«Норманд форматындағы» 16 сағаттық келіссөздердің қорытындысы Минск келісімдерін орындау жөніндегі Кешенді шараларды орындауды қолдау декларациясы болды. Шын мәнінде, Кешенді шаралар 2014 жылғы 5- және 19-қыркүйекте келісілген тармақтарды неғұрлым нақтылау болып табылады. Атап айтарлығы, бір шелек кофе ішілгеніне қарамастан, Украина, Ресей, Франция президенттері мен Германияның канцлері Минскіде ешқандай жаңа шешімге келе алмады.
Дегенмен, анықтап қарасақ, Минск келісімдерін орындау жөніндегі Кешенді шаралардың құрғақ ресми тұжырымдамаларының артында белгілі қорытынды жасауға мүмкіндік беретін қызық детальдар жатыр. Мәселен, кезінде Менеджмент және экономикалық болжау институтын, Қазақ стратегиялық зерттеулер институтын, ҚР Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саясат және анализ орталығын басқарған тарих ғылымдарының докторы Болат Сұлтановтың пікірі бойынша, қол қойылған келісімдердің бірнеше негізгі сәттерін атап өтуге болады.
Болат Сұлтанов, Халықаралық және аумақтық қызметтесуді зерттеу институтының директоры:
— Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін құрметтеу туралы шешім қабылданды. Егер назар аударсаңыз, ол құжаттарда Қырым туралы бір ауыз сөз жоқ. Яғни, іс жүзінде Қырым Ресейдің аумағы болып танылды. Міне, осы Минск келісімдерін орындау жөніндегі Кешендік шараларды Киевте мойындауға қиындық тудыруы мүмкін. Менің ойымша, радикалдар бұған қарсылық білдіреді.
— Біз «танылмаған Луганск және Донецк республикалары» деген терминдерді пайдалануды қойдық. Егер сіз назар аударсаңыз, «Минск келіссөздерін орындау жөніндегі Кешенді шаралар» құжатында және үш мемлекет басшыларының сөздерінде «Луганск және Донецк облыстарының жекелеген аудандары» деген жаңа термин пайда болды. Киев жанама түрде болса да Донецк және Луганск облыстарының жаңа биліктерін заң жүзінде мойындады.
– Украина Президенті шекара толық қалпына келтіріледі деп мәлімдеді: ешқандай федерализация, автономизация болмайды, бірыңғай унитарлық мемлекет сақталады. Алайда Кешенді шараларда 2015 жылдың ішінде Украинада конституциялық реформа жүргізіліп, онда келесі мәселелер қамтылуы мүмкін деген түзету бар:
а) орталықсыздандыру,
б) Донецк және Луганск облыстары жекелеген аудандарының ерекше мәртебесі,
в) тілдік таңдау құқығы,
г) жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қатысу,
д) ең бастысы, орталық билік органдары тарапынан Донецк және Луганск облыстарының Ресей Федерациясының өлкелерімен трансшекаралық қызметтесуіне көмек көрсету.
Атап айтарлығы, Донецк және Луганск облыстарындағы жекелеген аудандардың тұрғындары осы нұсқаны қолдауға дайын, ал қазір Киевтегі билікті бақылауға алған радикалдық күштер бұған бармайды.
— Киев тарапынан құжатқа Кучма мырза… қол қойды. Оның мәртебесі Украинаның екінші президенті деп көрсетілген. Яғни, егер Луганск және Донецк облыстарының тарапынан Плотницкий мен Захарченко қол қойса, Киев негізі бұл құжаттан кез-келген сәтте бас тарта алады, өйткені Кучма заң жүзінде қызметтен кеткен саясаткер. Ол қазіргі Киевтің саяси өмірінде үлкен салмаққа ие емес және Украинаның оңтүстік-шығысында беделі жоқ. Міне, бұл Минск келісімдерін орындау жөніндегі Кешенді шараларды заңсыз деп танудың мүмкіндігі, өйткені оған Украина тарапынан зейнеткер Кучма қол қойған.
Атап айтарлығы, Болат Сұлтанов қол жеткізілген келісімдердің орасан зор маңызын жоққа шығармайды. Басты мақсат – қантөгісті тоқтатуға қол жеткізілді.
— Ең бастысы – Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аударында атысты дереу және толық тоқтату, екі тараптың да ауыр қаруларды әкетуі туралы қабылданған шешімдер. Ең маңыздысы, әйтеуір, бейбіт халықты айуандықпен қыруды тоқтатуға қол жеткізілді. Сонымен қатар, бұл жерде Киевтің де, жасақшылардың да заң жүзіндегі жауапкершілігі мойындалып отыр. Осы екі облыстың жекелеген аудандарындағы оқиғаларға байланысты азаматтарға рақымшылық жасау туралы шешім қабылданды. Аманатқа алынған және заңсыз қамауда отырғандарды алмастыруға қол жеткізуге мүмкіндік берген бұл қағидаттың гуманитарлық мәні мен мағынасы өте маңызды. Атап айтарлығы, ол «барлығын барлығына» айырбастау принципімен жүзеге асырылады. Өйткені майданның арғы және бергі жағындағы екі тарап та кінәсіз адамдарды ұстауда белгілі заң бұзушылықтарға жол берген. Сондай-ақ гуманитарлық тұрғыдан ең бастысы, әлеуметтік-экономикалық байланыстарды толық қалпына келтіру өте маңызды. Яғни, зейнетақы төленіп, ақша аударулары және тағы басқалары қамтамасыз етіледі.
