Модель жолын қуған Бибігүл Ақтан 15 жасында үйден кетеді. 22 жасына қарай модель және актриса ретінде көпшілікке танылып, «Громовы. Дом надежды», «Сердце мое – Астана», «Земский доктор» сияқты және басқа фильмдерде түсіп үлгерді. Сонымен қатар, ол «модель мен жезөкшенің арасында ешқандай айырмашылық жоқ» деген қоғамда қалыптасқан пікірмен келіседі, тек бір қосымшамен – Қазақстанда ол өмір шындығы. Сондықтан модель мансабын шетелде жасаған жөн… Біздің актрисамен сұқбатымыз осы және басқа мәселелер төңірегінде.
— Менің білуімше, Сіз түрлі фильмдерге түстіңіз, оның ішінде, Ольга Арнтгольц, Валерия Ланская, Татьяна Догилева, Сергей Жигунов сияқты дарынды ресейлік актерлермен бірге ойнадыңыз. Менің қызығушылығымды тудырғаны, Сіз олардың арасында өзіңізді қалай сезіндіңіз? Толыққанды актриса ретінде ме, әлде шеберлер арасындағы шәкірт іспетті ме?
— Сіз білесіз бе, актер неғұрлым танымал, әйгілі болған сайын, ол соғұрлым қарапайым болады екен. Сидихин және Жигунов түсіру алаңында өздерін өте қарапайым ұстады. Олар күлімсіреп, маңайындағылармен әзілдесіп, достық қарым-қатынас, еркін ахуал тудырды. Олар әрқашан көмектесіп, қолдап, үлгі көрсетті. Мен өзімді ешкімнен кем сезінген жоқпын, маған өте жайлы болды.
— Сіз олардан қандай тәжірибе алдыңыз, бір нәрсе үйрендіңіз бе?
— Иә. Әрине. Басқа актерлердің қалай жұмыс істегенін, өздерін қалай дайындайтынын көресің. Мен ешқашан сұраудан ұялмаймын, білмегенімді бірнеше рет сұраймын. Мәселен, сіз мына көріністі қалай ойнаған дұрыс деп ойлайсыз?
— Сіздің қатысуыңызбен түсірілген Федор Бондарчуктің «Выжить после» – фантастикалық хикаясы вирустың тарауы, орасан көп адамнның дертке шалдығуы және қазаға ұшырауы туралы. Билікке ұмтылғандар осы вирустың халыққа тигізетін зиянын сынақтан өткізуге ниетті. Өте ауыр тақырып. Жақсылық пен жамандық кезекті рет текетіреске түседі. Сіз осы фильмге қатысуға келістіңіз, сізге осы тақырып қызық па, ол сізді толғандыра ма?
— Тақырып мені толғандырған емес. Ол соншалықты елеулі емес.
— Неге елеулі емес? Меніңше, өте елеулі.
— Мен хикаяның тұрпатын айтам. Олай болу мүмкін емес. Ол фантастика іспетті, жастарға арналған триллер. Бірақ негізінен…
— Тарихта фантастиканың шындық айналған кездері де болған.
— Иә, бірақ бұл жағдайда хикая қандай да бір деректі фильмге айналуды мақсат тұтқан жоқ.
— Дегенмен ол Сіздің қызықтырды ғой. Әлде сіз фильмге түсу мүмкіндігін жібергіңіз келмеді ме?
— Иә, маған сценарий өте ұнады. Әсіресе, өзімнің кейіпкерім.
— Ол, айтпақшы, көп сөйлемейді екен.
— Бұл рөл бұрынғыларына қарағанда, маған етене жақын.Менің кейіпкерім тұйық, аса көп араласпайтын, біртоға жан. Әсіресе, әңгімемен, ыммен емес, көзбен, денемен ойнау қызық болды. Мұнда бір жігіт пен менің кейіпкерім арасында өте әдемі махабаттық оқиға бар, алдымен ол қызды жек көрді, өйткені скинхед болатын, кейін ол қызды құтқарады да оған ғашық болады. Сөйтіп, көп ретте орын алатын арсыз құшақтасулармен, сүйісулермен ластанбаған әдемі, пәк сезім туындайды. Мұнда өте күшті пәктілік бар.
— Жалпы, Сіздің түсірілімнен бас тартқан кезіңіз болды ма?
— Әрине, ондай жағдайлар да болған.
— Сіз қандай жағдайларда бас тарттыңыз?
— Сценарий өте нашар, топтың кәсібилігі төмен болған жағдайда.
