ҰБТ елімізде шынымен ұлттық масштабтағы оқиғаға айналды. Онда ненің — қуаныштың ба, әлде үрейдің бе — көбірек екенін бірден түсінбейсің. Өздері межелеген белестен (айтпақшы, оны түлектердің өзі, ал көп ретте олардың ата-аналары белгілеген) өткендер қуанып, шаттанып жатса, басқаларының алдында көптеген нұсқалар тұр: күйзеліс, күрделі психикалық жабырқаушылықтардан, опық жегізетін суицидке дейін. ҰБТ деген не? Қазақстанның Тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институтының президенті, балалар психологы Маргарита Өскембаевмен сұқбат.
— ҰБТ кезінде біздің мектептер әскери алаңға айналады — біз жедел ақпаратар оқимыз: ҰБТ-да анықталмаған мобильдік құрал алынды; мектеп бітіруші қыз бала өзіне өзі қол жұмсады және т.б. Неліктен біз ҰБТ-ны үреймен күтеміз? Ол неге мектеп бітіру мерекесіне емес, азапқа айналды.
— ҰБТ уақыты келісімен ұлттық драма басталады. Ол процессті ұйымдастырудағы ерекшеліктерге байланысты. Десек те, оның өткізіліп жатқанына 10 жыл болды. Біз, қоғам ретінде, оны өткізу жағдайы, балалардың тестке дайындық кезіндегі және оны тапсыру барысындағы ахуалы туралы әңгіме қозғаудан шаршамайтын болдық. Ата-аналардың наразылықтары, балалардың құқығын бұзатын көптеген аспектілер туралы айтамыз.
— Сіз тінтулерді меңзеп отырсыз ба?
— Тінтулерді де айтамын.
— Қасыңызда ҰҚК-ның және полицияның өкілдері жүргенде өзіңді бейне бір әскери лагерьдегідей сезінесің.
— Қорытынды бағаның әдеттегі емтиханын әскери әрекеттер театрына айналдырып жіберді.
— Балалар құқығы бұзылуының мағынасы неде?
— Мәселе шиеленіс тудыруда. Жағымсыз психологиялық орта әсерінен психологиялық күйзеліс туындайды. Қыз балаларды жол беруге болмайтын әдіспен тінтиді. Осының барлығы бейне камераларға түсіріліп, телеарналар арқылы көрсетіледі. Бұл біздің балаларға сенімсіздік танытатынымызды көрсетеді. Оларға әлеуетті қылмыскерге қарағандай қарайды. ҰБТ-ға дайындық кезінде оқу процессі жайына қалады.
— Қайдағы оқу процессі! Мен де бір кезде еңбек жолымды мұғалім ретінде бастағам. Ол кезде емтихандар болатын. Ал қазір ешқандай оқу жоспарлары жоқ. Жалаң дайындық пен құрғақ жаттау. Не бір жүйе, не бір терең білім көріп отырған жоқпыз.
— Білімді сандық бағалау орын алған. Бірақ мазмұнды білім және қисынды ойлау жоқ.
— Қисынды ойлауды қисынды сұрақтарға кіргізгілері келеді.
