Ресеймен экономикалық одақ құру бабаларымыз талай ғасыр аңсаған тәуелсіздігімізден айырылуды білдірмей ме? Белгілі саясаттанушы Дос Көшіммен болған сұқбатымызда біз осы және басқа сұрақтарға жауап беруге тырыстық.
– Жылдың басында біздің экономикамыздың доллардан бас тарту мүмкіндігі туралы әңгімелер өршіп кетті. Бұл негізі Ресей тарапынан жасалған ұсыныс болатын. Сіздіңше, доллардан бас тарту біздің экономикамыз үшін қаншалықты мүмкін?
– Мен экономист емеспін. Дегенмен, дәл қазіргі сәтте доллардан бас тарту немесе доллармен сауда жасауды тоқтату мүмкін емес. Біздегі бүкіл шетелдік келісім-шарттар, мұнай бағасы, инвестиция доллармен көрсетілген.
Яғни, қаржылық операциялардың 80 пайызы американдық валютамен жүзеге асырылады.
Қаржы-валюталық қорымыздың өзі доллармен есептелінген. Болашақта доллармен жұмыс істемейтін деңгейге жету үшін, кем дегенде, 5-10 жыл керек. Ресей интеграциялық процесстерді жеделетуге тырысуда. Ал асығыстық опық жегізуі мүмкін.
– Бүгінде ел арасында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ортақ валютаға көшуі туралы әңгіме өршіп тұр. Бұл қаншалықты мүмкін?
– Менің ойымша, ортақ валютаға көшу 2025 жылдарға қарай ғана мүмкін болатын шығар. Бірақ, өз басым ортақ валютаға түбегейлі қарсымын. Ұлттық валютадан айырылу – тәуелсіздік үшін қауіпті. Мемлекет экономикалық тұрғыдан тәуелді болса, саяси тұрғыдан да тәуелсіз бола алмайды.
– Ал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болу – экономикалық тәуелсіздігімізден айырылу емес пе?
– Әзірше, ондай дәрежеге жеткен жоқ шығармыз. Бірақ біртіндеп экономикалық тәуелсіздікті беріп жатырмыз. Елбасы әрбір әңгімесінде бұл тек экономикалық одақ дегенді шегелеп айтады. Алайда, жақында ғана Еуразиялық экономикалық одақтың алғашқы отырысында президенттердің қол қойған бірінші құжаты әуе кеңістігін бірлесе қорғау (ПВО) туралы келісім болды. Бұл – әскери бірлестік. Экономикалық одақ пен әскери бірлестіктің арасы жер мен көктей. Әскери қауіпсіздік – саяси-стратегиялық тәуелсіздігіміздің негізгі алғышарттарының бірі. Мұндай қадамға бармауымыз керек еді. Ертең Украинадағыдай жағдай туындаса, әуе кеңістігінің қауіпсіздігін өзіміз қолына берген елге қалай қарсы тұра аламыз. Мемлекет тәуелсіздігін қорғап қалудың бір мүмкіндігі – оның әскери доктринасы, әскери күш-қуаты. Біз сол әскери күшімізді ортақ күшке айналдырсақ, тәуелсіздігіміздің үштен бірінен айрылғанымыз.
– Еуразиялық экономикалық одақтың болашағын қандай болмақ?
– Еуразиялық экономикалық одақ – Еуразиялық деген атына сай, еуропалық та, азиялық та мемлекеттерді қатарына енгізуі керек еді. Бұл одаққа Түркия да, Қытай да мүше болғысы келді, бірақ Путин олардың енуіне түбегейлі қарсы болды. Сондықтан бұл одақтың «Еуразиялық» деген атауының өзі дұрыс емес. Бұл одақтың мақсаты – бұрынғы кеңестер одағын қалпына келтіру. Алайда көптеген посткеңестік елдер бұл одаққа қайрылмастай кетті.
– Қазір көптеген сарапшылар, Ресейдің өзі ыдырап кетуі мүмкін деген болжам айтады. Бұл қаншалықты мүмкін?
– Бұл болжам 90-жылдардың басынан бастап айтылып келеді. Бірақ, ол әзірше мүмкін емес. Ресейден бұйдасын үзуге Чешенстан мен Татарстан талпынып көрді? Бірақ одан түк шықпады. Қазір Ресей Чешенстанды ақшамен және әскермен ұстап отыр. Ал Татарстандағы демографиялық жағдай мен республиканың Ресейдің ортасында орналасуы бөлініп шығуға мүмкіндік бермейді. Бірақ, мемлекет ішінде тыныштық жоқ. Өйткені, 15 республиканың бәрін бірдей уыста ұстау оңай шаруа емес.