— Менің түсінігім бойынша, бүгін біздің актерлерге «барымен базар» болатын заман туған сияқты. Солай ма?
— Қазақстандағы жағдай мәз емес. Әсіресе, соңғы уақытта. Бір кезде өте көп фильм түсірілген болатын. Ал қазір бір тыныштық орнағандай.
— Тек жұмыстан айырылып қалмас үшін түсуге келіскен сәттеріңіз болды ма?
— Жоқ, мен өзімнің беделімді жоғары ұстауға тырысамын. Екіншіден, мен жерге қарамай, адамдардың бетіне тік қарап сөйлескім келеді. Сондықтан таңдауға тырысамын.
— Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Бақыт Қилыбаев, Абай Қарпықов, Александр Баранов сияқты бір қатар қазақстандық режиссерлер мен сценаристер Ресейге кетті. Серік Апрымов, менің білуімше, АҚШ-қа көшті. Рашид Нұғыманов Францияда тұрады. Сізде көп ретте ресейлік хикаяларға түсесіз. Елде неге жұмыс істемейсіздер?
– Бізде аз түсіреді. Картиналардың қаражат қоры мардымсыз. Тіпті, бюджеті жақсы болса да актерлерге азырақ төлегілері келеді. Тіпті, мардымсыз, айтуға ұят. Мен кесімдіақы Ресейдегідей болу керек демеймін, нарық салыстыруға келмейді, дегенмен.
— Яғни, жұмыс жоқ қой?
– Көп ретте өз адамдарын түсіреді. Егер сол топқа кірмесең, жұмыссыз отырасың. Мен Ресейде жұмыс істейтініме өте қуаныштымын. Оның үстіне, онда кәсібилік жоғары деңгейде, онда барлығы өзгеше.
— Мен Кеңестер Одағында дүниеге келген сен үшін, мүмкін, Ресей де Отаныңның бір бөлігі іспеттес деп ойлап едім.
– Мен Ресейде өстім, өмірімнің көп бөлігін Мәскеуде өткіздім. Мен Алматыда тудым. Тоғызға толғанда ата-анаммен бірге Мәскеуге көштім, 17-ге келгенше сол жақта тұрдым. Менің ділім мәскеулік, тәрбием де көзқарасымда сондай, бірақ бойжеткенімде Алматыда тұрғым келетінін түсіндім.
— Неге?
– Өйткені бұл өте әдемі қала, адамдары да бөлек, кең пейілді, ақжарқын. Мәскеудегідей қыспаққа алатын ахуал жоқ. Естен тандыратын қарбалас та жоқ.
— Байсалды. Міне, мұны мен түсінемін.
– Иә. Ал Мәскеуде уақыт жетпейді. Жалпы қала түнеріңкі.
— Кәсіби тақырыпқа оралайық. 90-шы жылдардың ортасында киносыншылар мемлекетті тек тарихи фильмдерді түсіруге қаржы бөлгені үшін кінәлаған еді. Олар қарапайым көрермен үшін әрқашан қызық болмайтын. Мен біздің киносынақшы Гүлнар Әбікееваның сөзін жазып алған едім: «Киноөндірісті қаржыландыру өткен кезеңдердігідей, мақсатты бола бастады, — деп жазады ол, – қайтадан мемлекеттік тапсырыс деген түсінік пайда болды. Егер кеңес кезеңінде бұл түсінік өндірістік және революциялық тақырыптарды қамтыса, қазір оларды тарихи ленталар алмастырды». Мен, әрине, түсінемін, сіз кино саласының сарапшысы емессіз, дегенмен актриса ретінде осындай тұжырыммен келісесіз бе?
– Біздің Қазақстандағыдай, әлемдегі үрдістер де өзгеріп отырады. Мәселен, 90-шы, 2000-шы жылдарды еске алайық. Естеріңізде болса, ол кезде «Бригада», «Перекресток» сияқты бандиттер, қылмыс туралы фильмдер танымал болған еді. Кейін оларды жастарға арналған жеңіл комедиялар ығыстырды.
— Мен, тіпті, бұл сән емес, бізге ұсынғаны сол болды дер едім.
– Дегенмен, барлығы сұранысқа байланысты.
— Сонда Сіз қандай да бір маркетингтік зерттеулер жүргізіледі деп ойласыз ба? Өйткені, шынымды айтсам, мен өз сұрағыма жауап алмадым.