— Кіргізіп те қойды. Пән бойынша 25 сұрақтың біреуі — қисын бойынша сұрақ. Бірақ бұл жерде келесі мәселе бар: егер оқу процессі барысында қисынды ойлау дамытылмаса, қисынды сипаттағы сұрақтар ұсынылмаса, онда тестке қисынды сұрақтар қосуға құқықтары жоқ. Бұл да құқық бұзушылыққа жатады. Үйретпеген нәрсені талап етуге болмайды. Тағы бір мәселе. Математикадағы қисынды есептердің қандай болатыны түсінікті, ал гуманитарлық пәндер бойынша қисынды сұрақтар қандай болады? Ол қаншалықты мүмкін? Біздің ойымызша, байсалды зерттеулер жүргізілген жоқ, сондай-ақ әдістемеде де түсініксіз сұрақтар жеткілікті. Тестілік тапсырмаларды құрылымдаудың нақты әдістемесі бар емес пе. Біз педагогикалық және психологиялық тапсырмалардың айырмашылығын білеміз. Яғни, тест тапсырмалары әдістемелік тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылмаған. Тапсырмалар кез келген көзден алынады — интернеттен, танымал басылымдардан, энциклопедиялардан. Дұрысы, бір базалық оқулықтың болғаны жөн. Бізде барлығы табыс табуға бағдарланған. Қазір тестілік тапсырмалар жиынтығы 350 теңге тұрады. Балалар оны жыл сайын сатып алады. Бірақ осы жиынтықтардағы сұрақтардың тест тапсырмаларына енуі шарт емес. Осы жиынтықтарды Білім министрлігінің бақылауымен жариялайтын кез келді.
— Мен сіздердің институттарыңыздың зерттеулер жүргізгенін білемін. ҰБТ-ға дейінгі және одан кейінгі IQ-ді өлшедіңіздер. Нәтижесі қандай болды?
— Біз зерттеуді 2012 жылы өткізген болатынбыз. Бұл классикалық процедура Амтхауэра тесті деп аталады. Бұл интеллект құрылымын зерттеуге арналған тест. Біз тестіні ақпан және мамыр айларында өткіздік. Атап айтарлығы, бізде сынақ және бақылау топтары болды. Балалар түрлі мектептерден болды. Біз алғашқы зерттеу кезінде интеллектуалдық дамудың жоғары деңгейі болады деп ойлаған жоқпыз. Ол әдеттегі мектеп. Мен білімді элиталандыруды қолдамаймын. Бала әдеттегі мектепте де сапалы білім ала алады деп есептеймін. Біз балаларды зерттеп қана қойған жоқпыз, сондай-ақ оларды дамытудың арнайы бағдарламасын ұсындық. Балалардың ҰБТ-ға дайындығы туралы айттық. Ол эмоциалық және интеллектуалдық дайындықтардан тұрады. Сынақ тобымен психологтер жұмыс істеді — олар аптасына бір рет олармен ойлау қабілетін, назарды, еске сақтауды және қиялдау қабілетін дамыту бойынша сабақтар өткізді. Балалар ҰБТ-ға дайындалып жатты. Репетиторлар тұрақты дайындық жүргізді. Сабақ кестесі сақталудан қалды. Мамыр айында біз қайтадан зерттеу жүргіздік, нәтижесі — масқара. Көрсеткіш бұрынғының жартысынан төмен болды.
— Күнделікті құрғақ жаттау мен „ҰБТ„ жазуы бар төбеден төнген жұдырық…
— Яғни, жағымсыз эмоциялық ая олардың интеллектуалдық дамуына кері әсер етеді.
— Ата-аналар мен оқушылар тарапынан наразылықтар көп. Бірақ біз оқушылардың пікірін есепке алып отырған жоқпыз. Ал олар да еліміздің азаматтары емес пе, оның үстіне ел болашағы солардың қолында. Ал көпшіліктің пікірін біреу тыңдай ма? Талапты қайтадан қатайтады деп жатыр.
— Біз «Білімді дамыту үшін» қоғамдық қорын құрдық. Соның шеңберінде білім министрлігі мен әкімдерге жүгіндік. Сіз білесіз бе, әкімдер рейтингісіне ҰБТ тапсырудың табыстылығы енгізілген. Біз тест рейтингке кірмеу керек деп есептейміз.
— Балалар — бөлек, әкімдер — бөлек.
— Біз детоцентризм принципін ұстанамыз – бірінші кезекте балалар мүддесі. Ересектерге, әкімдер мен министрлікке жалтақтамаймыз. Қалай десек те, көпшілікті естіді. Кеше маған үкіметтен өзгерістер туралы хат келді. Алдымен мен шпаргалка қолданған балаларды тестілеуден шығарып жіберу тым қатал деп есептеген едім.