– Еуразиялық экономикалық одақ туралы сөз қозғалғанда, өзімізге төнетін қауіптің бір ұшын бұрынғы отар ел болғанымыздан іздейміз. Қазақтың ұлттық санасы әлі оянған жоқ деген пікірлер жиі ұшырасады. Қазақтың ұлттық санасы қаншалықты оянды, ұлттық иммунитетіміздің деңгейін қалай бағалар едіңіз?
– Өте қиын. Біз әлі өліарадамыз. Не орыс мәдениеті тартып әкетеді, не төл мәдениетіміздің мерейі үстем болады. Бізде әлі ұлттық құндылықтарымызды сақтау, оны болашаққа жеткізу тұрғысынан қауіп бар. Өкінішке қарай, бұл мәселелер әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Былтыр менің қызым Алматыдағы Айнабұлақ ықшам ауданындағы №113 мектепті бітірді. Ол аралас мектеп болатын. Мектеп бітіруге арналған жиналысқа барған едім. Бас қосу басынан-аяғына дейін орыс тілінде өтті. Қатысушыллардың бәрі қазақтар, алайда бір орыс сыныбы бар екен. Ол сыныпта оқитындардың да бәрі қазақтар. 1989 жылы біз осы арадағы бар-жоғы 289 бала оқитын №136 мектепті қазақ мектебіне айналдырдық, оны қазақ мектебі жасау үшін, кемінде бес жүз баланы табу керек болды. Сонда үй-үйлерді аралап жүріп, насихат жүргіздік. Бірінші қыркүйек күні біз 699 баланы әкелдік. Сол кезде жетінші сыныпта оқып жатқан баласын орыс сыныбынан қазақ сыныбына алып берген ата-аналар болды. Қазір, керісінше тенденция басталған сынды. Орыс сыныбында тек қазақ балалары отыр. Біздің ең үлкен кемшілігіміз – билікпен айғайласамыз, бірақ қарапайым қазақтармен, елмен жұмыс істеуді ұмыт қалдырғанбыз. Оқушылардың 63 пайызы қазақша оқиды, қазақ балаларының 34 пайызы орыс мектебіне барады. Кезінде Ақмола облысының Сандықтау ауданында екі қазақ мектебі, ал Алматыда бір ғана қазақ мектебі болған еді. Қазір Алматыда 56 қазақ мектебі бар, Сандықтауда әлі сол екі мектеп. Қысқасы, азаматтық қоғамның негізгі мақсаты — халықпен жұмыс істеу екенін ұмыттық. Біз қазір қазақты ұмытып кеттік.
– Сонда ұлттық—саяси партия қажет деп ойлайсыз ба?
– Діни бағыттағы және ұлттық бағыттағы партия құруға тыйым салынған. Бірақ, біз «Халық рухы» партиясын құрған кезде, ұлттық партия деп құрған жоқ едік. Әділет министрлігі партияның бағдарламасы мен жарғысындағы ұлттық мәселелердің көтерілуіне назар аударды. Бағдарламада біздің негізгі көздегеніміз рухани мәселелер болатын. Бұл Үкіметке ұлтшылдар тарапынан берілген саяси қоңырау. Біз осы уақытқа дейін саяси күреске араласқан жоқпыз. Үкіметке қоғамдық деңгейде ұлттық мәселелерді қалай шешудің жолын айттық, көрсеттік. Алайда оған құлақ асылмады. Біздің ендігі қадамымыз — саяси құқық үшін күресу. Бірақ мұның өзі күлкілі. Бізге саяси тәуелсіздік қажет болды. Оған қолымыз жетті. Енді өз елімізде ұлттық құндылықтар үшін күресуіміз былайғы елдің күлкісін келтіреді ғой. ХХ ғасырдың басындағы алашордашылар мен ұлттық «Алаш» партиясының алға қойған мақсаттары болған. Мен сол мақсаттардың қаншалықты жүзеге асқандығы жөнінде зерттеу жасадым. Бүкіл «Алаш» бағдарламасынан бір-ақ нәрсе жүзеге асыпты. Ол – жеке мүфтият құру. 1992 Жылы дербес мүфтият құруға қол жеткіздік. Басқа бір де бір мақсат жүзеге аспаған. «Желтоқсан» қоғамдық ұйымының, «Азат» қозғалысының алға қойған мақсаттарының бір де біреуі орындалмаған. Біз жеке мемлекет құрдық, алайда баяғы КСРО күйінде қалдық. Елді сол коммунистер басқарады, басқару нысаны да сол баяғы қалпында. Сондықтан ұлтшылдардың саяси партияға құруға ұмтылуы әбден мүмкін.