Қазақстанда көпәйелділік мәселесі ара-тұра көтеріліп отырады. Шынын айтсақ, ол нақты орын алған құбылыс. Елімізде танымал бола бастаған ислам тұрғысынан бұл қалыпты жағдай. Бірақ заң тұрғысынан бұл мәселе еленбей отыр.
Бұған дейін көпәйелділікті заңдастыру — ерлерді шалқақтату емес, екінші және үшінші әйелдердің құқығын заң тұрғысынан қорғау деген пікірлер айтылған еді. Мұнымен кейбір діни қызметшілер де, қарапайым азаматтар да келіседі. Алайда заңгерлер мұндай әңгімелер қарапайым құмарлық деген нанымда. Көпәйелділікті заңдастыру процедурасы өте күрделі, оны жүзеге асыру оңай емес. Бұл көптеген заңдарды, біздің бүкіл тұрмысымызды қайта қарауды талап етеді. Көпәйелділік туралы заңды қабылдау, бір жынысты некелерге рұқсат беру сияқты іске аспайтын іс. Мұндай қарым-қатынастарды заңдастыру үшін шенеуніктерге көптеген заңдарды өзгерту керек. Олардың ішінде Неке және ерлі-зайыптылық туралы кодекс те бар. Мұның сыртында, көпәйелділік туралы заңды қабылдау, көпкүйеулілікке рұқсат берумен бірдей, дейді жағдайды түсіндірген Қазақстанның әділет министрінің бұрынғы орынбасары, заңгер Серік Нұғыманов.
– Бұл жыныс тұрғысынан алғанда, тең құқықтар түсінігі. Біреуге қысым жасап, біреуге рұқсат беруге болмайды. Заң бар – Неке және ерлі-зайыптылық туралы кодекс – ол құқықтарды, міндеттерді, жауапкершілікті реттейді. Мәселен, екінші немесе үшінші әйелдің ортақ мүлікке қандай құқықтары болуы мүмкін? Үшінші әйел мұрагерлерінің бірінші әйелге қатысты қандай құқықтары болуы мүмкін? Қалай ойлайсыз? Сіз мұны реттей алмайсыз. Және оған ешкім мүдделі емес. Меніңше бұл бұрын да болған, қазір де орын алып отырған дүние. Бірақ ол кімге қызық? Кім екінші әйел алады? Материалдық жағдайы, мүмкіндігі бар, дәулетті адам. Ортанқолды компанияның қарапайым менеджері ешқашан екінші әйел ала алмайды, өйткені оған жағдайы жоқ. Бірінші отбасын асырау қамымен жүрген ол бұл мәселе туралы ойланбайды да. Ал екінші әйел алғандарға шын мәнінде мұндай заңның қажеті жоқ. Мұның барлығы олардың көңілінен шығып отыр ғой. Екінші әйелдің де көңілі орнында, бірінші әйел де алаңдамайды – олардың өз мүдделері бар. 2-3 күйеуі бар әйелдер де бар. Бұған олардың жағдайы мүмкіндік береді. Осындай заңдар туралы әңгімемен жұрттың басын бекерге қатырудың қажеті шамалы. Шын мәнінде, бізде басқа мәселелер де жетіп жатыр. Олар қамқоршылық органдары, алименттік міндеттер, бала асырап алу. Бұл орасан зор қызметтер! Ал көпәйелділік – мәселені басқа кеңістікке аударуға тырысу. Ал қоғам сол айтаққа ілесіп отыр.
— Бірақ екі әйел алып, біздің арамызда өмір сүріп жатқан адамдар бар ғой?
— Көпәйелділік пен көпкүйеулілікті мен заң тұрғысынан гейлер мен лесбиянкалар қатарына жатқызамын. Әрине, мұндай жағдайлар да орын алған. Сіз түсінесіз бе, қанша заңды қайта жазып, қаншамасын қайта қарау керек? Бір жынысты некелер, шын мәнінде, сәбилі бола алмайды. Ендеше, олардың бала асырап алу құқығын қарастыру керек. Олар ажырасқан жағдайда олардың және баланың құқығын анықтау қажет: кім оны, яғни баланы асырауға жауапты болады, мұраға қандай құқығы бар, қамқорлық мәселесі. Міне, әңгіме қайда жатыр? Бұл туралы кодекске қалай жазасыз? Көпәйелділік те сондай. Дәл сондай мәселелер. Сондықтан бұл мәселені талқылауға уақыт жұмсау – өзіңді сыйламаумен бірдей деп есептеймін.
Яғни, бәрін қазіргідей қалдырған жөн.