Тарихқа шарттылық жүрмейді деп кім айтты? Заманауи ақпараттық соғыстарда осы құрметті ғылым насихат құралына айналды. Бәрін жаңсақ айтуда – даталарды, оқиғалардың орнын, тарихи фактілерді, міне, Атилла украин, ал Шыңғысхан орыс болып шыға келді. Елдер арасында алдамшы ұлылық бәсекесі жүріп жатыр. Әркім өз елін, халқын неғұрлым ірі, мықты, ауқымды етіп көрсеткісі келеді.
Қазақстандық тарихи ғылымға келетін болсақ, біз де сүттен ақ, судан таза емеспіз, бірақ біздің кемшілігіміз басқада. Симптоматикасы бөлек. Біз әлі күнге дейін кеңес тарихнамасының шырмауынан, өткен тарихи оқиғаларды кеңестік көзқарас тұрғысынан бағалаудан арыла алмай келеміз. Саясаттанушы және тарихшы Әзімбай Ғалимен болған сұқбатымыз осы турасында.
— Не десек те соңғы жиырма жылда қазақстандық тарихи ғылымда түбегейлі өзгерістер орын алды. Көптеген дүниелер қайта қаралды. Бүгінде Қытайда, көршілес Өзбекстанда, Иранда, араб елдерінде сақталып қалған түпдеректердің арқасында, біздің дәуірімізге дейінгі үшінші, екінші, бірінші мыңжылдықтан бастап, осы өңірді мекендеген түркі және скиф тайпаларының тарихын бақылай аламыз. Археологтар Қазақстанның түкпір-түкпірінен жаңа „алтын адамдарды„ табуда, бұл біздің халықтың ежелгі тарихын дәлелдейді. Дегенмен кемшіліктер де жоқ емес. Міне, осы туралы әңгімелессек деген ниет бар. Біз қай жерде кемшін түсіп жатырмыз? Қазақтың заманауи тарихи ғылымында қандай қиындықтар бар?
– Бір қызығы, тарихи ғылымдағы ең үлкен ілгерілеушілік қайта құру жылдарында орын алды. Яғни, кеңес үкіметі кезінде. Неғұрлым батыл креативтік идеялар сол кезде айтылған болатын. Бірақ артынан құлдырау орын алып, ол идеялар ұмытыла бастады. Айталық, көшпенділіктің рөлі. Нұрболат Масанов көшпенділікті әсерлеуге, әспеттеуге жол ашты. Ал Батыста көшпенділікті әсерлеу, әспеттеу жоқ. Бірақ біз не десек те, өзіміздің тарихымызды Батыстың, Еуропаның өлшемдерімен сызуымыз керек. Қазір біз оның қоғамдық ойдағы ең жақсы олжа емес екенін мойындауға мәжбүрміз. Сондықтан қалалардың рөлі, отырықшы мәдениеттің рөлі, көшпенді және отырықшы мәдениеттердің селбесуі – ақиқатқа жақын. Ал сонау кеңес кезеңінде Қазақстандағы барлық қалаларды ежелгі согдиалықтар салған, қазақтардың құрылысқа ешқандай қатысы жоқ деген теория дамытылған болатын.
– Олай болса, сол ежелгі согдиалықтардың тарихи сахнадан қашан кеткенін анықтап алған жөн болар?
– Әлбетте. Бірақ бұл жерде, атап айтарлығы, мәселе, тіпті, онда жатқан жоқ. Кеңес тарихнамасының басты идеясы қазақтардың Орталық Азия аумағында өз мемлекеттік құрылымдарын құрудағы рөлін төмендетуге бағытталған болатын. Ол тарихта бізге өзінің еш нәрсесі жоқ варварлардың рөлі белгіленген еді. Дегенмен кезінде замандастар Алтын орданы „мың қала мемлекеті„ деп атаған-ды.