— Сонда олар оқуға түсу құқығынан мүлдем айырыла ма?
— Бірақ кейін ойландым, егер балалар мен ата-аналар бұл турасында білетін болса, онда бұл прогрессивтік шара болмай ма, өйткені балалардың мүмкіндіктері бірдей болады. Әйтпесе, ҰБТ-ға кірген кезде кейбір мектептер артықшылықтарға ие болған оқиғалар да орын алған болатын. Оларға көмек көрсетіліп, олар тестіні жақсы тапсыру мүмкіндігіне ие болған. Бұдан бөлек, біз ҰБТ нәтижесі негізгі болмау керек дегенді айтқан едік. Енді бұрнағы жылдардағы оқу үлгірімі ескеріліп, аттестатқа орташа баға қойылатын болды.
— Биыл ма?
— Иә. Осындай жаңалық енгізіліп отыр.
— Әйтеуір қол жеткіздік пе?!
— Біз ҰБТ — жүйкені тоздыратын процесс екенін білеміз ғой. Сондықтан бала сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Ондай оқиғалар өте көп. Барлық жылдарда үздік оқыған оқушы тестіні мүмкіндігінен төмен өткізуі мүмкін.
— Балалардың сасқалақтап қалуы ықтимал. Барлығы бірдей Чингачгук емес қой.
— Әлбетте. Барлық пәнге 3,5 сағат беріледі. Біз назарды нақты ғылымнан гуманитарлық салаларға ауыстырудың ерекшеліктерін айтып отырмыз. Түрлі бақылаушылар ұйымдастырған шиеленіске төтеп беру үшін мықты психикаға ие болу қажет.
— Сізге, балалар психологы ретінде, баланы ҰБТ-ға писхологиялық қалай дайындау керек деген деген сұрақпен жиі жүгінетін шығар, сабақ оқитын орын, тамақтану мәселелері дегендей. Мен емтиханға дайындалғанда жүзім шырынын ішетінмін. Ол миға жақсы әсер етеді.
— Біз кеңестер беру мақсатында мектептерге барып тұрамыз. Кеңес қарапайым — тамақ тойымды, құнарлы болуы керек. Әдетте, грек жаңғағын жеуді ұсынамыз.
— Шоколад.
— Калориясы мол, бірақ үйлестірілген тағам болғаны абзал. Баланың ұйқысы қанық болу керек. Түнгі ұйқы үзіліссіз 8 сағат болу керек. Уақытымен ұйқыға жатқан жөн. Ақыл-ой еңбегін дене жұмысымен алмастырып отырған маңызды. 2 сағат сабақ оқыған соң серуендеген дұрыс. Тағы бір маңызды дүние — баланы мейіріммен қоршау. Ол өзінің ата-ана үшін маңызы ерекше екенін сезініп отыру керек. Бұл оған ҰБТ-ға дайындық кезінде өзін-өзі лайықты бағалауға, еркін ұстауға мүмкіндік береді.
— Өмірде де.
— Тағы бір ескеретін дүние, ҰБТ тапсырған соң өмір аяқталмайды. Тіпті, сәтсіздікке тап болсаң да сен адамгершілік қасиеттеріңнен айырылмайсың, сенің біліміңді ешкім тартып ала алмайды, ол сенің жеке байлығың, тек соны дұрыс пайдалана білу керек. Сонда өмірде табысты болып, барлығына қол жеткізесің.
— Бұл ең басты тілек.
— Біз ҰБТ-дан құлаған балаларға оны қайтадан тапсыру үшін арнайы пункттер құруды ұсынған едік.
— Құлақ асты ма?
— Әзірге бізді естіген ешкім жоқ.
— Жарайды! Бүгін біз ҰБТ-дағы жаңалықтар туралы білдік. Бұл үлкен ілгерілеушілік. Бірақ барлығы ойдағыдай боолу үшін бұл әлі жеткіліксіз.
Аударған Қайрат Матреков