Шетелдік сарапшылар Қазақстанға девальвацияны аяусыз теліп отыр. Қаржы нарығының кәсіпқойлары келесіні алға тартуда: теңгенің шынайы бағамы 30 пайызға артық бағаланып отыр. Ел азаматтары біртіндеп үрейлене бастауда. Президент сайлау өтті, экономикадағы жағдай ауыр, компаниялар төлемдерін өтемеуде, адамдардың еңбекақылары кешіктіріліп жатыр, қысқартулар орын алуда, бензин қымбаттай бастады… бұған девальвация қосылса, не болатынын елестетудің өзі үрей тудырады.
Сайлау өтті, қазір девальвация мәселесі осыдан бірнеше ай бұрын болғандай, экономикалық формумдарда, банк және министрліктер дәліздерінде соншалықты белсенді талқыланып жатқан жоқ. Бүгінгі таңда біздің ұлттық валютамыздың девальвациясы туралы көп ретте шетелдіктер әңгіме қозғауда. Міне, солар көптеген экономикалық алғышарттарды көріп отыр: Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасының өсу болжамын біршама нашарлатса, BankofAmerica сарапшыларының есептеулері бойынша, Ұлттық банк теңге бағамын бірқалыпты болуы үшін 18 млрд доллар жұмсаған көрінеді.
– Әлбетте, жағдай қиындап барады, – дейді экономист, Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры Жәнібек Айғазин. — 2014 жылғы қарашаның соңына қарай еліміздің сыртқы өтімділігі (Ұлттық қордағы активтер және халықаралық қорлар сомасы) өзінің тарихи максимумы — 105,4 млрд АҚШ долларына жетті. 2014 жылғы желтоқсаннан бастап қорлар төмендей бастады, қазір олар 98,7 млрд АҚШ долларына тең, яғни, 6,7 млрд долларға азайған. Мұны теңге бағамын ұстаудың жанама дәлелі деп есептеуге болады. Шынайы тиімді айырбас бағамының индикаторына қарап көрейік. Девальвация алдында теңгенің шынайы айырбас бағамы шетел валюталарымен салыстырғанда өзінің ең жоғарғы шегіне жеткен болатын. Дәл солай 1999, 2009, 2014 жылдарда болған еді. Қазір ол 1995 жылдан кейін өзінің ең жоғарғы шегіне жетті. Бұл ішкі нарықта біздің тауарларымыздың, әсіресе, Кедендік елдерден әкелінгендерін шетелдікімен салыстырғанда, қаншалықты қымбат екенін көрсетеді. Біз оны супермаркеттердің сөрелерінен көріп жүрміз. Экспорттың құлдырауы түсінікті дүние (әлемдік тауар нарығында мұнай және металл бағалары төмен), оның үстіне біз әлі барлық импорттық тауарларды алмастыра алмадық. Сыртқы сауда тапшылығы ары қарай кеңейе бермек. Банктер тарапынан қысым көрсету тағы бір фактор болып табылады. Ағымдағы жылғы сәуірдің соңындағы еркін айырбасталмалы валютадағы өтімділікті көрсететін екінші деңгейдегі банктердің таза активтері (қазір 11,5 млрд доллар) осыған ұқсас мерзімдегімен салыстырғанда үштен бір бөлікке аз. Ал биыл бізге сыртқы қарыздар бойынша 3 млрд долларды өтеу керек. Әлбетте, бұл сома валюта нарығына және теңге бағамына әсер етеді. Мұндай жағдайда шынайы сектор күрделі жағдайға тап болады. Оның үстіне, ағымдағы жылы компаниялар сыртқы қарыздар бойынша, 10 млрд долларды өтеу керек. Сондай-ақ кәсіпорындардың несиелік қарыздары артып келеді. Бұл мемлекеттік бюджетке жағымсыз әсер етуде. Бірінші тоқсанда салықтар 2014 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 21 пайызға аз жиналды. Атап айтарлығы, табыстың негізгі түрлері төмендеуде, халықаралық сауда салығы 20 пайызға құлдыраған. Мұндай жағдайда бюджет тапшылығының артуы ғажап емес, бұл оның қысқартылуына немесе капитал нарығындағы қарыздардың ұлғаюына әкеліп соғуы мүмкін. Қорытындысында біз мұнай бағасының өткен жылғы деңгейдің жартысындай болуынан қауіпті үрдістерді көріп отырмыз Нарықта молшылық болуы салдарынан мұнай бағасының болжамы көңіл көншітіп отырған жоқ. Бірақ екінші жағынан, сауда орындары қоймаларының КО елдерінен жеткізілген импортқа толы болуы девальвацияны қажет етпейді.
