Евгений Жовтис өмірдің жақсылыққа қарай өзгеріп бара жатқанына сенімді. Татьяна Дельцоваға берген сұқбатында құқық қорғаушы өмірдің неге жақсарып келе жатқаны және колониядағы 2 жылдан астам өмірі туралаы әңгімелейді.
— Евгений, еңбекпен түзету жүйесі жағдайында өзіңіздің адами қасиеттеріңізді, руханилығыңызды, кәсібилігіңізді қалай сақтап қалдыңыз?
– Бірінші – ішкі еркіндік. Екінші, егер адам өзін өзі сыйласа және басқаларды өзін сыйлауға мәжбүр етсе, кез келген жерде өмір сүре алады. Яғни, кез келген жағдайда өзіңді және өзіңнің ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық туралы түсінігіңді сақтауға тырысасың. Осы орайда, зонаның әдеттегі өмірден айырмашылығы соншалықты елеулі емес. Ол жерде бұл өте қиын. Бұл қатал сынақ. Бірақ мен үшін ең бастысы, өзімнің өзгермеуім болды. Мен онда түскенде де, болғанда да, ол жерден босағанда да өзгерген жоқпын. Мен қатал бола түстім, бірақ қатыгезге айналған жоқпын. Менің ұстанымым өзгерген жоқ.
– Сұқбаттарыңыздың бірінде Сіз еңбекпен түзету жүйесі, тіпті, ізгі, парасатты жаннан құқық қорғау органдарына өшпенді, агрессияшыл адамды жасауға қабілетті депсіз. Ол жерде қамаудағыларды қорлап, олардың адам емес, лагердегі шаң екенін білдіруге тырысады. Сіздің бойыңызда шынымен агрессия оянды ма? Ол қандай жағдайда оянды?
– Әлбетте. Ол өзінен өзі пайда болды, ол ешқайда кеткен жоқ. Өйткені сен үнемі қандай да бір құйтырқылық күтіп, жинақы жүресің. Бостандықтан айыру орындарында ұстау камералық емес, отрядтық екенін ескеру керек. Барлығы көп адамға арналған барақтарда тұрады. Ол жерде жеке қалуға мүмкіндік жоқ. Мүмкін емес, баратын жер жоқ. Оның үстіне, әкімшілік те жинақы болуға мәжбүрлейді. Олар үшін қамаудағылар – тек жазалау, репрессия және қорқыту арқылы тәртіп орнату үшін араласатын бірыңғайланған және жалпыланған контингент. Бұл қорқытумен тәрбиелеу жүйесі. Оны тәрбие деп айтуға аузың бармайды. Олардың мақсаты – күзету, «жібермеу» және бақылау. Мұнда әлеуметтік оңалту жоқ. Оның бар екендігі тек салтанатты түрде жарияланған. Бірақ, шын мәнінде, ол жоқ. Сондықтан барлығы білімділік, адамгершілік деңгейіне байланысты. Әдетте, бұл кәсіби тұрғыдан төмен деңгей. Онда білімі жоқ адамдар өте көп. Мен орта персонал, бақылаушылар туралы айтамын. Олар билікке ие болған адамдар. Ол қаржыландыруы мәз емес жағдайдағы билік, әскери жағдайдағы билік. Сондықтан біз оның әскери министрліктен Әділет министрлігіне беру үшін көп күрестік. Өкінішке қарай ол билік қайтадан өз орнына оралды. Әлеуметтік оңалтудың барлық саласына қиындық тудыратын әскери құрылым. Бұл құрылым тек өшпенділікке жақсы тәрбиелейді. Бұл менің жеке сезімім. Мен тергеу изоляторына түстім, одан кейін Өскеменге этаппен жеткізілдім. Мен белгілі адам болғандықтан, маған ерекше қатынас болды, көп назар аударылды. Бірақ олар мені жайлы көңіл тепе-теңдігінен шығаруға тапсырма алғанда, өздерінің барлық амалдарын пайдаланды. Ол жерде адамгершілік қарым—қатынасты сақтап қалуға тырысқан бірнеше адам ғана болды.
— Ал Сіз адам төзгісіз жағдайда осындай агрессиялық құйтырқыларды басыңыздан қалай өткердіңіз?
