Қазақстан қоғамы осыдан бір апта бұрын өз тәуелсіздігінің 23 жылдығын атап өтті.
Атап өтті деген жай сөз, шын мәнісінде, Тәуелсіздік мейрамы 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін Қазақстан билігін тек үрейге бөлеумен келеді. Сол жылдан бері алаңдарда ән шырқалмайтын болды. Әкім қаралар ел алдына шығып, Қазақ халқын ғасырлар бойы күткен ардақты да киелі мейрамы – Тәуелсіздік күнімен құттықтамайтын болды. Қазақ тәуелсіздігіне жол ашқан Желтоқсан құрбандарын еске алатын азалы күн – 17 желтоқсанда ел атқамінерлерінің боздақтарды еске алып, жазықсыз жастардың қаны төгілген алаңға тәу еткенін де ешкім көрген емес.
Оны айтасыз, Астанада Орталық коммуникациялар үйінде брифинг өткізген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке «31-канал» телеарнасының тілшісі Гүлбану Әниятқызының «16 желтоқсанда Алматыда неге болмайсыз, Тәуелсіздік монументіне неге гүл шоғын қоймайсыз? Неге алаңға тәу етпейсіз?» деген сауалына 15-ші желтоқсандағы туған күніне орай, Алматыда, қалада болғысы келмейтінін айтқан. Алматы қаласына әкім болған жеті жыл ішінде Есімов мырзаның бірде-бір рет алаңда болмағанын естіп жағамызды ұстадық. Есесіне, әкімдер Жаңа жыл шыршасын жағуда өзара бәсекеге түседі. Бірінен-бірі асып түсуге жанталасады. Қалаларда Тәуелсіздік мейрамымен құттықтаған ұрандар мен плакаттардың өзі бірен-саран. Тіпті, кейбір қалалар қазақ елінің тәуелсіздігін көзге де ілмеген көрінеді. Мәселен, Қарағандыда тәуелсіздікпен құттықтаған ешқандай ұрандардың болмағандығы туралы www.bnews.kz агенттігінің тілшісі жазған болатын. Мұның барлығы Қазақстан қоғамының қазақ мәдениетінің төңірегінде топтаса алмай отырғандығының көрінісі болса керек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтырғы жолдауы – «Қазақстан жолы – 2050» деп аталады. Осы Жолдаудағы негізгі тезис – «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» дегенге саяды. Ал осы бір болашақты кіммен жасаймыз? Қазақстан халқы қай мәдениеттің төңірегінде топтасуы тиіс? Бұл сұраққа жауапты Нұрсұлтан Назарбаевтың алдыңғы жолдауларын, Қазақстан халқы ассамблеясы сессияларының хаттамаларынан табуға болады. Елбасы «Қазақ тілі – Қазақстан халқын біріктіруші фактор» немесе «Қазақ халқы – Қазақстан халқын топтастырушы негізгі күш» деп талай рет атап өткені мәлім. Алайда, біздің қоғам іс жүзінде қазақ тілі мен мәдениетінің төңірегінде емес, жат ұлттың, бұған дейін отарлаушы болған ел тілінің төңірегінде топтасуға бет алып бара жатқан сынды.
Аты-жөнін толық атаудан бас тартқан Жәнібек есімді жігіт өзінің Қазақстанға Моңғолиядан оралғандығын айтады.
– Мектепті қазақ тілінде бітірдім, сол себепті де мен қазақ тілінің мәйегін емген, ана тілімді еркін меңгерген қазақпын. Он жылдан астам уақыт шет мемлекеттерде, оның ішінде, Оңтүстік Кореяда, Америкада білім алдым. Ағылшын тілін жаңғақша шағамын. Алайда, осында келгелі орыс тілін білмейтіндігім көп бөгет болуда. Көптеген ұлттық компанияларда, оқу орындары да орысша білмейтіндігімді көлденең тартып, жұмысқа алудан бас тартты. Сонда деймін-ау, мемлекеттік тіл мен ағылшын тілін білетін мамандардың құны бес тиын болып тұр ма? Тәуелсіздік алғанына 23 жыл болса да, өз тілін төрге оздыра алмай отырған Қазақстаннан басқа мемлекет жоқ шығар, – дейді ол күйініп.
