрі Александр Новактың Ресейдің мұнай өндіруді қысқартуға ниетті емес екендігін бірнеше дүркін мәлімдегеніне қарамастан, экспортқа шығаруға жоспарланған мұнай көлемінің төмендеуі, компаниялардың қара алтынды өндіруді қалайда қысқартатынын меңзеп отыр. Оны түсінуге болады.
Өйткені елде мұнай өндіруді, ең болмаса, неғұрлым жоғары деңгейде тұрақтандыратын игеруге жеңіл және арзан қорлар қалмаған.
Көптеген жылдар бойы игеріліп жатқан негізгі кеніштер елеулі түрде түгесілген.
Қазіргі таңда Ресей билігі таңдау алдында тұр: не федералдық бюджетті толықтыру мақсатында мұнайшылардан қосымша салықтарды сыпырады, не мұнай өндіру көлемінің құлдырауына әкеліп соғатын салаға толық инвестиция құя алмау қауіпін мойындап, аталмыш салаға капитал тартуды ынталандыратын жаңа тетіктерді құруды ойластырады.
Шамасы, таңдау жасалып қойған сыңайлы, атап айтарлығы, ол бірінші нұсқаның пайдасына шешілген. Десек те, салық құрсауын босаңсытып, мұнай-газ бизнесінің шамадан тыс салық ауыртпалығы түскен секторларға (қайраңдар, игерілуі қиын кеніштер және т.б.) қарайласу қарастылыпты. Алайда осындай жеңілдіктердің өзі тек сала ішіндегі қазыналық ауыртпалықтарды «мұнай-газ табыстарының сомасы азаймауға тиіс» деген ұстанымға сәйкес қайта бөлу ғана.
Конъюктуралық мақсаттарды шешу үшін ойын тәртібін өзгерте отырып,
билік бір кезде мұнай қамтамасыз еткен ел экономикасын дамытудың шикізатқа тәуелді емес, басқа жолын ұсына алмай отыр
Бірақ қазір мұнай саласы да өзінің дамуы үшін нақты бағдарларға ие бола алмауда.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков