Тарих үшін кезекті шайқас сәуір айының соңында орын алды, ол кезде Арменияда 1915 жылғы қайғылы оқиғаның кезекті жылдығын атап өткен болатын, оны мұндағылар геноцид деп атайды. Жүз жыл бұрын Осман империясы әскерінің Шығыс майданда Ресей әскерімен шайқаста жеңіліс табуы салдарынан Түркияда армяндарға қарсы репрессия орын алды.
Армяндардың мәліметтері бойынша, репрессия нәтижесінде бір жылдың ішінде 1,5 млн-ға дейін адам қаза тапты. Түріктер мұндай айыптауларды жоққа шығаруда. Олар соғыс болды, бірнеше жүз мың адам қаза тапты, үкімет тарапынан халықты жапапай қыру туралы нұсқау болған жоқ, қаза болған түріктер де аз емес дегенді алға тартуда. Атап айтарлығы, Түркия армяндар геноцидін мойындаған барлық ресми мәлімдемелерге қатаң жауап қайыруда.
Бірақ қалай десек те, қазіргі Шығыс Түркияда бүгінде армяндар тұрмайды, біразы босқын болды, ал көпшілігі, сөзсіз, қаза болды. Әрине, ол Осман империясы әскерилері мен күрдтердің тұрақты құрылымдарының қатысуынсыз орын алған жоқ.
Қайғылы оқиғадан кейін жүз жыл өтті. Бірақ бүгін неліктен осы тарихи мәселенің төңірегінде осындай дау-дамай туындап отыр?
Пікірталас «геноцид» терминінің төңірегінде өрбуде. Армяндарды түсінуге болады, олар үшін бұл тарихтағы ең қайғылы кезең. Олар өз халқына жасалған геноцидті мойындау – әділеттілікті орнату деп түсінеді.
Түріктерді де түсінуге болады. Армяндар геноцидін мойындау – бұл түрік мемлекеті мен қоғамының беделіне нұқсан келтіретін дақ. Мұндай жағдайда түріктерге соғыс жылдарынан кейін нацистердің қылмыстары үшін жауап берген Германия сияқты кешірім сұрауға тура келеді. «Геноцид» деген анықтама мемлекеттің және қоғамның кінәсін білдіреді. Қазір бұрынғы мемлекет – Осман империясы жоқ, ал Түркияның заманауи әлемдегі жайғасу және ел халқының өзін өзі сезіну тұрғысынан Анкара жүз жыл бұрын болған оқиғаны мойындау туралы ой қозғағысы да келмейді. Сонымен қатар, геноцидті мойындау заңды зардаптарға ұрындыруы ғажап емес. Құрбандардың ұрпақтары түрік мемлекетінің үстінен арыз түсіруі мүмкін. Бұдан басқа Түркияның шығысында бұрын армяндар тұрған аумақ туралы мәселе бар. Қалай болғанда да бұл Түркия үшін тиімсіз болушы еді.
Анкараға армян диаспорасының бүкіл әлемге кеңінен тарағаны және көптеген дамыған елдерде, әсіресе, Батыста — Еуропа мен АҚШ-та үлкен беделге ие болуы елеулі қиындық тудыруда. Әлбетте, осы диаспораның өкілдері өз елдерінің үкіметтеріне армяндар геноцидін мойындату бойынша үнемі ықпал етуде. Мәселен, Еревандағы 24-сәуірдегі шараға Франция президенті Франсуа Олланд қатысты. Франциядағы армяндар бірлестігі сан жағынан көп әрі өте беделді. Түркиямен қарым-қатынаста қиындықтар тудырған геноцидті Париж мойындағанымен, Олланд бәрібір, біз мұнда біреуді кінәлауға жиналған жоқпыз деді.
Оның қисыны келесіде
еуропалықтар заманауи қарым-қатынастарға әсер етпеу үшін тарихты тарихшыларға қалдыруды қалайды.
Мәселен, отарларды басып алу және оларды қорғау бойынша отарлау соғыстары қазір еуропалық метрополиялар мен бұрынғы отар елдер арасындағы қарым-қатынасқа әсер етпейді. Айталық, Ұлыбританияда британдық сарбаздардың Үндістандағы елдерді жаулап алу кезіндегі әрекеттері бір кітаптарда суреттелсе, сонымен қатар олардың жасаған қылмыстарын — кісі өлтіруді, тонауды баяндайтын оқиғалар басқа кітаптарда кездеседі.