– Мен туладым, аштық жариялауға тырыстым, шағымдар жаздым, түрлі дау—жанжалдарға тап болдым. Тәжірибелі зектер мені әскердегідей жасауға үйретті: барлығынан түңіліп, еш нәрсеге назар аудармау. Оңға жүр деді ме – оңға қарай кете бер…
— Яғни, ешкімнің мұрнын бұзған жоқсыз ғой? Сол жақта да құқық қорғаушы болып қалдыңыз ғой?
– Иә, қатал мінезім, күшті жүйкем соған мүмкіндік берді. Қатал жауап қату, бірақ шектен шықпау. 2,5 жыл осылай өмір сүру – оңай емес.
— Сіз «өлімге әкеліп соққан жол—көлік оқиғасы» бабымен сотталған саяси тұтқын болдыңыз. Бірақ оның саяси астары болды деген әңгіме орын алды. Бұл туралы не айта аласыз?
– Мұның дәлелді саяси қуғын болғанына ешқандай күмән жоқ. Заң тәжірибесінде екі термин бар: «ар тұтқыны» және «саяси тұтқын». «Ар тұтқыны» – ар және дін бостандығы бабы бойынша қамалған адам. Бұлар саяси баптар. Кеңес өкіметіндегідей – кеңеске қарсы насихат. Саяси тұтқынның айырмашылығы – ол әдеттегі қылмыстық жазаға тартылатын заттар үшін сотталған. Алайда қуғындау және онымен араласу сипаты бұл жерде саяси астар бар деп ойлауға негіз береді. Бұл Козлов мырзаның әлеуметік араздықты қоздырғаны үшін сотталғанына, ал менің көлік апаты үшін сотты болғаныма қарамастан солай. Барлығын мұқият бақылап отырды, тергеу, сот сияқты қылмыстық процестің қалай өткенін. Ерекше назар. Мұның барлығы саяси дәлелді болғанына еш күмән жоқ. Бірнеше қарапайым мысал келтірейін. Өскеменде абайсызда қылмыс жасаған тұтқындар түрмесі болған емес. Ондай бір колония тек Астанада бар, бірақ мені ол жаққа апарғылары келмегендіктен, ол жақта дипломатар корпусы және БАҚ бар. Мен үшін арнайы колония салды.
— Мұнымен мақтану керек пе!
– Иә. Мен мақтан тұтамын. Мен қылмыс әлемі серкелерінің құрметі мен сыйына бөлендім. «Біз мұндайды көрген жоқпыз» дейді олар. Ол жерде қоныс—колония болған. Бірақ «абайсыздар» үшін учаске ашты. Ал ол жерде жалғыз мен отыра алмайтындықтан менімен қатар отыру үшін астаналық колониядан 150 адам алдырды.
— Яғни, олардың жолы болды ғой?
– Жоқ. Ол жерде олардың жағдайы мәз болмады. Кейбіреуі отбасымен пәтер жалдап тұрған еді. Ал оларды алды да мың шақырым жерге алып кетті. Этап келгенде алғашқы сұрақтар «Жовтис деген кім?», «Кім үшін осындай дүрбелең?» болды. Артынан одан да қызық болды, мен ақпан айындағы рақымшылықтан кейін босап шықанымда, колония жабылып, барлығын қайтадан Астанаға алып кетті. Сөйтіп, Өскемендегі учаске жабылды.
– Кейбір журналистер екі құрбан болды деп санайды. Қаза болған адам және сіз. Өйткені Сіз өзіңізге тәуелді емес жағдай үшін жазаландыңыз. Әлде тәуелді ме еді?
– Заң тұрғысынан алғанда, қайғылы жағдай. Бұл жерде менің кінәм жоқ. Моральдық кінә бар. Бұл машинист поезд жүргізіп келе жатқанда біреудің оның астына түсіп кеткені сияқты. Ұзақ уақыт оқиғаның қалай болғанын қалпына келтіргің келеді, барлығы көз алдыңда тұрады. Мен не істей алушы едім? Трагедияға жол бермес үшін мен не істемедім? — деген с ұрақтар үнемі мазалады. Бірақ еш нәрсе жасау мүмкін емес еді. Мұны екі тәуелсіз сараптама да растады. Өкінішке қарай, сот оған құлақ аспады. Мұнда трагедия болуының мүмкіндігі өте төмен болатын. Мен түнде елді мекеннен кейінгі бос жолға шыққанмын. Бұл адам жолдың ортасында болды, қарсы келе жатқан жатқан машиналардың шамдары көзімді шағылыстырып жіберді. Яғни, мен еш нәрсені көрген жоқпын, тіпті, көруім де мүмкін емес болатын. Жүргізушілер біледі, түнде жолға шыққанда жақын жарықты алыс жарыққа аударасың. Міне, қарсы келе жатқан машина солай жарықты ауыстырғанда, менің не тежегішті басуға, не машинаны тоқтатуға мүмкіндігім болмады.
— Яғни, трагедияны болдырмауға ешқандай мүмкіндік болмады ғой?
– Иә, мен ол адамды көрген жоқпын және көруім де мүмкін емес еді. Мен ешқандай ережені бұзған жоқпын, жаяу жүргінші қайғылы қазаға ұшырады. Жүргінші жолды арнайы жерден кесіп өту керек еді. Мен мамандармен, сарапшылармен, шетел заңгерлерімен сөйлестім. Олар мұндай іс қозғалмау керек еді дейді. Оқиға орын алған жер жаяу жүргіншілерге арналған өткел, тротуар емес. Қаза болған адам жолдың ортасымен келе жатты.
— Ол жолды кесіп өтуші болмаған ба? Ал оның сол сәтте қандай жағдайда болғаны тексерілді ме?
– Сараптама қорытындысы оның қалыпты жағдайда болғанын көрсетті. Бірақ мен ол сараптамаға сенбеймін. Менде жағдайдың керісінше болғанын растайтын көптеген дәлелдемелер бар. Мен ең басында адам қаза болды, мен оның қандай жағдайда болғанына баға берумен айналыспаймын деген едім. Мен үшін ол маңызды емес. Мен ережені бұзған жоқпын.
– Сонда бұл адам заң тұрғысынан әрқашан өзінің кінәлі емес екенін дәлелдей алмайды, ал құқық қорғау органдары істегі қарабайыр дәйектерді пайдаланады дегенді білдіре ме?
– Жоқ, бұл жерде тергеу тарапынан «мақсаттылық» болды деп ойлаймын. Алғашқы күндері мені ешкім айыпталушы ретінде санаған жоқ. Тенргеудің бірінші кезеңінде мен куәгер ретінде болдым. Сол түні біз оқиға кескіндемесін жасап, өлшемдер жасадық. Ертеңіне масаң жағдайда болмағанымды тексеру үшін менен қан алды. Барлығы дұрыс, бәрімізге түсінікті болатын. Оның ішінде, тергеу жүргізіп жатқандарға да. Бұл 26-сында болған еді. Ал 28–інде бәрі өзгеріп шыға келді. Егер тергеу әділ болғанда, ол екі айқын нәрсені дәлелдеу керек еді: біріншісі – мен ереже бұзған жоқпын, екіншісі – кісі баспауға жол бермеу мүмкіндігі болған жоқ.
— Ал айыптау бабы «абайсыз кісі өлтіру» деп аталды ма?
– Жоқ, ол басқа бап. Менікінде «кісі өлтіру» деген термин болған жоқ, өйткені ондай пиғыл болған жоқ. Нақты бап бар – кісі өліміне әкеліп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу.
— Яғни, Сізді жол қозғалысы ережесін бұзды деп айыптады ғой.
– Иә. Ал бұл тек салдар болатын.
— Сіз колонияда болған кезде президент Назарбаев Америкада болып, Барак Обамен сіз тап болған оқиғаны талқылаған еді. Әлем Қазақстан көшбасшысын бұл іске шығармашылықпен қарауға шақырды. Кейбіреулер оны «креативті» деп аударады. Мүмкін, бұл формалды қисын мен қолда бар дәлелдемелер шеңберінен шығып, барлығына белгілі фактіні нәзік психология мәселелері тұрғысынан қарауды білдіретін шығар. Педагогикада оны балаға жеке тұрғыдан қарау деп атайды. Біздің жағдайда айыпталушыға, күдіктіге жеке қарауды білдіреді. Сіз өз қыметіңізге жүгінген адамдарға көмек беру кезінде осындай шығармашылықты пайдаланасыз ба?
