Заңнамалық өзгерістер мен ЕАЭО-дағы ашық шекара арақ-шарап сатушыларын шырылдатқалы тұр. Алкоголь өнімдерін импорттайтын компаниялар дабыл қақты: ішімдік нарығында үлкен проблема туындап, енді бағалар өседі, дейді олар.
Еліміздегі заң шығаратын жоғары мекеме өкілдерінің сөзінше, этил спиртінің өндірісі мен алкоголь өнімдерінің айналымын қадағалауды күшейту – халықтың арақ тұтынуын азайтып, заңсыз айналымға тосқауыл болады.
Бірақ сырттан арақ-шарап тасып, оны елде сататын компания өкілдерінің пікірі басқаша. Нарықты реттеу мақсатындағы тосқауылдар тек жұмысқа кедергі болады. Енді жұмысына адал импортерлер өз күшімен заңсыз айналыммен күресуі керек, контрафакт тауар тасымалдаушыларын өздері анықтап, өздері ұстап алуы керек екен. Қысқасы, күшейген заң нарықты көлеңкеге итермек, енді заңды тауардың орнын контрафакт пен «самопал» басады.
– Бізде заңсыз тасымалды бақылау мәселесі өткір тұр, – дейді «АлкоИмпорт» алкоголь импорттаушылары қауымдастығының президенті Ләззат Нәбиева. – Мысалы, қырғыздың өнімі Қазақстанның өнімінен әлдеқайда арзан, өйткені оларда баж салығының ставкалары мен акциздердің құны төмен. Олармен бәсекелесе алмаймыз. Оның үстіне, олар территориялық шектеулерге пысқырмастан өз өнімін Қазақстанда саудалауға барынша тырысады.
Екі республика аумағының арасындағы бейтарап аумақта орналасқан қырғыздың екі duty-free дүкені біздің азаматтарымызға алкоголь өнімдерін көл-көсір сатып жатыр, ал заңға сай, баж салығы жоқ дүкендерде адам басына екі литрден астам алкоголь өнімін сатып алуға рұқсат етілмейді.
– Ол екі дүкеннің бірі Қордайда, екіншісі Алматы-Бішкек тас жолының бойында орналасқан, – дейді Қазақстандағы «Русский алкоголь» компаниялар тобының өкілі Алексей Кравцов.
– Ол жерге барсаңыз бір «Газельді» Hennessy коньягымен толтырып, оп-оңай әкете аласыз.
Кәсіпкерлердің айтуынша, контрабандистер көз алдында лық толы жүк көліктерін өткізіп жатса да, кеден мен шекарашылар бұған «көзжұмбайлықпен» қарайды.
– Мұның себебі біреу-ақ, жемқорлық, – деген сенімде Ләззат Нәбиева. – Пара берсең, кез-келгенді дегеніңе көндіруге болады.
Бірақ контрабандистер заңды жақсы біледі. Егер құны 500 АЕК-тен асатын заңсыз тауармен ұсталса, бұл қылмыстық іс саналады. Ал құны 1 миллион теңгеге жетпейтін тауар үшін мардымсыз айыппұл ғана көзделген. Сол себепті олар тауарды шағын партиямен, бірақ жиі-жиі тасиды.
Шамамен, орташа есеп бойынша, Қазақстандағы бар арақ-шараптың 25-30 пайызы контрабанда деседі. Бұл дегеніміз, мемлекет шамамен 3 миллиард теңгеден қағылып келеді.
Экспортерлердің пікірінше, заңды күшейтудің тағы бір жайсыз тұсы бар – алкоголь саудасының көлеңкелі секторы ұлғаяды. Халық сапасыз арақ-шарапқа тап болады. Еліміздің алкоголь нарығындағы контрафакт тауардың үлесін мамандар қазірдің өзінде 50 пайызға бағалап отыр, әрі бұл жайсыз көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді.
