Адамның киімі — оның ойының көрінісі ісепетті. Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова қазақтарға өз тарихын қайтару үшін ұлттық киімге оралу қажет деген сенімде.
Айжан ұзақ жылдар бойы халық қолөнерін жандандыру жолында еңбек етіп келеді, бұл жұмыстың жемісі де жоқ емес, бірақ ол нәтижелер оның көңіліне қонбай отыр.
— Қазақстанда әлі қолөнер бар ма?
— Осыдан 5-7 жыл бұрын, біз кәсіпшілікті жандандыру жөніндегі бағдарламаны бастағанда қолөнердің басым бөлігі ұмыт болды деп айтуға болатын. Дегенмен ақылды, осы мәселеге бей-жай қарай алмайтындар табылды — олар біздің тұрақты серіктесіміз «Еуразия» қоры, ЮНЕСКО, Shevron компаниясы. Олар қолөнерді жандандыру қажеттігін түсінді. Сол кезде барлық қолөнердің 80 пайызы жоғалған болатын.
— Олар қандай өнерлер?
— Ең алдымен көшпелілердің әдісімен жасалатын киіз бұйымдар, зергерлік өнер, тері өңдеу, ағаш ою туралы айтуға болады. Бұлар негізгі бағыттар. Бүгін соншалықты үлкен сұранысқа ие емес басқа қолөнер түрлерін айтуға болады. Егер мұражайға барсаңыз, ондағы экспонаттардың барлығы ата-бабаларымыздң қолымен жасалған.
— Қолөнерлер неге жоғала бастады? Оған кім кінәлі?
— Кеңес өкіметі кезінде белгілі қағидалардың болмауы салдарынан жоғала бастады. Мәселен, қазақ даласына театр келді. Ою-өрнектерді үлкейтіп, оны неғұрлым тартымды ету қажеттігі туындады. Ұлттық киімдерден көптеген шағын детальдар алып тасталынды.
— Ұлттық киім сәнге айналып, танымал болмады. Сондықтан оны күнделікті тұрмыста қолданбайды.
— Бұл да үлкен кемшілік болды. Шотландтықтар өздерінің ұлттық киімін әлі күнге дейін мақтан тұтады. Немістер мерекеге ұлттық киім киеді. Жарты әлем өздерінің салт-дәстүрімен мақтанады. Ал біз шапанымызды мерейтой себепкеріне сыйлау кезінде еске аламыз. Атап айтарлығы, жақсысын да сыйламайды ғой. «Бүкіл елді шапандандыру» деген ұғым бар. Бірақ артынан барлығы ұялғандарынан сандыққа тығып тастайды.
— Неден ұялады?
— Шындап келсек, қазақ киімінің тамаша дәстүрлері бар, оларды көрсету, насихаттау қажет. Интернеттен Ұлттық киім күнін өткізу жөніндегі бастама туралы оқыдым. Мен оны қолдаймын. Ол күнді өткізіп қана қоймай, ұлттық мереке деңгейіне көтеру қажет.
— Біздің редакцияда ондай күн болды.
— Тамаша. Мені қызықтыратыны, сіздер қандай киім кидіңіздер және оларды қайдан алдыңыздар? Қараңыздаршы, көшеде не болып жатқанын. Дін жолына түскен бойжеткендеріміз қайдан пайда болғаны белгісіз киімдер киіп алған. Неліктен ұлттық киім кимейді? Егер шашын жауып жүргісі келсе, көптеген ұлттық бас киімдер бар емес пе?! Оларды белгісіз киіммен алмастырудың не қажеті бар? Әр киімнің өз мағынасы, нышаны болады. Бір жерден бір киімді жұлып алып, оның өз мәдениетіңе қатысы бар деп ойлауға болмайды. Бұл дизайнерлер жұмысындағы кемшілік салдары деп ойлаймын. Біздің моншақты кесте өнерінен айырылып қалғанымыз өкінішті-ақ. Сіз інжу немесе маржанды кестені көрген жоқсыз, алтынмен жасалған әшекейді де көрмедіңіз. Қазір біздің екі шеберіміз сондай кесте тігіп жатыр.
— Бұл ұзақ және ауыр еңбек. Бірақ біздің елімізде мұндай киімді бағалайтындардың, оны сатып алауға ниет білдірушілердің табылуы екіталай ғой.