– Неғұрлым табысты жанрды түсіреді. Ал соңғы уақыта бүкіл әлемде, «Гладиатор» филімінен бастап, тарихи фильмдерді түсіру үрдісі басталды. Ол қиял немесе нағыз тарихи оқиға болсын. Мен тарихи фильмдерді көргенді, кітаптарды оқығанды өте ұнатамын – ол кезде адамдар анағұрлым күшті болған еді. Адамдардың рухы жоғары, моральдық принциптері молырақ болатын. Мен қазіргі заман адамдарына олардан көп нәрсені үйрену керек деп есептеймін. Өзімде тарихи фильмде түсуді армандап жүрмін.
— Яғни, Сіз мемлекеттің тек тарихи фильмдерді қаржыландыруын қолдайсыз ғой?
– Иә, адамдар өз тарихын білу керек. Бұл фильмдер халықтың патриоттық рухын жандандырады.
— Статистика бойынша, адамдардың көпшілігі бұл фильмдерді көре алмады, білмеймін, қызығушылық болмады ма немесе прокатқа шығарылмады ма. Дегенмен бұл фильмдер фестивальдық деп аталады, оларды тек фестивальдарда көрсетеді.
– Неге? Мәселен, «Мың бала» филімін барлығы көрді. Ол барлық кинотеатрларда көрсетілді, алғаш шыққанда барлығы осы фильм туралы ғана айтатын.
— Яғни, мәселе мемлекетте, тарихи фильмдерде емес. Хош делік. Өзіңіздің қай қазақстандық режиссермен жұмыс істегіңіз келуші еді?
– Өз режиссерім Әмір Қарақұловтың филімінде түскім келеді. Ол мені актриса ретінде ашты. Оның филімінен кейін мен басқаша ойнай бастадым.
— Сіз оның «Виртуальная любовь» фильмін айтып отырсыз ба?
— Иә.
— Жастарға арналған жақсы фильм. Мен оны рахаттана тамашаладым.
— Өкінішке қарай, Әмір қазір түсірмейді. Мен оның филімінде түскім келеді.
— Ол неге түсірмейді?
— Ой, сіз білесіз бе, мен бұл сұраққа жауап бергім келмейді. Ол өзі бір күрделі жағдай.
— Жақсы.
-Тағы бір жас режиссер бар, Ахат Ыбыраев.
— Мен Сізді кәсіби салаңыздан ауытқытып, мына тақырыпта әңгімелессек деймін. Кеңестер Одағы күйрегеннен кейін кеңестік білім беру жүйесі де бұзылып, ал жаңасы қалыптаспаған сәтте, оқығысы емес, үйленгісі (күледі) келетін жастардың буыны пайда болды. Олар академиялық институттарды сын тезіне алып, білім алуды шынайы өмірден бөлек зат деп есептеді. Сіздің 15 жасыңызда оқуды, ата-анаңызды тастап, шетелге қашып кеткеніңіз рас па?
– Тура әндегі сияқты: «15 жасында үйінен қашқандар».
— «Арнайы мектепте оқығанды түсіну қиын болар».
– Әрине, бұл тым артық айтылғандық болар, өйткені мен ешнәрсені тастағам жоқ. Мен тоғызыншы сыныпта кеттім, кейін қайтып оралдым. Емтихандарды экстернмен тапсырып, мектепті бітірдім. Мен барлығын тастағам жоқ. Менің ата-анам қарсы болған жоқ, олар менің кететінімді білді. Олар барлығын тексеріп, келісімін берді. Мен ол жаққа ұзаққа кеткем жоқ. Менің анам негізгі мақсат ақша табу емес, ағылшын тілін жетілдіру екенін түсінді. Қайта оралғанда мен ағылшынша еркін сөйлейтін болдым.
— Яғни, Сіз ол жаққа тіл мектебіне бардыңыз ба?
– Жоқ, мен Сингапурға контракт бойынша модель болып жұмыс істеуге бардым.
— Ал неге Сіз модель мансабын ата-анаңыз тұратын Ресейде немесе өзіңіз дүниеге келген Қазақстанда емес, шетелде бастағанды жөн көрдіңіз?
– Өйткені Ресейде, оның үстіне, Қазақстанда модельдік бизнес атымен жоқ. Яғни, Қазақстанда модельге мардымсыз төлейді (саусақпен көрсетеді). Және мұндағы модель жұмысы лас нәрселермен жанасады. Менің нені меңзейтінімді түсініп отырған шығарсыз. Ресейде де дәл солай. Ал шетелде ондай жоқ. Адам модель болып жұмыс істейді, ол кәсіби жұмыс істейді. Оның белгілі міндеттері бар және бойжеткеннің өзі ыңғай білдірмесе, ешқандай жөнсіз ұсыныс болмайды.