Алайда, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің пікірі Жәнібекпен мүлдем қарама-қайшы. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Александр Смирнов мемлекеттік тілде сөйлеуге заңдық тұрғыдан да, басқа жағынан да көптеген мүмкіндіктер жасалғанын айта отырып, тек халықтың ерік-жігерінің жетпей отырғандығын жеткізді:
– Сіз өзге ұлт өкілдері туралы сұрап отырсыз. Көптеген қазақтардың өзі қазақша білмейді, сөйлемейді. Қазақтың ұлы ақындарының бірі Жұбан Молдағалиевтің баласымен мен жақсы доспын. Ол қазақша жақсы сөйлей алмайды. Жұбан аға өзі екі тілге жетік адам еді ғой, шығармаларын екі тілде жазды. Алайда, Мемлекеттік сыйлықты орыс тіліндегі шығармасына алды. Ол кезде солай болуға тиіс болатын, тілдік саясат солай-тұғын. Бұл саясат жетпіс жылға созылды. Ал оны жиырма жылдың ішінде өзгерте салу оңай емес. Мен өз басым қазақша үйреніп жүрмін. Алайда, толық игере алмадым, сөйлеуден ұяламын, өйткені акцентім өте күшті. Біздегі қос тілділіктен ешқайда қашып құтыла алмайсың, қоғам солай қалыптасқан. Президент те, асыра сілтеудің қажеті жоқ, біртіндеп қазақ тіліне көшеміз деген болатын. Қазір елуден асқандарды тіл үйренуге мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Ал жастар, балалар жақсы сөйлейді. Менің ұлым мен қызым қазақша жақсы сөйлейді. Ұлым олимпиада жеңімпазы.
– Дегенмен, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйренуіне не кедергі?
– Меніңше, мәселе тілді үйрету әдістемесінде. Мен, міне, үшінші мұғалімімді ауыстырып отырмын. 23 жылда қазақ тілін үйренудің жақсы әдісін ешкім ұсына алмады. Ал, халық қазақша үйренуге мүдделі, ешкім оған қарсы емес. Мен Түркияда болғанымда бір нәрсеге таң қалдым, ондағы бұрыннан тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерін былай қойғанда, Ресейден, Украинадан, өзге де өңірлерден барған мигранттардың барлығы түркіше судай болып апты. Біздің қоғам да енді бес жылдан кейін осындай жағдайға жетеді деген ойдамын. Бізде бұған қажетті заңдық тетіктер бар. Тек халықтың ерік-жігері болса болды.
– Қазір Қазақстан билігі халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру ісін қолға алды. Алайда жұрт мұны Украинадағы жағдайға байланысты, орыстан қорыққаннан жасап жатыр деп түсінеді. Сіздің пікіріңіз…
– Меніңше, Украинадағы жағдай бізде ешуақытта қайталанбайды. Өйткені, олар орыс тіліне мүлдем тыйым салып тастады. Донецкі мен Луганскіде тұратындардың басым көпшілігі орыстар ғой. Олардың құқығы аяққа тапталып жатыр. Ал біздегі жағдай мүлдем басқа. Солтүстікте халық қалмай барады, онда қаншама байлығымыз игерілмей жатыр. Мәселе, тілдік немесе ұлттық ахуалда емес, керісінше, жұмыссыздықта. Солтүстіктің халқы өткен ғасырдың 90-шы жылдарында аталмыш өлкеден көптеп қоныс аударды. Өйткені, жағдай ауыр болатын. Көпшілігі Ресейге кетті, алайда біразы қайта оралды. Сол себепті жұрттың үдере көшуінен саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Бұл әлеуметтік жағдайға байланысты.
Ал Республикалық Ұйғыр мәдени орталығының атқарушы директоры Захируллан Құрманбакиев кейбір қазақтардың қазақша сөйлемейтіндігін көлденең тартты.