— Дегенмен әдеттегі еуропалық киімді бір-екі мың долларға сатып алатындар бар ғой. Олар көпшілікке арнап тігіледі. Ал өзіңе арнап тігілген киімге ақшасын төлеп, оны тіккен шеберді неге қолдамасқа?! Оның үстіне, ол бір күндік киім емес қой, ондай киімді ұрпақтан ұрпаққа қалдыруға болады.
— Қазір «қазақстандікін сатып» ал деген қозғалыс бар. Мүмкін, біздің дизайнерлерге осы қозғалыс аясында жұмыс істеу керек шығар? Қазақстандікі деген тек «Қазақстанда жасалған» дегенді білдірмейді, сонымен қатар қазақстандық дәстүрмен және мақаммен дайындалған деген сөз емес пе?!
— Кез келген дизайнердің бойында аз да болса патриоттық сезім болуы керек. Сен мәдениеті бай елде тұрасың. Еуропалық мәдениетке еліктеудің қажеті қанша? Біз онсыз да күнделікті тұрмыста солардың киімін киіп жүрміз. Неліктен олар, дизайнерлер өз жұмысын ерекшелікке толтырып, дараламайды? Мен өз көзіммен көрген жоқпын, бірақ Мәскеудің не Санкт-Петербордың мұражайында Ресейге қазақ ханы сыйлаған ішік сақтаулы екенін білемін. Ішік аққудың мамығымен астарланған. Атап айтарлығы, қауырсындарды бір біріне қосып, астарлаған. Яғни, тері аққудың қауырсындарынан жасалған. Мен сол технологияны, сол әдісті көруге ынтықпын. Тағы саятшының, яғни аңшының немесе ақсүйектердің шалбары бар — Верещагиннің «Қырғыз саятшысы» картинасы есіңізде ме? Онда қазақ аңшысы шалбар киіп тұр. Ол аса нәзік жібекпен қолдан кестелеп тігілген күдері шалбар. Осы әдіс, техникадан айырылып отырмыз.
— Ал оны қайтадан жандандырып, қалпына келтіруге болмай ма?
— Ол менің арманым. Мен Қазақстанда ондай іс қолынан келетін бірде бір шеберді білмеймін. Бірақ іздеп жатырмын, шетелдік шеберлерге де жүгіндім. Әлемдегі үздік кестелеушілердің бірі маған Алматыда шеберлік-сабақтарын өткізуге уәде берді. Бірақ оның мұны қалай жасайтынын байқау керек. Өйткені мұндай тәжірибе ешкімде жоқ деуге де болады. Мұндай әдісті, мұндай техниканы тек қазақтар қолданған. Ол қырғыздарда да жоқ. Тіпті, Америкадағы индеецтерде де жоқ — олар басқаша кестелеген. Олар дайын кестені күдеріге тіккен. Біздің мәдениетімізде ұқсас дүниелер жеткілікті. Өкінішке қарай, мұндай әдіс-техниканы басқа халықтардан кездестіргем жоқ. Сондықтан оны білетін шебер жоқ. Біз тері мен күдеріні өңдеуден айырылдық. Біз қазақтардың жоғары сапалы тері, былғары жасағанын білеміз. Бұл Ұлы Жібек жолы бойындағы ерекше сұраныстағы тауар болатын, ол шет елдерге кететін. Таразының бір басына бағасы алтынмен бірдей жібек салса, екінші басына қазақтар өңдеген тері мен былғары және күдеріні салатын.
— Соншалықты жоғары бағаланған ба?
— Менде осыдан 200 жыл бұрын тігілген шапан бар. Оның күдерісі әлі күнге дейін жұмсақтығы мен иілімділігін жоғалтқан жоқ. Кестенің ашықтығы заманауи жіптерден кем емес. Осыдан үш жыл бұрын мен шапанды қаланы Наурыз мерекесіне орай безендірген дизайнерлерге бергенмін, олар кестелерді суретке түсіріп, стильге салды және құттықтау плакаттарын іліп қойды. Оларды қазақтың ою-өрнектерін пайдаланбадыңдар деп айыптады.
Кеңес кезеңі бізге өз мұрамызды ұмытуға көмектесті. Егер біз қошқар мүйіз өрнегін көрмесек, ол қазақ өрнегі емес секілді көрінеді. Егер өсімдік әліптес бедерлер көрсек, күмәндана бастаймыз. Ал шын мәнінде, 50-70 жылдардағы кітаптардан қазақы ою-өрнектердің түрлілігін көреміз.
