Биыл Байқоңыр ғарыш айлағынан 18 зымыран ұшыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Марат Демеуов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Байқоңырдан ұшырылуы тиіс 18 зымыранның 12-сі «Протон» зымыраны екен. Демек, бұл зымырандар отын ретінде гептилді пайдаланады. Дәл осы мәселеге сенаторлар алаңдап отыр. Сондықтан да, депутаттар «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыран ұшыру кезінде апат орын алған жағдайда бірлесе әрекет етудің тәртібі туралы ҚР Үкіметі мен РФ үкіметі арасындағы 1999 жылғы келісімшартқа өзгерістер енгізу жөніндегі Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
Бұдан қаншалықты нәтиже шығатынын алдағы уақытта білетін боламыз. Өйткені, Байқоңыр ғарыш айлағына құлаған «Протон» зымыраны үшін Ресей тарапы Қазақ еліне өтемақы төлеуден бас тартып отыр
«Қазаэроғарыш» комитеті төгілген 600 тонна улы гептилдің экологияға тигізген зиянын дәлелдей алмады.
Естеріңізде болса, 2013 жылдың шілдесінде Байқоңыр ғарыш айлағыннан ұшырылған «Протон» зымыраны жарылып, 600 тонна гептил жерге төгілген болатын. Осыған орай, Ресей тарапы Қазақ еліне 13 млрд теңге өтемақы төлейтін болып міндеттелді. Әйтсе де Кремль қоршаған ортаға келтірген зияны үшін өтемақы төлеуден бас тартып отыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер вице-министрі Владимир Божко мәлімдеді. Оның айтуынша, зымыран құлаған кезде, гептил ауада жанып кеткен көрінеді. Сондықтан ресейліктер тарапынан ол гептилдің экологияға аса зияны болған жоқ деген пікір айтылуда.
Ресейдің өтемақы төлеуден бас тартуы – қазақ шенеуніктерінің осалдығы ма әлде Ресей өктемдігінің салдары ма? Бұл сұрақты біз белгілі қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғалиға жолдаған едік.
– Ресейдің өтемақы төлеуден бас тартуы ең алдымен қазақ шенеуніктерінің осалдығын танытты. Сондай-ақ бұл арада Ресейдің өктемдігі, озбырлығы туралы да айтпай кетуге тағы болмайды. Дегенмен Ресейден өтемақы өндіріп алудың басқа да жолдары бар емес пе?
Мәселен, Ресейдің Қазақ елінде бірнеше мемлекеттік меншігі бар. Міне, сол мемлекеттік меншіктен Қазақ елі өзіне тиесілі қаржыны алып отыруы керек. Бұл тәжірибені Еуропа елдері жиі қолданады. Банктегі Ресейдің мемлекеттік пакеттерін сот арқылы тартып алып, сатуға болады. Әйтсе де, ең алдымен сот шешімімен мемлекеттік пакетті тұтқындаған жөн. Сонан кейін аталған меншікті өздеріне қайта сатып жіберуге де болады, – дейді Әзімбай Ғали.
Саясаттанушы Ресей Қазақ еліне ғана емес барлық мемлекеттерге өтемақы төлемей, қиғылық салатынын айтады.
Себебі Ресей халықаралық құқықты ұлттық құқықтан төмен қояды.
Сондықтан оған таңқалудың қажеті жоқ деп есептейді саясаттанушы.