Бір қызығы, Ереванда 1915 жылғы қайғылы оқиғаның 100 жылдығына байланысты шаралар өтіп жатқанда, Түркияда Чанакале түбінде болған шайқасты еске алуға арналған шаралар өтті. Мұнда 1915 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік басқарған түрік армиясы Дарданелл бұғазын басып алып, Босфорға шықпақшы болған ағылшын-француз әскерін талқандады. Аталмыш шараға Уэльс шахзадасы Чарльз қатысты.
Түріктер оны, тіпті, жеңістерінің салтанаты деп қабылдаса да Галлиполи түбінде көптеген отандастары қазаға ұшыраған британдықтар үшін бұл тарихи еске алу актісі.
Бірақ армян-түрік қарым-қатынастарында баяғы оқиға әлі ағымдағы саяси конъюнктураға әсер етуде. Мәселен, АҚШ армяндар геноцидін мойындамады, дегенмен президент Барак Обама мұны өзінің бірінші президенттік мерзімінде жүзеге асырғысы келген болатын. Кейде армяндар арасында бұл Түркияның Таяу Шығыс аймағындағы Израильдің бірден бір неғұрлым сенімді серіктесі болуына мүдделі Вашигтондағы еврейлер ықпалының ұстанымына байланысты деген пікір айтылуда. Рас, соңғы уақытта израиль-түрік қарым-қатынасында салқындық пайда болды, әсіресе, Газа секторына жүк апара жатқан кемені израильдік арнайы бөлімше басып алуы салдарынан түрік азаматтарының қаза болуынан кейін. Сондықтан Түркия АҚШ үшін күрделі болса да мазасыз аймақтағы маңызы бар одақтас деп болжау қисынды. Мұнда американдықтардың Инджирлик аса ірі әскери-әуе базасы, Сирияға қатысты саясаты және көптеген басқа мүдделері бар.
Сонымен қатар, Еревандағы 24-сәуірдегі шараларға Ресей президенті Владимир Путин қатысты. Шара барысында ол «армян халқының геноциді» деген сөз тіркесін пайдаланбай, геноцид жайында жалпылама әңгіме айтса да, бұдан ертерек, 22-сәуірде «Геноцидсіз әлем» кешіне қатысушыларға жолдаған жеделхатында 1915 жылғы оқиғаны армян халқының геноциді деп атаған еді. Бұл Түркия тарапынан қатаң жауап тудырды. Анкара «Ресейдің Кавказда, Орта Азияда және Шығыс Еуропада жасаған қылмыстарын ескере отырып, біз ол геноцид дегеннің не екенін және оның құқықтық тұжырымдамасын жақсы біледі деген ойдамыз», деп мәлімдеді.
Ресей әу-бастан-ақ Түркиямен қарым-қатынастың шиеленісуіне жол бергісі келмеген еді. Сондықтан Путин Ереванға сапар шеккен сәтте Мемлекеттік Дума төрағасы Сергей Нарышкин Чаннакале түбіндегі шайқасты еске алуға арналған салтанатқа қатысу үшін Анкарға атанған-ды.
Егер Путин өзінің Еревандағы сөзімен шектелсе, Мәскеу Түркия мен Армения арасындағы қарым-қатынаста жол тауып шығушы еді, бірақ оның 22-сәуірдегі жеделхаты Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынаста шиеленіс тудырды.