– Маған келіп, жүгінгенде, мені заңгер ретінде, ең алдымен, істің заңдылық жағы толғандырады. Кінә қаншалықты дәлелденді және адамның құқығы қаншылықты сақталған. Тек содан кейін моральдық заттар және жеке сипаттамаларға көшуге болады. Сотта маған былай деді: жазаны жеңілдететін бірде бір жәйт жоқ. Мен сол кезге дейін сабырлы болған едім, ал осыны естігенде, тіпті, ренжіп қалдым. Яғни, белгілі, құрметі адам, сарапшы, заңмен қайшылыққа бармаған, барлық шығынды өтеген адам. Мен қолымнан келгенің барлығын істедім – татуласуға қол жеткіздім, оқиға орнынан кетіп қалған жоқпын, оқиға орнына жедел жәрдем мен полицияны шақырдым. Мұның барлығы жазаны жеңілдететін жайттар. Менің мінездемелерімнің барлығы жағымды. Міне, осыны мен прокурорға ешқашан кешіре алмаймын (күледі).
— Сіз мемлекет кейбір ұйымның көлеңкелі әрекеті туралы біледі, бірақ оны заң тұрғысынан дәлелдей алмайды дегеннің болтынына сенесіз бе?
– Мен мемлекетте кез-келген жағдайды дәлелдеуге қажетті техникалық, біліктілік, кадр арсеналы бар деп ойлаймын.
— Бірақ ол әрқашан мұны жарнамалай алмайды ғой…
– Әңгіме жариялылық туралы емес. Әңгіме нәтиже хақында. Егер саяси жігер, ниет болса, егер мемлекет жазасыздықпен күрессе, 99 пайыз жағдайда ол шешілетін мәселе. Өйткені ол мемлекет, оның мүмкіндігі мол. Ал егер саяси жігер болмаса, егер біреуді соққыдан құтқаруға, бір нәрсені жасырып қалуға ниет болса, онда, әрине, әңгіме бөлек.
— Ал Сіз өзіңіздің көмегіңізге жүгінген қоғамдық—саяси, діни ұйымдар мемлекеттің жеткіліксіз дәлелдемелерін, мемлекеттің кейбір деректерді жария еткісі келмеуін және Сіздің кәсібилігіңізді өз мақсаттарына пайдаланады деп ойламайсыз ба?
– Мен бұл сұрақты күшейте түсейін. Ертең қамаудан шығып, еліміздегі ішкі тәртіппен мен арқылы күрескісі келетін адамдар туралы сөйлесейік. Мұның бәрі мүмкін. Бірақ бізді төмен бағалауға болмайды. Біздің кәсібилігіміз жеткілікті. Біздің жасымыз үлкен, ақылдырақпыз. Біз өзімізді пайдаланудан мәселені шешуге талпыныстан ажырата аламыз.
— Сіз әр уақытта мемлекетпен күресіп жүрген адамдар туралы айтасыз. Бірақ мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыруға ұмтылып жүрген адамдар да бар ғой?
– Маған «тұрақсыздандыру» деген сөз ұнамайды. Тұрақсыздандыру дегеніміз саяси мақсаттарға ұмтылу деген сөз. Заманауи әлемдегі тұрақтылық – тоқырау күйі емес. Бұл — түрлі өзгерістерге әсер етуге қабілетті тұрмысты икемді ұйымдастыру. Сондықтан «Көк жайлау» мәселесі бойынша митингке шыққан адамдар әкімдік тарапынан тұрақсыздандыру фактісі ретінде қабылданады. Қалыпты жағдай тұрғысынан алсақ, бұл ашу—ызаны көрсетуге тырысу. Назар аудартуға тырысу.
– Ал егер діни ұйым бір жағынан өзінің діни нанымын насихаттап, ал екінші жағынан –– экстремистік мазмұндағы парақшалар басып шығарса ше?
– Сіз адам құқығын қорғаушы ұйымды ол көмек көрсеткісі келген ұйыммен теңдестірмеңіз. Біздің мақсатымыз ол ұйымға халықаралық құжаттарда және еліміздің Конституциясында көрсетілген құқықтарын қорғауға көмектесу. Екіншісі, егер мемлекет оған өзінің наразылықтарын білдірсе, біз оның процессуалдық құқықтарын қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл біздің ол ұйымның не істегеніне қатынасымызға әсер етпейді.
