Ресей мен Украина текетіресі тарихындағы «қырғын кезең» аяқталғаннан кейін ақпараттық соғыстың соққылары да азайды. Бірақ енді текетірестің жаңа кезеңі — тарих үшін күрделі идеологиялық күрес басталды.
Бұл соғыс ешқашан тоқтаған емес. Өйткені бұл халықтың өзін өзі айқындау жолындағы соғысы. КСРО күйреп, оның орнында талай тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуының өзі халықтардың өзін өзі айқындауы мәселесін бірден алға шығарды. Ал өзін өзі айқындау әрқашан тарих тарапынан қолдауға зәру. Қазіргі жағдайда тарихи идеологияға қатысты мәселелер тым өткір тұр. Мысал ретінде Украинаның Конотоп түбіндегі ұрыстың кезекті мерейтойлы датасын атап өткенін келтіруге болады. 1659 жылы орыс-поляк арасындағы кезекті соғыс кезінде Богдан Хмельницкийдің мұрагерлерінің бірі, украин гетманы Выговскийдің әскері қырым татарларымен бірлесіп, дәл осы Конотоп қаласының маңында Пожарский мен Львов княздері қолбасшылық ететін Мәскеу мемлекетінің армиясын талқандап тастаған.
Бұл ұрыстың соғыс тағдырын шешетіндей маңызы болмады. Мәскеу ақыры сол соғыс нәтижесінде Хмельницкийдің Переяслав Радасымен жасасқан келісімі бойынша сол жағалаудағы Украинаның территориясына қосылған жерлерді өз бақылауында сақтап қалды. Ол аздай, бұл соғыстағы шешуші рөлді Выговскийдің казактары емес, Қырым хандығының әскері атқарды. Сондықтан, әскери тұрғыдан алғанда бұл ұрыс соншалықты маңызды ұрыс болған емес.
Бірақ бүгінде Украина мен оның халқы үшін Конотоп түбіндегі айқас – украин тегін айқындау мен ұлттық сана-сезімді қалыптастыру үшін аса маңызды оқиға. Біріншіден, ол ұрысқа қазіргі украиндер мен орыстардың арғы аталары қатысты. Бірақ ол кезде орыс пен украин қазіргідей екі бөлек ұлтқа нақты бөлінбейтін. Ол кезде олардың бәрі өздерін моңғолға дейінгі кезеңдегі ежелгі орыс князьдіктерінен шыққан орыс санайтын. Бірақ екеуінің арасында айырмашылық расымен болған. Хмельницкий мен Выговскийдің жақтаушылары орыстарды Орыс мемлекеті деп емес, Мәскеу мемлекетінің өкілдері – «московиттер» деп атауға құмар болған.
Мұндай атаудың астары зор еді. Мәскеу мемлекеті (московиттер) Хмельницкий мен Выговский үшін көптеген орыс мемлекеттерінің бірі ғана болатын. Өйткені оған дейін тарихта Мәскеу мемлекеті, Тверь мемлекеті, Нижегород княздігі мен Новгород республикасы болған, ал моңғол шапқыншылығына дейін, тіпті, Галицк-Волынск, Киев, Чернигов сияқты княздіктер болған. Сол себепті украин гетмандары Мәскеуді өзімен тең көріп, одан терезесі тең екі орыс мемлекеті ретінде қарым-қатынас күткен. Сол себепті Выговский 1658 жылы Мәскеумен соғыс ашып, өзін «Орыс княздігінің ұлы гетманы» деп жариялады.
Бірақ XVII ғасырдағы орталықтандырылған Мәскеу Русі бұған өлсе де көнбейтін. Мәскеу билігі Хмельницкийдің адамдарын өзіне бағынышты болуға тиіс жаңа халық деп қабылдайтын, оларға тым үлкен еркіндік беруді қаламаған. Оның үстіне, Хмельницкийдің халқы айдағанға көнбейтін, тынымсыз тұрғындар болып шықты. Олардың Ұлы Литовск княздігінің қол астында және кейіннен Польша құрамында болғаны сезіліп тұрды.
Мәскеу мемлекетінің негізі мүлдем өзгеше болғанына қарамастан, ол Жошы ұлысы заманынан қалған орталықтандырылған мемлекет қағидаларын толық қабылдап алды. Жекелеген қалалар мен княздіктердің өз бетінше еркін өмір сүруі Иван Грозный заманында-ақ тоқтатылған. Польша мемлекетінде болған еркіндік Мәскеу мемлекетінде атымен жоқ. Сол себепті украин территориясының Мәскеу мемлекетінің құрамына қосылуы енді олардың жаңа ұйымдастырушылық ережелер мен тәртіптерге мойынсұнуы қажеттігін білдіретін.
