Қазақстан сүт ассоциациясының сарапшысы Лидия Михеева, «құрғақ қоспадан қалпына келтірілген сүттен қорқудың қажеті жоқ, сүт өнімдерін таңдай білу керек» деген нанымда. Сөйтіп, ол сүттің Қазақстандағы жай-жапсары туралы әңгімелеп берді.
— Сүттің біздегі жағдайы қандай? Қазақстан – сүт державасы ма?
– Егер ішетін сүт туралы айтатын болсақ, өткен жылы сүт нарығында сатылған сүттің 82 пайызы өз өніміміз. Ағымдағы жылы сүт өндіру 9 пайызға артты. Мен қазір жалпы тұтыну пайызын айта алмаймын, бірақ отандық өнімнің пайызы төмендеген жоқ. Ашыған сүт өнімдерінің де жағдайы осындай. Міне, осы жерде біз өндірістің азаюы бар ма деген күдіктеміз. Мүмкін, сүтті көбірек іше бастаған шығар, әлде бұл өнімнің импорты артқан болар. Май мен ірімшіктің жағдайы қанағаттанарлық. Бізде майдың 40 пайызы және ірімшік пен сүзбенің 70 пайызы импортталады.
— Біз оларды қайдан импорттаймыз?
– Негізгі ірі жеткізушілер Ресей мен Қырғызстан. Балтық жағалауы елдері де бар.
— Өзімізде соншама сүт болса, несіне шеттен тасимыз?
– Бүкіл ассортимент бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шикізат қажет. Бізде сүт көп сауылады – жылына 5 млн тонна. Бірақ өңдеуге оны 40 пайызы ғана жөнелтіледі. Мал шаруашылығының құрылымы сондай. Қазіргі таңда сиыр басының 80 пайыздан астамы жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Сондықтан бұл сүтті жинау қиындық тудырады. Оның сапасы да әр уақытта талапқа сай келе бермейді. Ал жақсы өнім шығару үшін сапалы сүт қажет. Бізде қор бар. Бірақ Белоруссиядағыдай, сүт-тауар базалары көбірек болу үшін бізге реформалар мен қомақты қаржы қажет. Ол жақта шығын аз, сүт көп сауылады және сүттің сапасы жақсы. Қазіргі таңда агро-өндірістік кешенді (АӨК) дамыту бойынша 2020-бағдарламасы дайындалды, онда ірі шаруашылықтар мен шағын фермалар құру қарастырылған. Белоруссияда ірі шаруашылықтарда сүттің 90 пайызы сауылса, Ресейде –50 пайыздан астамы сауылады, ал бізде ірі шаруашылықтарда 5, орташаларда – 12 пайыз, ал ең көп бөлігі шағын шаруашылықтарда сауылады. Енді ең бастысы, үкімет тарапынан дайындалған бағдарламаға жан жақты көмек көрсетілсе.
— Ол үшін не қажет?
– Ақша қоры, инвесторлар қажет. Мемлекет банктердегі сыйақының бір бөлігін төлеп, қолдау көрсетеді. Бірақ ауыл шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген адамдар қажет.
— Ал ондай адамдар аз ба?
– Бұл қиын сұрақ. Бұрын мемлекет трапынан қолдау көрсетуді қарастыратын бағдарламалар болған. Бірақ олар жүзеге аспады. Бізде сүтті сатып алу бағасы жоғары, ендеше түпкі өнімнің де бағасы арзан болмайды. Сондықтан біз нарықта бәсекеге қабілетті емеспіз. Ал ірімшік пен майдың бағасы қымбат болғандықтан өндірісі төмендеп кетті.
— Құрғақ құрамнан қалпына келтірілетін сүт бойынша пікірталастар орын алуда.