– Мұндай жағдайда құқық қорғаушыға ібілістің адвокатына, яғни қорғаушысына айналмас үшін не істеу керек?
– Біз кінәлі болса, заңға сәйкес, жазаға тартылатын адамды қорғаймыз. Біздің бюромыз «адам құқықтары және заңдылықты сақтау» деп аталады. Яғни, біз қылмыстық қудалаудың адамды жазалау нысаны ретінде қолданылмауын қадағалаймыз. Жазалау заңға сәйкес болу керек. Тағы бір маңызды тұс – «кінәсіздік презумпциясы». Айыптау үкімі күшіне енбей адам кісі өлтіруші, лаңкес болып танылмайды. Ол тек күдікті немесе айыпталушы.
— Сіз бірде төмендегідей мысал келтірдіңіз: адамдар еш алаңсыз ұшақпен ұшып келе жатады, одан кейін пилоттың кабинасына кірсе, онда ешкім жоқ. Кеңестер одағы күйрегеннен кейін, Сіз барлығымыз сондай ұшақта ұшып келе жатқандай әсерде қалмайсыз ба? Атап айтарлығы, қарапайым адамдар да, үкімет те. Алдымен кеңес адамдарының жинақ кітапшасындағы жиған-терген қорлары күйіп кетті. Артынан барлық республикалар өздерінің ұлттық валюталарын басып шығара бастады. Одан кейін бұл валюта ешнәрсе білдірмейтінін және әлемдік нарықтағы жағдайға тәуелді екенін түсінді. Енді Украинада азамат соғысы жүріп жатыр. Ал барлық кеңес республикалары бірін бірі жау санайтындай. Бұл ұшақпен бізді қайда алып бара жатыр? Орға ма?
– Жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орын алған апаттан шошынған адамзат құжаттар деңгейінде адамзат тұрмысы принциптерінің негізгі ережелерін тұжырымдады. Оның барлығы атақты Адам құқықтарының декларациясында көрсетілген. Адами болмыстың негізі адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу болып табылады. Адамдар өздерінің құқықтары мен еркіндіктері бойынша тең болып туады. Адамзат осы принциптерді сақтай отырып, дамып келеді.
— Мұның бәрі қағаз жүзінде.
– Жоқ. Мұның барлығы өмірде. Егер алып қарасақ, адамзат 21-ғасырдың басында экономикалық дамудың ең тиімді жолы – нарықтық экономика екенін түсінді.
— Міне, біз енді оған көштік пе?
– Кеңестер Одағы күйреді. Ол бәсекеге қабілетсіз болып шықты. Экономиканың бұл жүйесі жұмыс істемейді. Нарықтық экономиканың ең жақсы жүйе емес екені, басқа әңгіме. Әлеуметтік мәселелер көбейіп, экономикалық теңсіздік орын алады. Одан кейін саяси жүйе мәселесі көтеріледі. Оны да анықтадық, саяси жүйе – демократиялық. Әрине, ол ең жетілгені болмаса да, бірақ адамзат одан жақсы ештеңе ойлап тапқан жоқ. Егер сіз сол 70 жылға көз салсаңыз, әлемнің 2/3 бөлігіне жуығы осы жолмен жүріп келеді.
— Яғни, басын тау мен тасқа соққан адамзат қажетті бағытпен жүріп келеді ме?
– Бүкіл посткеңестік кеңістік экономикада саяси—қоғамдық құрылым тұрғысынан реформа жасалмады. Бұл бағытта тек Балтық жағалауының елдері алға кетіп қалды. Басқа кеңістіктің барлығы сол баяғы бәз қалпында қалды. Міне, бұл осы экономикалық ауысудың барлық қиындықтарының қоғамдық-саяси құрылыммен сәйкес келмеушілігі, бірақ ол нарықтық экономиканың нәтижелерін неғұрлым тиімді және әділ бөлуге және пайдалануға мүмкіндік береді және оны бүгінгі жағдайға жеткізді. Үш ел осыдан шыға бастады: Молдова, Грузия және Украина. Олардың ұмтылысынан не шығатынын көрейік. Тезірек түсінсек, пилот кабинасында біреудің бар екеніне көз жеткіземіз.