XIV ғасырдан бері алдымен Литовск, сосын Польша мемлекетінің құрамында болған православ казактар, шаруалар мен қала тұрғындарынан құралған бытыраңқы қоғамның жанында орталықтандырылған қуатты мемлекеттің басымдығы білініп тұрған. Қаптаған казак атамандарының ішінде өзін Мәскеу мемлекетіне қызмет етуге лайық санайтындар қашанда табылады. Бұл заңды құбылыс, өйткені Богдан Хмельницкий құрған мемлекеттің мықты саяси ұстанымдары болмаған, өйткені ол тым еркін мемлекет еді. Сол себепті
Конотоп түбіндегі ұрыста гетман Беспалыйдың қол астындағы украин казактарының бір бөлігі Мәскеу әскерінің жағына шығып кетіп, Выговскийдің казактарына қарсы соғысты.
Мәскеудің орталықтандырылған мемлекет екені, оның қолында қажетті байлық болғаны өз дегенін істетті. Мәскеу байлықты керек жерде керек адамның өзіне деген ниетін өзгертуге жұмсай алды. Кейінірек, шведтердің жағына өтіп кеткен гетман Мазепаның украин жасақтарына қарсы Полтава ұрысы кезінде украиннің өзге де казак жасақтары Мәскеу жағында соғысты.
Әсілі, орыс пен украиннің этникалық тұрғыдан бір-бірінен қашан ажырағаны соншалықты маңызды емес. Біреулер олар әлдеқашан, шығыс славяндар дәуірінде бір-бірінен ажыраған дейді. Айтпақшы, бұл украин тарихшысы Михаил Грушевскийдің пікірі. Енді біреулер орыс пен украиннің өзара ажырауы ежелгі орыс жерлерінің жартысы Алтын Орданың қарамағына, қалған жартысы Литовск мемлекетінің қарамағына өткенде орын алды дейді. Үшінші біреулердің пікіріне сай, украиндер орыстан XIX ғасырда ғана, Австро-Венгрия құрамында, Галицииде галичтердің украин саяси ұлтын құру кезінде ажыраған-мыс. Мұны XX ғасырдың басындағы Еуропадағы ұлттық-мемлекеттік қозғалыс үрдісінің бір бөлігіне жатқызады. Тағы бір тұжырым бойынша, олар әлі ажырамаған, орыс пен украин – әлі де бір халық болып отыр. «Украиндер – орыс этносының шалғайдағы тобы, ал украин тілі – диалект» деген тағы бір көзқарас тым кереғар болса да, ресей радикалдарының арасында осындай пікірді ұстанатындар аз емес.
Алайда ең бастысы,
украиндердің өзін өзі айқындауы біздің заманымызда орын алды
Бұл туысқан халықтардың этникалық бөлінуінен гөрі саяси үрдіске көбірек ұқсайды. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың нәтижесінде жаңа Украинаның құрамына елдің орталық бөлігі мен шығыс бөлігіндегі орыстілді талай азамат кірді. Енді олар ресейлік үлкен тұтастықтан ажырап қалды. Бұл соңғы дағдарыстың салдары болып табылатын шындық. Кезіндегі тұтастықтан айырылу – шынында да үлкен өкініш туғызып, бармақ тістететін жағдай.
КСРО-ның дәурені ресми қол қойылған 1991 жылы емес, енді аяқталған сияқты. Орыс пен украинның саяси айқындалу арқылы бөлінуі шешуші оқиға болып отыр. Өйткені
КСРО-ның құлауы кеңестік Ресей мен Украина социалистік республикаларының өзара бөлінуімен байланысты болған.
Украина мен украиндер әрқашан орыс өмірінің, немесе Кремльдегі қазіргі биліктің түсігінідегі «орыс әлемінің» тым маңызды бөлшегі болып келген. Сол себепті де Украина мәселесі Ресей үшін тым ауыр тиіп отыр.
Бұл күндері Украинадағы Мәскеу патриархатына қарасты православ шіркеуіне қатысты өрбіп жатқан оқиға көп нәрсені аңғартады. Бұрын шіркеу өзін Ресей мен Украинаны, орыс пен украинды біріктіретін, олардың ажырауына тосқауыл болатын рухани күш ретінде еркін көрсетіп келсе, енді өзін өзі айқындау үшін Ресеймен ашық айқасқа түскен Украина Мәскеу патриархатынан екеудің бірін таңдауды талап етуде. Тіпті, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс тоқтаса да бұл жағдай өзгере қоймас. Ұлттардың орыс пен украин болып саяси бөлінуі шіркеуді де таңдау жасауға мәжбүрлейді. Шынында да, Болгар шіркеуі, Серб шіркеуі немесе Румын шіркеуі болғанда Украина шіркеуінің болмауына не жорық?
Осылайша біздің көз алдымызда Ресей мен Украина 1990 жылы Қара теңіз флотын бөліскендей, енді өзінің ұлттық нышанын, тарихын, шіркеуін, айналып келгенде тарихи тағдырын бөліске сала бастайды. Енді екі мемлекет пен екі халықтың тарихы бір-бірінен бөлектенді. Бірақ олар болашақта жаңа негіздерді алға тартып, өзара ортақ тіл табысуы мүмкін. Өйткені кей жағдайда қайта табысу үшін алдымен ажырасқан жөн болып жатады. Тіпті, қарым-қатынастағы күрделі күрмеулерді тарқатып, өзіңнің кім екеніңді, кіммен бірге екеніңді түсіну үшін де ажырасу қажет шығар. Одан кейін бәрі оңайға соғады.