– Мен көптеген шет мемлекеттерде болған адаммын. Байқағаным, елдің мемлекеттік тілін білмейтін адам мемлекеттік мекеменің есігінен де қарай алмайды. Қазақстанда да солай болуға тиіс. Қазақстан тәуелсіз болды, мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Мемлекеттік тілді білу – барлық тұрғынның парызы. Қазір орыс мектептер өте көп. Мысалы, мен Еңбекшіқазақ ауданының Қорам ауылынанмын. Ол жерде орыстар жоқ, алайда орыс сыныптары бар. Сол сыныптарда оқып жатқан балалардың 60-70 пайызы қазақ пен ұйғырдың балалары. Әлі күнге дейін орыс тілінің ықпалы күшті. Осындағы тұрғындардың санасына «Мен баламды ағылшынша да, орысша да білмей-ақ, қазақ тілімен Қазақстанда өмір сүре аламын» деген ұғымды сіңіру керек. Олар ағылшынша, орысша білгенімен, Қазақстанда өмір сүріп жатыр ғой. Бұндай сенім, ең әуелі қазақтардың өзінде болуы керек. Қазақтар жүз пайыз қазақша сөйлеп, балаларын қазақша оқытып, қазақша өмір сүруі керек. Қазақстанда тұратын қазақтардың үлес салмағының көп болғаны жөн. Ал шеттен келіп жатқан қазақтарды Солтүстік өңірлерге қоныстандырған дұрыс. Себебі ол жақтарда орыстар мен орыстілділер басым.
Саясаттанушы Расул Жұмалы бұған қазақ билігінің өз ұлтының мүддесін ескермей отырғандығы кінәлі деген ойда.
– Біз күні бүгінге дейін өз тәжірибемізді де, өзге елдердің тәжірибесін де назарға алмадық. Өмірбақи біреуге еліктеумен келеміз. Экономикада Түркия мен Оңтүстік Кореяға, демократияда – Францияға, мәдениет пен ақпаратта — Ресейге еліктеп біттік. 23 жылымыз зая кетті. Біздің билік ұлттық құндылықтарды ысырып қойып, интернационалдық және орысшыл құндылықтарға иек артумен келеді. «Біз жас мемлекетпіз» дегенді жиі естиміз. Бірақ, 23 жыл да аз уақыт емес. Тұтас бір ұрпақ өсіп, тәрбиеленіп шықты. Қандай ұрпақ тәрбиеледік. Бағыт-бағдарын білмейтін, дүбәра ұрпақ. Кей мемлекеттер 10-15 Жылдың ішінде экономикасын ғана дамытып қойған жоқ, сонымен бірге рухани құндылықтарын дамыта білді. Ал біздің осы уақыт ішінде әттегенайларымыз бен өкінішіміз өте көп. Бұның себептері де аз емес. Ең бастысы, саяси ұстанымдар жеткіліксіз. Билік алғашқы күннен бастап, әуелі – экономика, сосын – саясат деген ұстанымға бой ұрды. Алайда ол бізге кері әсерін көп тигізді. Америка, Франция, Ұлыбритания секілді дамыған елдерде ең әуелі адами факторға баса назар аударылады. Яғни, руханият бірінші орынға шыққан. Өз халқына мұрша берілді және сенім артты. Саяси ерік-жігердің жоқтығынан телеарналарымыздағы бағдарламалардың көпшілігі көшірме, не аударма өнімге айналды. Қашанда есте болатын мәселе, мемлекетті құраушы күш — сол елдің азаматтары. Қазіргі демократияның пісіп-жетілгендігінің арқасында, азаматтар бастамасының арқасында стихиялы түрде болса да қазақ мәдениетінің төңірегінде топтасуға деген алғашқы талпыныстар бар. Алайда ол биліктің тарапынан жасалып жатқан жоқ. Қоғамдағы қажеттіліктің пісіп-жетілуінің нәтижесінде, қоғам өзі интеграцияның алғы-шарттарын жасауға талпынуда.
Яғни, қазақ мәдениетінің төңірегінде топтасуға елдегі негізгі ұлт қазақтардың өзі де, қазақ билігі де самарқаулық танытып отырған сынды. Әркім әртүрлі пікірде. Билік халықты, халық билікті кінәлайды. Алайда, бір нәрсе айқын — Қазақстан қоғамы, әзірге екі тілдік жағдаятты қалыптастырып отыр.