Яғни, Ұлттық банк артық дүрлікпесіз теңгені құтқаруға күш салуда. Еліміздің бас банкінің мәліметтері бойынша, өткен айда қазақстандықтар ақша айырбастау орындарынан 2,1 млрд доллар сатып алса, оны үш есе аз сатқан. Девальвацияға арналған басты тойтарыс – ақшаңызды теңгеде сақтамаңыз. Түбінде девальвациядан құтыла алмаймыз, ал егер орын ала қалса, қайтадан дүрлігу басталады, халық қайтадан банкке жүгіріп, ақшасын алып, оны долларға айырбастауды бастайды.
– Жалпы, девальвациялық күтілімдер елеулі төмендеді, оны ақша және валюта нарығындағы ахуал дәлелдеп отыр. Қазіргі таңдағы ахуал өткен жылдың соңындағы жағдайдан елеулі ерекшеленеді, ол кезде, яғни, желтоқсан айында еліміздегі дүрлігу рубль мен мұнай бағасының құлдырауымен қатар келіп, шыңырау биігіне жеткен-ді. Одан бері жағдай елеулі өзгерді, – дейді «Асыл-Инвест» АҚ сараптама департаментінің директоры Айвар Байкенов. – Бұған қоса Ұлттық банк пен Үкіметтің ұлттық валютаға сенімді арттыру және эконономиканы долларсыздандыру жөніндегі біріккен жоспары дайындалды. Оның үстіне, Президенттің қатысуымен болған кеңейтілген отырыста бағамның күрт өзгеруіне жол берілмейтіні айтылды. Мемлекет басшысы сайлаудан кейін қайтадан күрт девальвация болмайтынын мәлімдеген болатын, ал еркін бағам тек 5 жылдан кейін күн тәртібіне шығуы мүмкін.
Дегенмен, қазір теңгенің жағдайы жылдың басындағыға қарағанда, неғұрлым жайлырақ. Интернет-форумдарда қазақстандықтар келесі пікірлер айтуда: «бүкіл өткен жыл бойы және осы жылдың 18-наурызына дейін доллар нығайды (еуропалық валюталар мен алтынға қарағанда). Қазақстан теңгенің доллларға шаққандағы бағамын бекітті, тиісінше, 18-наурыздан бастап теңгенің тынысы ашылды (бәрі ойдағыдай болса, осы уақыттан бастап, айырбас орындарындағы доллар бағамы төмендеу керек болатын). Наурыз айынан бастап АҚШ-тың экономикалық көрсеткіштері соншалықты мәз емес. Негізгі ставканы көтеруді АҚШ кейінге қалдырды (алғашында мамырға белгілесе, енді жылдың соңын атауда). АҚШ пен Еуропада дефляция орын алып, ЖІӨ көрсеткіштері аса мәз болмай отыр. Мұның барлығы доллар мен еуро бағамдарының басқа валюталарға қарағанда өсуіне кері әсерін тигізіп отыр, ендеше, ол жанама болса да теңге бағамының өсуіне жағымды әсер етуде».
– Сыртқы нарықтағы ахуалдың тұрақтануы жағдайында биліктің жасаған мәлімдемелерін және қолданған шараларын қоса алу негізінде, девальвация болу мүмкіндігі өте төмен. Қазір біз әлсіздендірудің жұмсақ нұсқасы қабылданғанын көріп отырмыз. Атап айтқанда, теңгенің долларға шаққандағы бағамы өткен жылғы қарашадағы 180,9 деңгейінен ағымдағы 185,8-ге дейін төмендеді. Оның үстіне, 2014 жылдың басында, былайша айтқанда, аванспен 20 пайыздық девальвация жасалғанын ұмытпаған абзал, – дейді әңгімесін ары қарай сабақтаған Айвар Байкенов. – Біз жұмсақ әлсіздендірудің орын алады деп есептейміз. Әзірше, Ұлттық банк бекіткен дәліздің жоғарғы шекарасы — бір доллардың 170-188 теңге тұруын күтудеміз. Ол деңгейге 4 тоқсанда қол жеткізуіміз толық мүмкін. Ары қарай орын алған жағдайға сәйкес аталмыш дәліздің кеңейтілуі мүмкін.