— Мен жақында Қастеев атындағы мұражайда болдым. Ол жерден Қазақстанда болған кезде салған еуропалық саяхатшылардың шағын картиналарын көрдім. Олар жергілікті тұрғындардың күнделікті тыныс-тіршілігін бейнелепті. Олардың үстінде мүлдем бөлек, біз көрмеген киімдер.
— Қазақтың ұлттық киімі өңделуі, кестеленуі, пішілуі және мақсаты бойынша өте бай және әртүрлі болып келеді. Сондай-ақ басқа халықтардыкіндей, олардың тұрмыстық мақсаты және мәртебелік ерекшеліктері болады.
— Ерекшеліктер аймақтар бойынша ма?
— Көптеген адамдар Батыс Қазақстанда әйелдер тұрмыс құрғаннан кейін басына тағатын өте әдемі кестеленген арнайы орамал бар екенін біле бермейді. Мұндай кестелеуді қазір Батыс Қазақстанда тек 2-3 шебер жасайды. Олар бұл кестенің мақамын әлі ұмытпаған. Менің ойымша, қазір дүкендегі біртекті орамалдарға қарағанда, мұндай әшкей кестемен әрленген орамал тағу қызығушылық тудырушы еді.
Әйел ұлттық киім кигенде, оның келбеті, өзіне деген көзқарасы өзгереді.
Мен өзім кимешек киюді армандаймын. Өйткені оны кигенде кісілікті, тектілікті сезінгендей боласың. Кимешек өте жақсы матадан барлық қағидалар бойынша тігіліп, өте бай ою-өрнекпен әшекейленсе, бірден бөлек мәртебеге ие боласың. Қазір көптеген апаларымыз кимешек киюге ұялады. Мүмкін, олардың еркін саудада болмайтындығынан шығар?
— Ал оларды бір жерде тапсырыспен тіге ме?
— Мен Алматыда кимешекті жандандыруды армандайтын шеберді кездестірдім. Ол бір-екі рет өз жұмыстарын жәрмеңкеге шығарған еді, содан кейін көрмедім. Мүмкін, оның тауары сұранысқа ие болмаған шығар. Менде әжемнің кимешегі сақтаулы. Ол алтын және күміс жіптермен кестеленген. Матасының сарғайғанына және жіптерінің көміскіленгеніне қарамастан, ол сән-салтанатын сақтаған, сыры кетсе де сыны кетпеген.
— Бізде ұлттық киім мұражайы болады деген үміттемін. Өйткені ол уақыттың, тарихтың және әр тұлғаның бейнесі емес пе.
— Біз жеті жылдан бері қолөнершілердің «Шебер» байқауын өткізіп келеміз. Оның мақсаты — дарынды шеберлерді анықтау, олардың өнерін ынталандыру. Жеңімпаздар шет елге қолөнер бойынша үлкен шараларға барады. Біздің жеңімпазларымыздың бірі ерлер шапанын тігудің ұмыт болған технологиясын ұсынды. Ол өте нәзік түйе жүнінен иірілген жіппен тоқылған. Біз оны қаланың қазіргі ерлеріне көрсеткенімізде, олар: — мұндай шапанды қай жерден сатып алуға болады? — деп, дүрсе қоя берді. Мұндай шапан қазіргі кезге өте лайық болушы еді. Ол сырт көзге қарапайым — жеңіл, жылы және сымбатты. Ол бүгін қазақ ою-өрнегі деп көрсетіп жүргеннен мүлдем бөлек.
Мен дизайнерлер мен шеберлерге үнемі мұражайларға барып, шынайы әрі сапалы ұлттық киімнің қандай болатынын көруге кеңес берем. Өйткені көршің базарда сататынға қарамай, үздік үлгілерден үйренген жөн. Монғолия мен Қытайдан келген оралмандар сол мәдениеттің әдемілігін қабылдаған, бірақ оны осында әкелген соң, оны біздің мәдениетпен үйлестірмеген. Сондықтан тым жарқын, ашық түстер мен синтетикалық жіптерден көзің ауырады. Үйлесімдік жоқ. Кезінде зерттеуші Перемышевский «қазақтың киіз үйіне кіргенде түстердің, бояулардың және ою-өрнектердің көптігінен өзіңді тым жайлы сезінесің», деп жазған еді. Өйткені бәрі үйлесімді болатын. Ол сол кездегі шеберлердің табиғи талғамына және табиғи бояғыштардың пайдалануына байланысты. Ең ашық, ең жарқын табиғи бояулар әрқашан жақсы үйлеседі.
Аударған Қайрат Матреков
Бейне нұсқаны осы жерден көруге болады.