— Қазір мәселе келесіге тіреліп тұр, Киевте және Донецк пен Луганск облыстарының жекелеген аудандарында жеңіске кім жетеді: «құзғындар ма» әлде бейбітшілікті қалпына келтірудің жақтаушылары ма. Мен Киевте де, Донецк және Луганск облыстарында да соғысты жеңіске дейін жеткізуді қолдаушылар өте көп деп есептеймін. Бұл Украина халқының мүддесіне сәйкес келмейді. Қазір Украинада азамат соғысы жүріп жатыр, ал азамат соғысына әрқашан адамдардың тағдырларын шешуде өздерін сот, тергеуші, адвокат санайтын өте көп адам қатысады. Қолына қару алған олар өздерін әркімге және барлығына жауапты керемет бір батырлардай сезінеді. Міне, осылай қолына қару, мойнына үлкен міндеттер алған адамдарды сабасына келтіріп, осы мәртебеден бас тартып, қайтадан еңбекақыдан еңбекақыға дейін өмір сүретін бейбіт адамдар кейіпіне келтіру өте қиын. Олар Минск келісімдерін орындау жөніндегі Кешенді шараларға қол қойғандарға екі тараптан да қысым көрсететін өте маңызды адамдар тобы.
— Мұның сыртында, соғыс барысында мыңдаған адамдардың құрбан болғанын ескерген өте маңызды. Ондаған мың адамдар жарақат алды, мүгедек болды, психологиялық қысымға ұшырады. Өйткені осы жарияланбаған соғыста жақындарынан айырылған екі тараптың адамдары кек алуға дайын. Оларға енді өздерінің өмірі соншалықты қымбат емес, осындай санаттағы адамдарға психологиялық көмек қажет. Бұл үшін өте маңыздысы, гуманитарлық қана емес, сондай-ақ дәрігерлік, оның ішінде, психологиялық көмек қолжетімді болу керек. 2015 жыл өте тартысты саяси күрес жылы болады. Алайда қалай болса да, саяси күрес ешқандай кінәсі жоқ мыңдаған адамдар қаза болатын қарулы текетірестен артық. Сондықтан мен қол қойылған құжаттарды жағымды тұрғыдан қабылдаймын.
— Минск келісімдерін орындау жөніндегі Кешенді шаралар декларациясының өзінде өте қызық түйткіл бар. Онда жетекші еуропалық мемлекеттер көшбасшыларының Атлантикадан Тынық мұхитқа дейін халықаралық құқықты және ЕҚЫҰ принциптерін толық құрметтеуге негізделген ортақ гуманитарлық және экономикалық кеңістік құруға мүдделі екендігі айтылады. Яғни, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезінде Қазақстан ұсынған және 2010 жылғы 2-желтоқсандағы Астана декларациясында бекітілген Аталантикадан Тынық мұхитқа дейін қауіпсіздік кеңістігін құру идеясы қайтадан сұранысқа ие болды. Мен бұл жерде Астана декларациясының негізін құраушы осы қағидатты одан ары дамытуға орасан зор әлеует бар деп есептеймін. Франция президентінің, ФРГ канцлерінің және Ресей президентінің ортақ гуманитарлық және экономикалық кеңістік құруға мүдделілігі бізге қазірдің өзінде еркін сауда аймағын құру бойынша Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтар арасында байланыстар орнатуға көшуге мүкіндік береді. ЕҚЫҰ аумағынан тыс жерде қосымша қауіпсіздік кеңістігін құруға да. Егер біз ЕҚЫҰ шаңырағының астында осы екі алаңды бір механизмге біріктірсек, онда барлық қақтығыстық жағдаяттарды немесе «мұздатылған» қақтығыстарды ЕҚЫҰ кеңістігінде шешуге болады. Келісушілік пен ымырашылдық тұрғысынан. Осы орайда Кешен саяси жігер болған жағдайда қарулы қақтығыстарды тоқтатып, тараптарды келіссөздер жүргізуге көндіруге мүмкіндік береді.
Естеріңізге салсақ, Минскідегі келіссөздер қорытындысы бойынша 15-ақпандағы 00 сағаттан бастап атысты тоқтатуға қол жеткізілді. Бұдан тыс, байланыс тобының минскілік келісімдерді жүзеге асыруға бағытталған шаралары туралы құжатына қол қойылды.