Дәл осылай XVIII ғасырдағы Ресейде билік басындағы неміс элитасы көпе-көрінеу орыс халқының еңбегі мен рөлін төмендеткен еді. Сөйтіп, олар орыстар еш нәрсе құрған емес, олар бір нәрсе жасауға қабілетсіз, бұрын олар үшін барлығын варягтар жасаса, ал қазір барлығын біз, немістер жасап жатырмыз деген пікір қалыптастырды. Жаңғырығы бүгінгі күнге дейін жетіп жатқан, Ресейдің XVIII—XIX ғасырлардағы өткен оқиғаларының жалған тарихи түсіндіруі осындай. Өкінішке қарай, тарихи ғылымда мұндай дүниелер ауқын-ауқын орын алып отырады.
Сонымен бірге, сол Ресейде қазір біреу орыс халқының өз мемлекеттігін құрудағы рөлін төмендетуге тырысып көрсінші — бірден аяғын аспаннан келтіреді.
— Еліміз Қазақ хандығының мерейтойын атап өтуге дайындалуда. Осы тарихи құбылысқа баға беруде ғылымда не өзгерді?
– Бұл мәселеде, менің ойымша, әулеттердің рөліне лайықты баға берілмей отыр. Бір халық көшпенді өзбектердің империясын екі мемлекетке бөледі: қазақтардыкіне және өзбектердікіне. Осылай қазақ хандығы пайда болды. Мүмкін, қазақ хандығының құрылуының бастауы ретінде Орыс-ханның басқаруын алсақ, жөн болады. Өйткені қазақ арасындағы моңғолдан тараған Шыңғыс-хан ұрпақтарының әулеті дәл осы Орыс-ханнан бастау алмай ма.
Жалпы, бұл жерде ақтаңдақтар көп. Ұмыт болған тақырыптардың бірі – Алты Алаш мемлекеті. Ол құрамына қазақтың үш жүзі, одан бөлек ноғайлар, қарақалпақтар және қырғыздар кірген өңірлік империя болатын. Біздің ғылым Алты Алаш кезеңін зерттемейді, атамайды, дараламайды. Менің ойымша, егер біз тарихқа тарихи ақиқатқа жақын жаңа түсініктеме беруге ниетті болсақ, бұл дұрыс емес. Ал осы мемлекет XVI – XVIII ғасырларда бақылау жасаған аумақ заманауи Қазақстанның шекарасынан әлдеқайда ауқымды болған.
Немесе 1916 жылғы көтерілісті алайық. «Алаш Орда» көшбасшылары Ресей империясымен қарулы күреске баруға қарсы болды, бірақ қазақтар оларды тыңдамады. Қазақтар өздерінің ру басыларының соңынан ерді, бұл қазақ геноцидінің бірінші кезеңіне әкеліп соқты.
Немесе Ресейдегі азамат соғысы – біз оны қалай көрсетеміз? Егер қазақтарда не таптың, не таптық жіктеудің болмағанын ескерсек, бұл соғыс біз үшін еш уақытта азамат және таптық соғыс бола алмайды. Егер әсерлеп айтар болсақ, 1918-20 жылдардағы оқиғалар қазақтар үшін «біреудің тойында тайраңдау» іспетті. Қысқасы, ақтар мен қызылдардың текетіресі – таза ресейлік дүние. Міне, осы жерде де тарихты қайта қарау қажет.
Бізге отаршылыққа қарсы көтерілістердің жаңа жіктемесі қажет. Айталық Сырым Датов және Махамбет Өтемісов басшылық жасаған қозғалыстар. Онда қазақ ісіне Орынбор әкімшілігі араласқан өте үлкен және күдік тудыратын жәйттер бар. Мен түсінемін, өткен ғасырдың 20-30-жылдарында кеңестік тарихи ғылымда империяның шалғайындағы кез келген толқу ұлт-азаттық қозғалыс ретінде жіктелетін. Бірақ бұл жағдайда күрес белгілі топтар мүдделерінің сақталуы үшін жүргізілген-ді.
Керісінше, екі рет тарихи ғайбаттауға ұшыраған Кенесары Қасымовтың көтерілісін қазақтардың нағыз ұлт-азаттық қозғалысы деп атауға болады. Алғашқы ғайбаттау Тілеуқажы Шоимбаевтың кезінде орын алса, екінші рет – тарихшы Вяткиннің тұсында болды.