— Яғни, Сіздің екі мақсатыңыз болды: біріншісі – фотосессия, ал екіншісі – тілді жетілдіру?
– Мен табыс тауып, әлемді көргім келді.
— Дороти Паркер деген американдық жазушы бар, ол балаларды үйде ұстаудың ең жақсы әдісі – үйде жылылыққа толы, жайлы ахуал тудыру, деген еді. Оны көңілге қонымды, жағымды ету. Сол кезде Сізге үйіңізде жайлы болмады ма?
– Мен бұл тақырыпты көтергім келмейді. Ол менің жеке басыма ғана қатысты. Жалпы, жастарға ата-ана үйінде қалай жайлы, жақсы болса да олар ұядан ұшып, жеке дербес өмірге аяқ басқысы келеді.
— Өз күшіңді байқап көруге ме?
– Әйтпесе, эволюция тоқтап қалады. Жастар жану керек.
— Мен модель бизнесіне байланысты оқиғаларды зерделеген едім, сонда бір еуропалық фотографтың «қазір неге әр екінші бойжеткен манекенші болғысы келеді?» деген сұраққа, бұл «мансапқорлық мәселесі», деп жауап беріпті. Адам алдымен өз таныстарының алдында, одан кейін көпшілік алдында өзін өзі көрсеткісі келеді. Мысалы, Сіз мансапқор адамсыз ба?
– Мен өзімді атаққұмар адам дер едім. Егер мен мансапқор болсам, Мәскеуде тұрып, киноға әледқайда көп түсер едім. Алайда өмірдің басқа басымдықтары бар, мәселен отбасы. Бойжеткендердің неліктен модель болғысы келетінінің бірнеше себебін айта аламын. Біріншіден, ақша тапқысы келеді, өйткені модель болып жұмыс істеп жүрген қыздардың басым көпшілігі кедей елдердің тумалары. Мәселен, Өзбекстанның.
— Дегенмен ақшаны басқа жолмен де табуға болады ғой.
– Иә, бірақ модель болып жұмыс істеу балғын кезінде шетелде жақсы табыс табуға мүмкіндік береді. Міне, осыны мен басты себеп деп білемін.
— Әлі әдемі, әрі жас кезінде.
– Тағы бір себеп – ер-азаматпен танысу мүмкіндігі, олар әр қашан модель бизнесінің маңында жүреді, егер бойжеткен ниет білдірсе, ол оп-оңай олардың бірімен көңіл қоса алады.
— Сізге екінші себеп жақын ба?
– Жоқ, мен ешқашан дәулетті адамды кездестіргім келген жоқ. Мен әрқашан өзім сүйетін және ақшасы үшін емес, өзін сылайтын азаматты іздедім. Оның азаматтық қасиеттері үшін.
— Интернет-журналдардың бірінен «модель болу дегеніңіз, көпшілік ойлайтындай, бәріне ие болу: ақша, атақ, ғашық азаматтар, бейқам өмір» дегенді оқыдым.
– Ол жалған.
— Яғни, Сіз атақты және бейқам өмірді қаламайсыз ба?
– Біріншіден, онда сонша көп ақша жоқ, ал шыңға даралар ғана шығады. Табысқа жеткендерді саусақпен санауға болады. Ал көпшілігі әрең күнін көріп жүр. Елге де байланысты. Азияда жұмыс істеу әлдеқайда жеңілдеу, өйткені онда бәсеке жоқ. Ал Милан, Париж, Нью-Йорк сияқты қалаларда қыздардың көпшілігі аш жүреді. Өмір жолын модель болудан бастаған американдық жазушының кітабы бар, онда ол итке арналған тағамды жеген сәттерін бейнелеп, жазған. Яғни, модельдердің барлығы бірдей тамаша өмір сүреді, деп ойлау ақымақтық. Модельдік бизнестің тағы бір жиіркенішті қыры – есірткі. Модельдік өндіріс есірткімен былғанған. Мына жерінің сүйектері (бетін көрсетеді) шығып кеткен жап-жас бойжеткендер су және күрішпен тамақтанады. Өкінішке қарай, ондайлар өте көп. Көп ретте жап-жас аруларды есірткіге тәуелді ету үшін, оларды есірткіге үйретеді.
— Сіз осылардың бәрінен қалай құтылып кеттіңіз? Осындай жаман оқиғалардан.
– Жас болғаныма қарамастан менің ақылым болды. Және өзімнің канадалық құрбыма рахмет, ол мені көп нәрседен қорғап, кеңестер беріп отырды.
