“Каспий теңізінің шығыс жағалауында туристерді тартатын аса қымбат, салиқалықтан бұрын, әсіре кеудемсоқтыққа ұқсайтын келісті жобаға инвесторлар іздестірілуде. Дүниежүзіндегі барлық игіліктерге қол жеткізген бай олигархтарға тағы не ұсынуға болады? Сіз Каспий теңізінің жағалауында қара уылдырыққа толтырылған ваннаға қалай қарайсыз? «Нағыз шіріген бай, қомағай-мешкейлерге арналған қара уылдырыққа толы ваннадағы спа-процедурлар» – бұл жақын жылдарда есігін ашатын қазақстандық Кендірлі курортындағы демалыс нұсқасының бірі ғана. Егер балық тұқымы толтырылған ваннаны ұнатпасаңыз, итбалықпен ойнап, би билеу көңіліңізден шығып қалуы мүмкін.
Естен кетпес ойын-сауықтарды жарнамалау демалысты ұнататындарды Қазақстанның танымал емес бөлігі — Каспий теңізінің шығыс жағалауына тарту үшін жүзеге асырылуда. Егер жобаның авторлары оны жүзеге асыра алса, жақын арада шөл даланың дәл ортасында көз тартар сағым іспетті, құны 3,3 миллиард АҚШ долларын құрайтын зейнетті сарай бой көтермекші. 2020 жылға қарай курортқа жылына жарты миллионға жуық турист келеді деп күтілуде. Атап айтарлығы, олардың жалпы санының жартысы шетелдік туристер болмақ. Ресей ең көп үміт артатын нарық деп есептеледі, бірақ курорт Орталық Азияның басқа елдерінен, сондай-ақ Түркия және Таяу Шығыстан да демалушыларды тартпақшы.
Кендірлі алдында «жағалаудағы 21-ғасырдың тамаша курорты», “Каспийдегі ең үздік” және «ішкі және шетелдік туристер үшін мінсіз, облысқа үлкен табыс әкелетін, біздің халқымыздың ауқатты тұрмысын қамтамасыз ететін» сияқты кеудемсоқтық биік белестер тұр.
Алайда қазір жоспар тек үстел үстіндегі құжаттар арасынан ғана орын алып тұр. Қаржыландыру көзі әлі табылған жоқ, деп хабарлайды Сауда және инвестициялар министрлігі. Солай десек те, жобаға ирандық инвесторлар қызығушылық танытып отыр деседі.
Жоба авторлары алға қойылған ұлы мақсаттар жүзеге асырылса, ол «каптаған турист келеді» деп күтілген, бірақ дем алушылар легі аяқ баспаған түркімендік Аваза курортының кебін кимейді деген үмітте.
Түркіменстанға қарағанда, Қазақстанның туристерге деген ықыласы әлдеқайда жоғары. Биыл виза алу тәртібі бірқатар елдер үшін жеңілдетілді. Бұл келесі жылы туризмді дамыту және инвестициялар тарту шеңберінде қарастырылатын пилоттық жобаның ұсқыны.
Қара уылдырық пен жайлы спа-демалыс сонау шалғайдағы курортқа (Ақтаудан 125 шақырым жер) туристерді тартатын жаңалық болмақ. Бірақ жобаны жүзеге асыру үшін жойылып бара жатқан балық түрінің қанша уылдырығы қажет болады екен?
Дереккөз: The Guardian