Қазақстан Әйелдері лигасының мәліметтері бойынша, елімізде жыл сайын 3000 ерте неке қиылады екен. Атап айтарлығы бұл тек ресми дерек. 15 жасқа толмаған қыз балалардың 50-60 пайызы зорлыққа ұшырайды екен. Жас қалыңдық іздегендердің нысанасына 13 жастан асқан ересек қыз балалар ілігеді. Әдетте, қалыңдық алып қашушылар некеге отырып, өзінің қыздармен арадағы қарым-қатынасын осылайша заңдастырады. Осы орайда, тіпті, діни қызметшілердің өзі мұның қылмыс екенін ескертеді! Мешітте мұндай некелерді қиған имамдар қызметтен қуылады. «Аманқұл ата» мешітінің бас имамы Төлепберген Жақиевтің сөзі бойынша, ерте неке тек жастардың және олардың ата-аналарының ықтиярымен қиылады, сонда ғана ол Құранға қайшы келмейді. Сонымен қатар, оның нанымы бойынша бүгінде мұндай некелердің қажеті жоқ:
— Біздің әйелдер физиология жағынан ерте некеге дайын емес! Оны көптеген, оның ішінде, әлеуметтік және климаттық факторлар көрсетіп отыр. Иә, тарихта қазақтар қыздарын балғын шағында ұзатқан кезеңдер болған. Қазақтар өздерін осындай ерте некелердің арқасында ұлт ретінде сақтап қалды десе де болады. Ол кезде жоңғар, қытай, монғол, қалмақ шапқыншылықтары болды. Балалар аштан қырылды, кейбіреуін құлдыққа алып кетті, ерлер соғыста қаза тапты. Ол кезде ерте неке өмір қажеттілігі болды, қазір ондай қажеттілік жоқ, түсінесіз бе? Егер мәселе туралы айтсақ, оның, шын мәнінде, бар екенін мойындау керек. Ал дәстүрді және бір кездерде қазақтардың кәмелетке толмаған қыздарын ұзатқанын желеу ететіндерге келетін болсақ, оларды тарихты білмейді, бірақ дәстүрге берік қазақ ретінде көрінгісі келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда ерте некелердің қажеттігі жоқ, олар ескінің керітартпа сарыны.
Бұл пікірмен орыс православ шіркеуінің қызметшісі, ҚР Метрополиялық округі діни комиссияның хатшысы Серафим Кенисарин де толық келіседі.
— Балғын шағындағы қыз балалар некеге отыруға физиология жағынынан да, психология тұрғысынан да дайын емес. Олардың бойында әлі әйелдік, аналық, жұбайлық қасиеттер қалыптаспаған. Олар әлі осы кезеңдерден өту керек. Ерте тұрмыс құра отырып, олар күйзеліске ұшырайды. Сіз жас балаларды зорлау — неге күнә деп ойландыңыз ба? Өйткені тұлға әлі қалыптасқан жоқ, олар жоспарлы дамуға қайшы келетін күйзелістерге дайын емес. Осыдан барып түрлі ауытқушылықтар — психикалық, психосексуалдық патологиялар туындайды. Тек дертке ұшыраған қоғам мұны қалыпты дүние деп қабылдайды. Егер бұрын мұндай жағдайларға орын берілсе, заманауи әлемде оған орын жоқ.
Солай десек те, кейбір диаспоралар ерте қиылатын некелерді қалыпты дүние деп есептейді. «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының өкілі Зульфия Хусейнова ерте некенің еш сөкеттігі жоқ деп есептейді. Оның пікірі бойынша, ерте некелерге психологиялық тұрғыдан қарау керек, сонда оның көптеген жағымды жақтарын байқауға болады:
Той – жарқын, әдемі салтанат ретінде өмір бойы есте қалады. Бұл күні ол, яғни, қалыңдық нағыз ханшайым, ал күйеу жігіт ханзада болады.
Алғашқы неке түні (олар екеуі жеке қалады)
Бір біріне деген жоғары қамқорлық (жастарда бұл кезең неғұрлым ұзаққа созылады)
Толеранттылық (олар бір біріне шыдамды болады, бірін бірі кешіре біледі, күйеуі жарының шаңды дер кезінде сүртпегеніне кешірім танытса, жұбайы оның достарымен ішімдік ішкенін көрмегендей болады)
Мінездің қалыптаспағандығы (жастар бір біріне тезірек үйренісіп, ортақ әдеттер мен тұрмыс қалыптастырады)
Қалыпты жүйке жүйесі (неғұрлым шыдамды болуға, жарыңның кемшіліктерін байқамауға мүмкіндік береді)
Дербестік (ерте неке адамдарды неғұрлым дербес, тәртіпті болуға жетелейді)
Жұмыс (жұмыс берушілер көп ретте отбасын құрған қызметкерлер неғұрлым жауапты деп есептейді)
Балалар (балаға неғұрлым жас, әдемі анасымен мектепке барған ұнайды)
Зульфия Хусейнова қалыңдықты алып қашу немесе оларды ата-аналарының келісімімен тұрмыс құруға мәжбүрлеу оқиғаларын білмейді екен. Оның пікірінше, мұндай жағдайлар шалғайдағы елді мекендерде орын алатын шығар.
Осы орайда, мамандар ерте қиылатын некелер қай жағынан алсаңыз да қылмыс деп есептейді:
— Некеге, оның үстіне ерте некеге мәжбүрлеу, құлдықтың заманауи түрі ретінде қарастырылады, – деп ескертеді «Қазақстан әйелдері лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсия Хайрулина. – Мұндай некелер тек халықаралық заңдылықтың нормаларын ғана емес, сонымен қатар ұлттық заңдылықты да бұзады. Әдетте, зардап шегуші әйелдер мәжбүрлі тұрмыс құруды зорлаудан көз ашпаған сорлы ғұмыр ретінде бағалайды. Мұндай некелердің қоғамдық қауіптілігі, оларда келінге білім алуға, мамандық игеруге, лайықты жұмысқа орналасуға шектеу қойылады. Шынтуайтқа келгенде, жаңа түскен келін өмірінің соңына дейін күйеуіне және оның отбасына тәуелді болып қалады. Қазақстандағы ерте некелер әлі күнге дейін ауылды жерлерде орын алып отырған әйелдің ер адамға және оның ата-анасына сөзсіз бағынуы шарт болатын мәдени-әлеуметтік стереотиптерге негізделген жасырын құбылыс болып отыр. Қоғам белсенділері арасындағы салаудың нәтижесі көрсеткендей, ерте некеге отырып, тұрмыс құрған әйелдердің көпшілігі өз еркімен емес, ата-анасының айтуымен отбасын құруға келіскен. Қарапайым сөзбен айтқанда, оларды осы қадамға баруға мәжбүрлеген.