— Ұшақ мүлдем басқарылмай ма, әлде ол алыстан басқаруда ма?
– Басқарылады. Тәжірибе елдердің көпшілігінің қайда ұшып бара жатқандығын білуге қол жеткізгенін көрсетті. Бірақ қайда ұшып бара жатқанын білмейтін елдер де көп. Ал жаһандық деңгейде қалай десекте, ұшақты біреудің басқаратыны түсінікті болды.
— Бірде Сіз ата-анаңыз өзіңіз үшін өмір бойы қол жеткізе алмай келе жатқан инабаттылықтың үлгісі, зиялылқтың өнегесі іспетті деген едіңіз. Олар әлі де Сіз үшін өнеге ме?
– Әлбетте. Мен үшін өнеге болып табылады. Бірақ әр адам қателеседі, олардың арасында мен де бармын. Мен қателік жасадым және жасап келемін. Бірақ менің салыстыратын өлшемім бар. Міне, соған қарап, өзімнің зиялылық деңгейімді әкеммен салыстырам, ол шықан белестерді бағындыруға ұмтылам. Анама қарап, өның өмірге деген сүйіспеншілігіне, адамгершілігіне, парасаттылығына қайран қалып, сол шыңдарды бағындыруға асығам. Әр уақытта өз ісіңді салыстырып отыру қажеттігін түсінемін. Әр адам өз қателерін түсініп, оларды түзетіп отыруы керек, ол сонда ғана алға жылжиды. Бастысы, дұрыс белгі таңдау. Менің ата-анам көп жыл бұрын бақилық болса да мен үшін ең үлкен, ең маңызды өлшем.
— Бірақ олар мүлдем басқа іспен айналыспап па еді. Әкеңіз, Александр Лазаревич, филолог, аудармашы, өлеңтанушы. Ал анаңыз, Галина Евгеньевна, педиатр, актриса. Олар рухани өмір сүрген адамдар еді. Олар шынайы өмірден елеулі алашақ болғандай. Ал Сіз шынайы өмірді таңдадыңыз – тау инженері, артынан құқық қорғаушы заңгер болдыңыз. Неліктен олардың ісін жалғастырмадыңыз?
– Бірден айту қиын. Мен техникалық мамандықтарға бейім болатынмын. Мен кеңестер одағында оқыдым және болашағымды сол кездегі тұрмыс тұрғысынан анықтадым. Ол күйрегеннен кейін мен бірден осы салаға ауыстым. Өйткені маған осы жерде қызық, осы салада өзімді еркін адам ретінде сезінемін, өз мүмкіндіктерімді жүзеге асыра аламын. Адамның немен айналысатыны соншалықты маңызды емес. Маңыздысы, оның нені басшылыққа алатыны. Не жақсы, не жаман. Мен ата-анамның өзімді дұрыс тәрбиелегеніне сенімдімін. Барлық құндылықтарды мен дұрыс қабылдаймын. Маған өзімнің түсінігімнің жақсы болсын жаман болсын, уақыт өтуімен өзгермейтіні ұнайды. Олар бостандықтан айыру орнында болғанымда да өзгерген жоқ.
— Қоғамдық мәселелер қарбаласы қысымына қарамай, өмірге деген қызығушылығыңызды қалай жоғалтпадыңыз?
– Менің кәсібилігім деформацияға ұшыраған жоқ. Маған спорт, футбол, балықшылық көмектеседі. Мен маманданған сала ауқымы соншалықты тар емес. Адами мәселелер жаһандық мәселелерге ауысады, ал жаһандық мәселелер жүйеге айналады. Ал жүйе әр уақытта жағымсыз болған.
— Біз кім басқаратыны белгісіз ұшақпен ұшып келе жатқандықтан, Сіз оның әлемнің қай нүктесіне қонғанын қалар едіңіз?
– Менің ойымша, бүгін дамудың жарқын үлгісі Еуропа. Әсіресе, солтүстік Еуропа. Норвегия, Швеция, Дания. Мен адамзат азшылықтың пікірін, мемлекет пен қоғамның дамуын ескерген, экономиканың әлеуметтік бағдарланған демократиялық жолмен жылжып барады деп ойлаймын. Бұл біз жылжуға тиісті алдыңғы қатарлы үлгілер деген пікірдемін.