– Шағын кәсіпкерлікті тексеруге салынған тыйым жаппай жөнсіздікке алып келді, – дейді заңгер Асылбек Әбдіқұлов. – Қазір еш қымсынбай контрафакт сататын интернет-дүкендер қаптап кетті. Олардың тауарлары – әдетте жұртқа танымал брендтер болып келеді.
Заңгер мұндай екі дүкенді атады: optovka24.kz және alkomag.kz. alkomag.kz сайты өзін duty-free дүкені ретінде жарнамалаған, бірақ қымбат арақ-шарап өнімдерінің бағасы нарықтық бағадан әлдеқайда арзан.
– Біздің қауіпсіздік қызметінің жігіттері сол интернет-дүкеннен Hennessy коньягына тапсырыс берді, – дейді Ләззат Нәбиева. – Жалған тауарды алып келген экспедиторды да ұстап алғанбыз. Бірақ ол қу жігіт екі рет қашып кетті!
— Ақыры біз оны ұстадық. Құқық қорғау органдарына арыз түсірдік, қазір оның ісі қаралып жатыр, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ, – деп қосты Алексей Кравцов.
Сарапшылардың айтуынша, арзан әрі сапасыз өнімді негізінен HoReCa орындары (қонақ үйлер, ресторандар мен кафелер) және C санатындағы сауда орындары сатып алады. Қысқасы, баға айырмашылығынан табыс көруге құлшынатын және өнім сапасына бас қатырмайтын орындар алады екен.
– 2014 жылы бизнесті тексеруге енгізілген мораторийдің кесірінен ешбір контрафакт пен контрабанданың жолы кесілмеді, – дейді Асылбек Әбдіқұлов. – Бірақ баспасөз бетінен Шамалған мен Шымкентте жалған өнім шығаратын екі цехтің жабылғаны туралы ақпарат оқыдым.
– Біздің саламыз салықтар мен бюджет алымдары түрінде бюджетке үлкен кіріс әкеледі, – дейді Ләззат Нәбиева. – Бірақ біз мемлекет қолдауына зәруміз. Бірінші мәселе – контрабанда мен контрафакт. Екінші мәселе – ЕАЭО елдерінен күшті алкоголь тасымалдауды реттеу аясындағы заңдарды өзгерту.
Импортерлердің айтуынша, олар алкоголь нарығынан бюджетке түсетін кірістің 50 пайызын қамтамасыз етіп отыр, бірақ импорттық өнім біздегі нарықтың 10 пайызын ғана құрайды.
Жыл басынан бері билік қосымша алымдармен спирттік ішімдік сатушыларының алқымын қыса түсті: акциз 20 пайызға артты және лицензиялық алым өсті (бөлшек сатушылар үшін 100 АЕК және көтерме сатушылар үшін 200 АЕК). Енді импортерлер ЕАЭО елдерінен әкелген ішімдіктің әр литрі үшін 1 АЕК көлемінде қамтамасыз ету жарнасын төлеуге міндеттелді. Биліктің бұл норманы енгізгендегі мақсаты – қазақстандық кәсіпкерлердің ЕАЭО елдері аумағындағы бәсекелестігін арттыру болатын. Алайда импортерлердің айтуынша, соның кесірінен Қазақстанда ЕАЭС елдері – Ресей, Беларусь пен Арменияның алкоголь өнімдері айтарлықтай қымбаттайды. Сонымен бірге украиналық араққа деген сұраныс артуы мүмкін…
Өйткені Украинаның Сауда-саттық министрлігі алкоголь өнімдерінің экспорты мен импортын лицензиялауды мүлдем жоюды жоспарлап отырған көрінеді. Сондай-ақ, алкоголь саласындағы есеп бермеген жағдайда кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдарды да алып тастамақ екен. Мұндай қолдаудың арқасында украиналық алкоголь өнімдері Қазақстанға судай ағуы мүмкін – өйткені үкіметтің мұндай жеңілдігі тауарды Қазақстанға жеткізу шығынын артығымен ақтайды.