— А жақсылық пен жамандық арасында болған сәттеріңіз болды ма?
– Сіз жақсылық пен жамандықты қалай түсінесіз?
— Мәселен, бойжеткендерді манекенші болып жұмыс істеу сылтауымен қылмысқа тартады.
– Қазақстанда, айып етпеңіз, өкінішке қарай, моделіңіз не, жезөкшеңіз не, бәрі бірдей – ешқандай айырмашылығы жоқ. Ол жақта ондай жоқ. Сен егер жұмыс істесең, жұмыс істейсің. Егер сондай бір нәрсемен айналысқың келсе, айналысасың. Ол екі жол бірі-бірімен жанаспайды.
— Ендеше, бойжеткендерді ондай жолға түсуге не итермелейді.?
– Модель бизнесінің сондай жиындармен байланысты болуы. Өйткені барлық клубтар модельдерге тегін кіруді, тегін ішімдікті, тағы басқаларын ұйымдастырады, тамақтандырады.
— Яғни, бұл жерде барлығы жігерге және ішкі дүниеге байланысты ғой?
– Иә, дәл солай. Егер ниетің болмаса, ешқайда бармауыңа болады. Бұл тек өзіңнің жұмысыңа жақсы әсер етеді. Бірақ барлығы көңіл қосады, міне, сол шіріктің барлығы осы модель маңындағы көңіл қосуларда.
— Қазір осындай тәжірибеңіз бар. Егер сіз 15 жаста болсаңыз, тағы да сол жаққа жұмысқа барар едіңіз бе?
– Иә, бірақ мен өзімді мүлдем басқаша ұстаушы едім.
— Сонда Сіз нені істемер едіңіз?
– Мен көңіл қосуларға көп баратынмын. Бірақ есірткіден аулақ болдым. Кейде ішіп қоятынмын, клубқа барғанның өзі зиян. Ертеңіне бетің балғын болмайды, тіпті, 15 жаста да. Мен кастингтерге жиі кешігіп, өзімді жинақы ұстай алмайтынмын. Ал қазір неғұрлым жауапкершілікті болып, өзіме шын мәнінде не қажет екенін түсіндім.
— Маған бір нәрсе түсініксіз. Барлығы жақсы, жамандықтан аулақ болдыңыз, контрактілерге отырдыңыз, табысты фотосессияларға қолыңыз жетті. Онда неге Мәскеуге оралдыңыз?
– Себебі ол жақта мен соншалықты табысты жұмыс істеген жоқпын, тіпті, керісінше. Содан кейін осының барлығын көргеннен кейін, олай өмір сүргім келмеді, бұл жұмыста соншалықты тамаша еш нәрсе жоқ.
— Менің құрбым өмір-бақи киноға түсуді армандайтын, бірде ол суреттерін «Қазақфильмге» қалдырып кеткен еді. Бір кезде жолы болып, оны «Чужая, белая и рябой» фильмінде қосалқы актриса болып түсуге шақырды. Біз бүкіл сынып болып, бір кадрды — оның жаңбыр астындағы көпшілік көріністе тұрғанын көруге барған едік. Өкінішке қарай, оның мансабы осымен аяқталды. Қандай да бір байланыссыз киноға түсу мүмкін емес деген рас па?
– Жоқ, ол ақиқат емес. Адамдар ешқандай байланыссыз табысқа жеткен көптеген мысалдар бар.
— Сіз киноға қалай келдіңіз?
– Мен өзім туралы олай айта алмаймын, өйткені Бақыт Қилыбаев мені бала кезімнен білетін, менің әкемді де балалық шағынан танитын.
— Лиза Боярская да Михаил Боярскийдің қызы. Егер адам дарынды болса…
– Мен сынаққа жалпы тәртіппен бардым, егер сынақтан өтпесем, онда мені бекітпес еді. Мен сынақтан сүрінбей өттім, сондықтан мені «Громовы» фильміне алды.
— Енді бір мүлдем бір әпенде сұрақ қояйын: қандай рөл ойнауды армандайсыз?
– Мен тарихи фильмге түсуді армандаймын. Атқа мініп, садақ пен қылыш кезенген жауынгер-аруды сомдағым келеді. Міне, осы менің арманым.
— Сіздің жақсы шабандоз екеніңізді білемін.
– Мен атқа міне аламын, маған сондай кейіпкер жарасушы еді.
— Онда Сізге ұзақ мансап тілеуге рұқсат етіңіз! Әңгімеңізге рахмет! Кездескенше!