Сириялық босқындар легін Еуропадан Орталық Азия мен Қазақстанға бұру жеткілікті мөлшердегі өміршең идея — денсаулық министрінің орынбасары Нұрымбетов бұған заңнамалық негіздің бар екенін хабарлады. Бірақ сарапшылар пікірі бір жерден шығып отыр — босқындарға Азияның қажеті жоқ, олар соғыстан емес, Еуропаға қашып жатыр.
«Орталық Азияда халық саны аз елдер – Түркіменстан, Тәжікстан, Монғолия және т.б. Ол жақтағы халық тығыздығы Еуропадағыдан жүз есе төмен, – дейді лорд Десаи. – Мен БҰҰ-ның осы мемлекеттермен бірлесіп, мигранттардың басым бөлігін осы елдерде орналастыруға бұрғанын қалаймын. Бұл мұсылман елдері, олардың діні бір».
«Лорд Десаидің ұсынысы оның адамдарды жіберуге ниет білдірген елдерге қатысты білімінің таң қаларлық өресіздігін көрсетеді, — дейді лордқа сол сәтте жауап берген eurasianet.org. Мәселен, лорд Десаи атаған Монғолияда ел халқының басым бөлігі пұтқа табынады. Оның үстіне,
бұл елдердің ешқайсысы иммигранттарды қабылдауға жеткілікті экономикалық әлеуетке ие емес.
Тіпті аймақтағы ең өркендеуші мемлекет – Қазақстан – елеулі экономикалық қиындықтарды басынан өткеруде».
Солай десек те, Қазақстан қажет болса, сириялық босқындарды қабылдауға дайын екендігін мәлімдеді. Бұл турасында республиканың денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Біржан Нұрымбетов айтты.
«2011 жылы Қазақстанда «Босқындар туралы» заң қабылданды, онда босқындардың, бас сауға іздеген адамдардың мәртебесі туралы мәселелер реттелген және БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі тұрақты өкілдігі жұмыс істейді», — деп атап өтті ол. «Жаппай лек туралы мәселеге келетін болсақ, халықаралық құқықта қарастырылған барлық ережелер бойынша,
егер аяқ астынан қажеттілік туындаса, Қазақстан босқындардың белгілі мөлшерін қабылдайды
және оларды орналастыру бойынша тиісті шаралар қолданылатын болады», — деп атап өтті министрдің орынбасары.
Сонымен қатар, Нұрымбетов жағдайдың осы арнада дамуын мүмкін деп есептемейді. «Мен Қазақстанға босқындардың көптеп келуі мүмкін емес деп ойлаймын», — деді ол.
Мұндай қадамға (қажеттілік туындаған жағдайда) аймақтың басқа елдері бара ма және мұндай қадамның қажеттілігі бар ма?
Ресейлік саяси шолушы Андрей Захватов лорд Десаидің ұсынысына соншалықты мән берудің қажеті жоқ деп есептейді, — деп хабарлайды Sputnik.
«Біріншіден, Тәжікстан сияқты Орталық Азиядағы посткеңестік елдерде халық өсімінің жоғары деңгейі сақталуда — жылына 2 пайыздан астам. Ал бұл дегеніңіз елдегі жалпы халық саны 8,3 миллион адам болғанда Тәжікстаннның еңбек нарығын жыл сайын, кем дегенде, 170 мың кәмелетке толған азаматтар толықтырады деген сөз. Міне, солардың барлығын медициналық қызметпен қамтамасыз етіп, оқытып, жұмысқа орналастыру қажет», — дейді жағдайды саралаған сарапшы. Бірақ барлығына бірдей жұмыс орындары жетіспейді. Міне, сондықтан Захватовтың сөзі бойынша, жыл сайын 1 миллионға жуық адам Ресейге және басқа елдерге табыс табуға жұмысқа аттанады.
Бұдан тыс, сарапшының айтуынша, Орталық Азия елдерінде орташа табыс деңгейі төмен, соның салдарынан бұл елдер барынан айырылып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған көп адамды қабылдай алмайды. Захватовтың пікірінше, мұндай ұсыныс енгізуден бұрын, бір мигрантты орналастыруға қанша ақша кететінін есептеу қажет. «Ондай нормативтер бар.
Егер ол цифрларды миллиондаған босқындарға көбейтсек, мұндай ұсыныс айтуға зауқың соқпайды,
өйткені олар күлкіңді келтіретін болады», — деген сенімде сарапшы.
Сириялық босқындарды қабылдауға Орталық Азия елдерінің мүмкіндігі жоқ деген уәжбен тәжік қаржыгері Садриддин Амиров та келіседі. Оның айтуынша, Тәжікстанда Еуропа мен АҚШ-қа тән экономикалық мүмкіндіктерге ие емес, сондықтан мұндай атақ шығаруға бағытталған мәлімдемелердің байсалды экономикалық негіздемелері жоқ.
Тәжік экономисті Азиз Назаров Лорд Десаидің ұсынысы — жаңалық емес екенін атап өтті. Осы сынды ұсыныстарды көптеген еуропалық саясаткерлер айтқан болатын. Көп ретте олар Катар, Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн сынды Таяу Шығыстағы ауқатты елдерді мысалға келтірген, теориялық тұрғыдан олар, әлбетте, сириялықтарға бас сауға бола алады, деп еске алады Назаров.
«Менің ойымша, мәдени, дін және діл тұрғысынан олар сириялықтарға Тәжікстан мен Өзбекстанға қарағанда, неғұрлым жақын», — деп есептейді экономист. Бұл аз болса, босқындардың өздері, Назаровтың пікірі бойынша, Орталық Азия елдерінде тұрғысы келмейді.
«Мигранттардың негізгі бөлігі — бейбіт әрі ауқатты Еуропада тұрғысы келетін көзі қарақты, көкірегі ояу жастар,
онда заң баршаға бірдей, онда әркімнің ең төменгі әлеуметтік кепілдемесі бар», — деген сенімде Назаров.
Сарапшының айтуынша, босқындар Батыс және Солтүстік Еуропа елдерін нысанаға алып отыр: Еуроодақ қабылдағанша, олар сол елдерде қалып, тұрғылықты тұруға, жұмыс істеуге ұмтылатын болады. Назаров сөзі бойынша, көп нәрсе ЕО-ның босқындарға деген көзқарасының бірыңғай стратегиясына байланысты. Тек саясатты қатайтқан жағдайда мигранттарға басқа баратын жер іздеуге тура келеді.
Осы орайда, белгілі қырғыз саясаттанушысы Марс Сариев британдық лордтың ұсынысы — барып тұрған арандатушылық деген сенімде. Оның пікірінше,
мұндау арандату, ең алдымен, посткеңестік Орталық Азия республикаларындағы қоғамдық пікірді бағдарлап-байқау үшін қажет.
«Соңғы 200 жылдағы саяси апаттардың негізгі режиссерлері британдықтар, сондықтан мұндай арандатуға байыппен қарап, сақ болған жөн», — деп ескертеді Сариев. — Жыл басынан бері Еуропа елдеріне 500 мыңға жуық мигрант барды және олардың саныкүн санап арта түсуде. Бүгінгі көші-қон дағдарысы әлемде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен дағдарыс ретінде танылып отыр. Міне, осы дағдарысқа бізді де тартпақшы».
Орысшадан аударған Қайрат Матреков