Атап айтарлығы, бүгін Түркия Ресей үшін өте үлкен маңызға ие. Бірінші кезекте, әрине, «Түрік тасқыны» газ құбыры бойынша, 2020 жылға қарай ол Украина арқылы өтетін газ транзитіне балама болуы керек. Жақында ғана Берлинде Газпром Еуропаға қатысты компанияның жаңа стратегиясымен таныстырды, онда «Түрік тасқынына» көп көңіл бөлінген-ді. Сонымен қатар, Қырым татарлары мәселесі бойынша Ресейге Түркияның ұстанымы маңызды. Ыстамбұл бұл мәселе бойынша жеткілікті мөлшерде ұстамды болып, «жағдайды зерделеумен шектелген» еді, бірақ енді ахуалдың өзгеруі мүмкін. Түркия Қырымның көліктік оқшаулануын бұзып, түбекке паромдар жіберуге дайын-тұғын. Сонымен қатар, түріктер Қырымға инвестиция салу мүмкіндігін де қарастырған еді. Ал ең бастысы, Түркия Ресейге апаруға санкция салынған тауарлардың бас жеткізушісі болатын.
Әрине, Мәскеу соншалықты үлкен қиындықтарға ұрына қоймас, өйткені экономикалық қатынастар дамуының өз қисыны бар.
Бірақ Анкарамен арадағы қарым-қатынастың нашарлайтыны анық. Атап айтқанда, түріктер сол тарихи тақырыпты белсенді пайдалана бастауы мүмкін. Ресей империясы мен КСРО тарихында түріктер көтере алатын көптеген келеңсіз оқиғалар жеткілікті.
Мәселен, XIX ғасырдағы Кавказдағы соғыстар, солардың салдарынан көптеген қатыгездіктер орын алып, халық жаппай Түркияға депортацияланды. Атап айтқанда, Батыс Кавказда, Сочи және Новороссийск қалаларының аймағын қоса алғанда, бұрын ол жерде кавказдық шапсугтер, ұбыхтар и абадзехтар тайпалары мекендеген. Олардың ішінен сақталып қалғандары тек шапсугтер. Бүгінде 60 мыңды құрайтын олар Краснодар өлкесінде тұрады. Қалғандары орыс армиясының әскери операциялары салдарынан өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған, соның барысында көпшілігі қаза болды, қалғандары Түркияға қашты.
Жалпы,
басты мәселе келесіде, біздің посткеңестік кеңістікте және онымен шектесіп жатқан кейбір аумақтарда тарих тек ғылыми зерттеулердің тақырыбы емес.
Ол сонымен қатар саяси үдерістердің бір бөлігі болып табылады. Біреулер тарихтағы бұрмалуашылықтарға қарсы күрессе, басқалары жаңа тарихи білімге араша түсуде. Біреулер ешнәрсені қайта қараудың қажеті жоқ десе, енді біреулер, керісінше, қайта қарау қажет дейді, өйткені КСРО кезінде тарих идеологияның бір бөлігі болған еді.
Егер Қазақстандағы бізге қарасаңыздар, біздің де тарихымызда бір қатар күрделі тарихи кезеңдер бар. Мәселен, қайғылы дүниелерге толы 1916 жылғы көтеріліс тарихын алайық. Ол көтеріліс басталғандағы орыс елді мекендерінің трагедиясы мен көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейінгі қазақ ауылдары мен қырғыз айылдарының қайғы-қасіретін қамтиды. Мәселен, заманауи Ресейдегі көптеген адамдардың көзқарасы бойынша, 1916 жылғы көтеріліс қарамағындағы елдің әрекеті бірінші дүниежүзілік соғысы көрігі әбден қызған кезде Ресей мемлекетінің ту сыртынан жасалған соққы. Осындай ұстаным қырғыздар 1916 жылғы оқиғаларға өз бағасын берген кезде ресми деңгейде жария етілді. Ал қазақ және қырғыз ортасындағы көтеріліс Ресей империясының шаруаларды Ресейден жаппай көшіру және оларға жергілікті халықтың жерлерін тартып алып беру жөніндегі саясатына қарсы жауап болды деген пікір тараған. Бұдан басқа да оқиғалар жетіп жатыр және олардың барлығы шешуі қиын дүниелер.
Ең абзалы, тарихты оқиғаларды алаламай, әділ және тарихи тұрғыдан қарау үшін тарихшыларға берген дұрыс.
Елде барлық бағыттар бойынша жеткілікті мөлшерде сыни тұрғыдағы сапалы әдебиет жинақталуы тиіс. Бұл ортақ мүддеге қажет, әсіресе, болашақ қатынастар үшін.
Мақаланы «Центр Азии» журналы ілтипатпен ұсынып отыр.