— Біздің тарихшылар дәл осындай айтулы оқиғаларға, соғыстарға, көтерілістерге назар аударғанды жақсы көреді. Мұндай тарихты оқысаң, бірыңғай атыс-шабыс болады. Қазақтардың ойлағаны тек соғыс болған ба деген ойға қаласың. Дегенмен, бейбіт өмір орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кезеңдер де болды емес пе? Алайда ол кезеңдер неге екені белгісіз отандық тарих мәтінінен тыс қалуда. Әлде біздің тарихшыларға күнделікті тұрмыс туралы жазу қызықсыз ба? Оларға міндетті түрде батырлар, соғыстар, ерліктер туралы жазу шарт па?
– Иә, онда көрініс бар. Осы орайда, Бөкей ордасының тарихы зертеуге лайық. Өздеріңізге белгілі, Бөкей-хан өз ордасының негізін қазіргі Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында қалаған болатын. Осы жерде екі прогрессивтік хан Бөкей мен Жәңгір нарықтық реформаларды жүзеге асырды. Шынын айтсақ, бұл реформалардың барысында қателіктер жіберілді. Олар біздегі жекешелендіру кезінде жіберілген қателіктерге ұқсас болатын. Бұл озық тәжірибе де зерттеуге лайық. Бір кезде мен былай деген едім:
«Егер кезінде Бөкей-ханға кедергі келтірмегенде, оның ішінде, қазақ көтерілісшілері, қазір Қазақстандағы тұрмыс Чехиядағыдай болушы еді».
Менің бұл сөзім Бөкей мен Жәңгір хандардың реформаларын отаршылдық режимге бейімделу деп санаған менің кейбір әріптестеріме ұнамады. Бірақ маған өзім жасаған тарихи оқиғалардың нұсқасы қызығырақ сияқты. Өйткені XIX ғасырдың басындағы қазақ даласындағы нарықтық қатынастардың қарқынды дамуы үлкен үміт күттірген-ді.
Сонымен қатар, жоғарыда айтылғандарға оралсақ, ұмытпай тұрғанда қосарым бар. Бүгінде ресейліктердің аузына қараған біздің кейбір жігіттер Кенесары Қасымовтың әскері небәрі бір жарым мың сарбаздан тұрған дегенді айта бастады. Бұл қазақ элитасының ең қуатты, ең жүйелі ұлт-азаттық бас көтеруін жоққа шығару. Міне, осы жерде мен ұлттық элита қозғалысы дегенді ерекше бөлемін. Өйткені, көп ретте, егер ел таныған көсемдер мен батырлар басқармаса, халық өз бетімен қуатты қозғалыс ұйымдастыра алмайды. Көпшілік осы тезиспен келіседі деп ойлаймын. Ал жасақшылардың санына келетін болсақ, азаттық қозғалысының түрлі кезеңдерінде Кенесары Қасымовтың қол астындағы әскерде отыз бес мыңнан қырық мыңға дейін сарбаз болған, ал бұл сүреңсіз мыңдық емес, кәдімгі қалың қол.
Өкінішке қарай, цифрларды осылай еркін пайдалану жиі орын алады. Мұны орыстарды көкке көтеретіндер де, орыстарды жек көретіндер де пайдаланады. Мәселен, 1932–33 жылдардағы ашаршылықта төрт миллион қазақ қырылды дейді. Кешіріңіздер, олай болса, біз қайдан шықтық? Шын мәнінде, бір миллион жеті жүз мыңға жуық адам қаза болды. Ал бұл екі жарым, үш жарым, оның үстіне, төрт миллион адам емес. Аштықтан қашқан қазақтардың бір бөлігі Өзбекстанға, Қытайға ауды. Тағы біраз қазақ Ресейге кәсіпорындар құрылысына кетті.
— Ең бастысы – баяғыда өткен істер жайындағы осындай ғылыми айтыстар қалай пайдаланылады?
– Оның жауабы өте қарапайым – ол идеология. Халқымыздың тарихи мұрасын дұрыс түсіндіру бүгінгі күннің маңызды қажетілігі. Өйткені болашақ ұрпағымыздың қасиеті бүгін біз мектептер мен университеттерде қандай тарихты оқытатынымызға байланысты.