– Құрғақ сүт – жоғары сапалы жас сүттен жасалған өнім. Қыстың күні сүт жазбен салыстырғанда 3 есе аз сауылады. Сондықтан алдымен өнімнен ылғалды шығарып, артынан оны қалпына келтіре отырып, біз қыстағы сүт тапшылығын жабамыз. Орташа есеппен, жылына қалпына келтірілген 10 пайыз сүт пайдаланылады. Ал мал шаруашылығы жоқ Манғышлақ аймағында мұндай сүтті пайдалану 100 пайызға жетеді. Сүт жеткілікті Қостанай облысында құрғақ сүт пайдаланылмайды десе де болады. Әлемнің барлық елдері осылай жасайды.
— Сол құрғақ сүтті жасауға өзіміздің сүт пайдаланыла ма?
– Жоқ. Біз Белоруссиядан жоғары сапалы сүт сатып аламыз. Өзіміздің шикізат жетпейді.
— Сүттің 30-40 пайызы өңделеді, ал қалғаны ше?
– Қалғаны ішіледі және базарларда сатылады. Сатылым санитарлық қызметер рұқсат еткен арнайы орындарда жүзеге асырылуы тиіс. Ол үшін сатылатын сүттің дені сау сиырдан сауылғаны туралы тиісті құжаттар болуы тиіс.
— Сіздерде кәсіпкерлерден сатып алынған сүтті сату орындарын ашу туралы бастама болғаны есімде.
– Өз сүтінің жақсы екеніне сенімділер санитарлық-эпидемиялық қадағалау қызметіне барып, рұқсат алады және белгіленген жерде сүтін сатады. Санитарлық анықтама 1 айға беріледі. Бірақ біз сүт сататын орындарға барып, тексергенде, бізге бір жыл бұрын берілген анықтамаларды көрсетті. Ал сол сүттің дертке ұшырамаған сиырдан сауылғанына кім кепілдік береді? Сүтті қайнатуға болса, шикі сүттен өндірілетін қаймақ пен май қауіпті.
— Ұлттық сүт өнімдеріне келсек, қымыз бен шұбаттың сапасы тексеріле ме? Жалпы, осы бағытта қандай жұмыс атқарылуда?
– Біз Технология университетімен бірлесіп, ұлттық сүт өнімдерінің стандартын дайындағанбыз. Ұлттық тағамның 35 түріне анықтама беріп, оларды дайындау процесін және оларға қойылатын талаптарды ұсынған болатынбыз. Нарықта олардың тек 5-6 атауын көруге болады, ендеше, ассортиментті ұлғайтуға шаралар қолдану қажет. Ғалымдарды шұбат, қымыз өндіру тәжірибесін қабылдап, оны өнеркәсіптік өндіріс негізіне қоюға шақырамын. Әсіресе, көп мөлшердегі сүтті әкету мүмкіндігі жоқ аймақтарда. Біз Алматы облысының әкімдігіне шаруаларға сүт өнімдерін сату үшін муниципалдық алаңдар бөлу туралы өтініш білдірген едік. Әрине, базарларда сатылым жүріп жатыр, бірақ онда жалақы жоғары және ассортимент шағын. Ал біз ұлттық тағамдар дүкенін ашайық деген едік. Бізге сіздің қаланың тұрғындары көп ретте «ұлттық асхана тағамдарын қай жерден сатып алуға болады?» деген сұрақ қояды. Біз олардың өтінішін әр кезде орындай алмаймыз.
— Сүт өнімдерін көптеп сатып алу біздің өнім өндірушілерге кесірін тигізбей ме? Әлде бұл оларды өз өндірісін дамытуға ынталандыра ма?
– Әлбетте, бұл бәсекеге қабілетті болуға ынталандыратын қуатты құрал. Біріншісі – сапа, екіншісі – баға. Дайын өнімдегі өзіндік құның 70 пайызын сүттің бағасы алады. Сүтті жинаушылар оның бағасын 20-30 пайызға көтереді, өйткені жанар—жағармай қымбат. Ал сүт қабылдау бекеттері жетіспейді. Ал оларды салуға барлық қызметтер мүдделі болуға тиіс. Сонда сүт қабылданады және оның сапасын сақтап қалу үшін алғашқы өңдеуден өтетін болады. Сондай—ақ жанар—жағармайға кететін шығын қысқарады. Мұның барлығы өзіндік құнға және нарықтық бағаға әсер етеді. Сондықтан ауқымды шаралар қолдану қажет.