Бұл оқиғаның бәрі Қазақстандағы біздер үшін несімен маңызды десеңіз, оның бізге жанама қатысы бар. Өйткені біз ыдырауы әлі жалғасып жатқан кеңістіктің – бұрынғы КСРО-ның бөлігіміз. Соған сай, біз де өзімізді айқындау туралы ойлауымыз керек. Ресей президенті Владимир Путин «қазақтарда мемлекет болмаған» деп қойып қалғанда қазақ қоғамының дүр ете қалуының себебі сонда. Өйткені Путиннің бұл сөзі қазақ ұлтының өзін өзі айқындауы мәселесіне тікелей қатысты еді. Ресей президентінің аузынан шыққан бұл сөз екіұдай пікір туғызады, өйткені ол «орыс әлемі» тақырыбы турасындағы әңгіме барысында айтылды. Осылайша Ресей мемлекеті өз көзқарасы бойынша қазақты белгілі бір мағынада әлі де орыстың бір бөлшегі деп санайтынын атап өтті. Бұл дегеніміз, Мәскеу осылайша Қазақстанның тарихын өз тізгінінде ұстамақ, ал бұл өз кезегінде өте ұрымтал келетін саяси мәселе.
Әрине, мұндай кезде Астана үнсіз қала алмаған. Біздің қарымта ретінде берген жауабымыз — 2015 жылы Қазақ хандығының 550-жылдығын тойлау жөніндегі шешім. Бұл Қазақстан тарапынан жасалған ойлы жүріс. Өйткені тарихта 1465 жыл Қазақ хандығы құрылған дата ретінде жақсы белгілі. Қазақ хандығы іргесі шайқалған бұрынғы Жошы ұлысы – Алтын Орданың орнында пайда болған.
Бірақ бір қызық дерек елең еткізбей қоймайды, Қазақ хандығы 1480 жылы орын алған Угра өзеніндегі шайқастан 15 жыл бұрын пайда болған. Сол жылы Алтын Орданың соңғы ортақ ханы Ахмедтің Мәскеу княздігіне жасаған жорығы сәтсіз болып, Мәскеу тәуелсіздік алды.
Алтын Орда күйреген кезде оның шығысында тәуелсіз Қазақ хандығы пайда болды, одан кейін әлі орыс мемлекетіне айналып үлгермеген тәуелсіз Мәскеу княздігі пайда болды.
Анығында, жағдай әлдеқайда күрделі болған. Мәскеу шын мәнінде 1480 жылдан бұрын тәуелсіз болған, ал қазақтың тұңғыш ханы Жәнібек Жошы ұлысының батысы мен шығысын билеуге таласы бар Барақ ханның ұлы болатын. Ал Барақ қазіргі Қазақстан мен оңтүстік Сібір жерін алып тұрған Жошы ұлысының сол қанатының ханы Орыс-ханның немересі болатын.
Бірақ тарихта тек екі дата тіркелген. 1465 жылы Жәнібек пен Керей хандар бұрынғы Алтын Орда жерінің шығысында Қазақ хандығын құрды, ал 1480 жылы Мәскеу княздігі Алтын Ордаға бағынудан толық арылып, өзінің тәуелсіздігін жариялады.
Осылайша біздің Путинге берген жауабымыз жаман болған жоқ. Бірақ әділеттілік үшін қазақтың ортақ хандарын да еске алуымыз қажет.
Абылай, Кенесары мен басқа батырларды қанша сыйласақ та, Қазақстанда құрығанда Қасым, Хақназар, Есім, Тәуекел, Жәңгір хандардың атындағы көше жоқ.
Ал Астанадағы бір көшеге қосақтап, бірден Жәнібек пен Керей атын неге бергені түсініксіз. Ол екеуі екі бөлек адам емес пе?
Қазір тарих ұлттың өзін өзі айқындау жолындағы күрестің бір бөлігіне айналып отыр, оған үлкен мән беру керек. Бірақ ұлттың айқындалуы үшін шерулер, үгіт-насихат пен PR-шаралар жеткіліксіз. Қоғам өз сұрақтарына жауап алғысы келеді. Елде Қазақстанның айқындалуын талап ететін мүдделі халықтың қарасы мол. Бұрынғы басшылар қоғамның дәл осы пікірімен санаспай келген. Қазіргі басшылар әлі де халықты бұрынғы КСРО туының астына жиған ортақ нышандардың көлеңкесінде тығылып отыруға тырысады. Ал қазіргі айқындалудың мүлдем өзгеше екенін, мемлекеттік мүдделердің өзгергенін түсінбей отырмыз.