— Ал қазір қандай шаралар қолданылып жатыр?
– Біз АӨК кешенді, атап айтқанда, мал шаруашылығын дамытуға қандай орасан зор қаржы бөлініп жатқанын талдадық. Шамасы, бізде осы қаржының тиімді пайдаланылуына жеткілікті бақылау жасалынбайды. Біз де Ауыл шаруашылығы министрлігіне өз ұсыныстарымызды жолдаймыз. Кейде субсидиялар мәселесі тым ұзақ қаралады, ал кейде туындайтын қиындықтар салдарынан адамдар оларды, тіпті, пайдаланғысы келмейді. Фермерлер талап етілетін құжаттардың көптігіне шағым айтады. Тиісті құжаттаманы дайындау үшін олар адамдар жалдауға мәжбүр.
— Айтыңызшы, қай сүтті ішкен дұрыс, өзіміздікін бе әлде сырттан әкелінетінді ме?
– Қазір өнімді бұрмалау мәселесі өткір тұр. Таңбалауда жазылған ақпарт әр уақытта өнімнің сапасына сәйкес келе бермейді. Сондықтан қазір Ресейде жасалып жатқандай, бақылауды күшейткен жөн. Олар өнімнің бекітілген стандартқа, өздерінде өндірілген және шетелдік тауардың таңбалануында мәлімденген ақпаратқа сәйкес келуін қатаң бақылайды. Біздің өндіруші кәсіпорындар уәкілетті органдардың тұрақты бақылауына алынған. Санитарлық қадағалау да, мемлекеттік қадағалау да, Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі де осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Ал импорттық өнімді біз тексере алмаймыз. Тек оның таңбалауына қараймыз. Біз майдың 5 нұсқасын тексердік, олар бұрмаланған болып шықты. Сондықтан біздің бақылаушы органдар жұмысын күшейтсе, біздің кәсіпорындардан басқасында тексерсе дейміз. Ал артықшылықты отандық өнімге берген жөн. Оның мәнісі келесіде. Ашытылған сүт өнімдері тез бұзылатын тағамдар қатарына жатады, ал бізге олар шет елден айлап жол тартады, апталап кеден бекеттерінде тұрады. Егер сапаға келетін болсақ, біз Ресеймен және Қырғызстанмен бір стандартпен жұмыс істейміз. Сондықтан үлкен айырмашылық жоқ. Мен тұтынушыларға өз лебізімді айтсам деп едім.
— Айтыңыз.
– Құрметті тұтынушылар, барлығын бірдей ала бермеңіздер. Не сатып ағаныңызды міндетті түрде қараңыз. Бірінші – жарамдылық мерзімін. Дайындалғаннан неғұрлым аз күн өтсе, соғұрлым жақсы. Екінші – сақтау жағдайы, сақтаудың температуралық тәртібі сақтала ма? Үшінші – дүкен беретін ақпаратқа назар аударыңыз. Мәселен, 19 өнім түрінен тұратын ассортимент тұр, «май» деген жазуы бар, ал тексерсең, бұл майдың 50 пайызы спред. Ал спред – мүлдем басқа өнім. Оның құрамындағы сүт майының 50 пайызы өсімдік майымен алмастырылған. Құжаттар бойынша оған жол беріледі, бірақ ақпарат шынайы емес. Тілімдерге «ірімшік» деп жазады, Ал таңбалануына қарасаң – ірімшік өнімі. Сүзбе мен сүзбе өнімі де бір тағам емес, онда сүт майы өсімдік майымен алмастырылған. Ал бұл өнімнің бағасына әсер ету керек, өйткені өсімдік майы сүт майынан 10 есе арзан. Таңдау үлкен, тек таңдай білген жөн.
Бейне нұсқаны осы жерден көруге болады.