Ұлтты салауаттандыруды мақсат тұтқан Қазақстан өзінің жүзім алқаптарын құртуда және шарапты шетелден тасымалдай отырып, Чилидің, Молдованың, Австралияның экономикасына демеушілік жасауда. Мүмкін, мұны патриотизм деуге болар. Бірақ Алматы технологиялық университетінде шарап жасау технологиясы пәнінен дәріс оқитын шарапшы-профессор Рудик Мнацаканян былай дейді: “Мен осы пәннен дәріс оқитыныма ұяламын…”. Өйткені қазіргі таңда бұл ақылға қонбайтын, орынсыз дүние.
— Қазақстанның жақсы шарап жасайтын елге айналуына барлық мүмкіндіктері бар. Бірақ біз шараптың бірде бір қазақстандық брендін білмейміз. Неге бұлай?
– Шараптың шикізаты – жүзім. Егер өз жүзіміміз болмаса, шарап өндірісі қайдан болсын. Іле Алатауының аумағы, Талғардан бастап Шелектің ар жағына дейінгі алқап, ауа райы жүзім өсіруге қолайлы, топырағы өте құнарлы жер. Мен шарап жасау саласында 1963 жылдан бері еңбек етіп келемін, бірақ саланың осындай құлдырауға ұшырағанын көрген емеспін. Тіпті, кеңес дәуірі кезеңіндегі ішімдікке қарсы күрес жүргізілген қуатты науқан кезінде де шарап жасаушылық бұлай құлдыраған емес. Бүгінде бізде шарап өндірісі жоқ. Біз тамаша шараптар шығаратынбыз. Естеріңізде болса, маркалық «Есік Рислингі». Ол бүкіл әлемге әйгілі болатын. Этикеткасында алтын медальдарға орын жетпей қалатын. Осы шарап халықаралық дегустацияларда 7 алтын медальға ие болды. Бүгінде ол шарап жоқ, өйткені оны жасайтын жүзім жоқ. Қазір ешкім таза, табиғи шарап шығармайды. Мен барлық шарапшыларды танимын, маған ренжімей-ақ қойсын. Батыспен салыстырғанда біздің республикадағы жүзім жабылмалы және суармалы. Сондықтан оны өсіру фермерлерге қиын тиеді. Біз қысты күні үсіп кетпес үшін жүзімдікті жауып қоямыз, ал көктемде ашамыз. Температура -3-ке дейін түссе, жүзім үсіп кетеді. Жүзім — өсіруі қиын, қымбат дақыл. Сондықтан жүзімшілік дамымай отыр. Мемлекет оған өте аз қаржы бөледі. Ал жүзімшілік – ауыл шаруашылығының бір саласы. Мен министр Мамытбеков мырзаның қабылдауында болғанда, мен оған бір жарым сағат бойы жүзімшілікті көтеру қажеттігін түсіндіруге тырыстым. Ал ол маған, біз ұлтымызды салауаттандыруға тырысып жатырмыз, халық шарапты аз ішетін болады деді. Алайда біз шарапты шетелден өзімізде шығарылатынынан ондаған есе көп әкелеміз.
— Шарап маскүнемдікке ұрындыратын сусын емес қой.
– Әлбетте. Жүзім – ол шарап емес. Жас күйіндегі жүзім – шырындар, балалар тағамы. Қазір дастарқанымыздың сәнін сырттан, яғни, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Қытайдан әкелінген жүзім келтіруде. Елімізде бұл салаға ешкім назар аударып отырған жоқ.
— Еуропаның барлық шарап жасаушы елдері өздерінің жүзімдіктері мен шараптарының піскен немесе жасалған датасын белгілеп қояды дейді, сол рас па?
– Мен жақында Венгрия мен Австриядан іссапардан оралдым, онда жүзім өсіруге жұмсалатын шығынның 70 пайызын Еуроодақ қаржыландырады. Болгария Еуроодақтан 50 пайызға дейін дотация алады. Жүзімшілікті қажетті деңгейге дейін көтеру үшін фермер бір гектарға 200 мың теңге жұмсайды. Ал мемлекет бізге 2 мың теңге береді.
— Қажетті соманың 1 пайызын ғана ма?
– Иә. Сондықтан фермер өз жүзімін сақтай алмай отыр. Ішімдікке қарсы жүргізілген қарқынды науқан кезінде, біз жүзімдіктерді тамырымен қопармай, шырын шығаруға көшіп, оларды сақтай алдық. Ал қазіргі нарық заманында бізде ешкім, тіпті, шырын да шығармайды.
— Бұл қасірет пе…
– Жүзім үшін қасірет. Мен газет-журналдарға көп жаздым, сұхбаттар бердім. Бірақ бірде бір шенеунік маған телефон шалып, мәселеге қызығушылық танытпады.
— Мүмкін, мұндай енжарлық бұл жемісті өсіру тиімсіз деген пікірге байланысты, шығар?
– Керісінше, жүзім өсіру басқа дақылдарға қарағанда, әлдеқайда тиімді. Қазір спирттік ішімдіктерді сырттан әкелуге енгізілген санкцияға сәйкес, біздің үкімет ауыл шаруашылығына оң көзбен қарау қажеттігін түсінгендей. Бүгін біз барлығын сатып аламыз. Ірімшікті де, сүтті де, етті де. Міне, газеттер жазып жатыр, бізде 100 миллион гектар жайылым бар екен. Осыншама жайылым бола тұра, етті сырттан сатып алуға бола ма?Қырғызстан бізге ірімшік, сүт, шұжық жеткізіп отыр. Ал біз Ресейге көмектескіміз келеді. Өзімізге жетпей жатқанда, немен және қалай көмектеспекпіз?
— Дотация қажеттігінен басқа не істеу керек? Мүмкін құрал-жабдықтар қажет шығар?
– Бүгінде көптеген зауыттар тоқтап тұрғандықтан құрал-жабдықтар жеткілікті. Білетін шығарсыз, «Қапланбек» зауыты КСРО-дағы ең үздік зауыт болатын. Бүгін ол жоқ. Алматы облысында сондай ондаған зауыт болатын. Егер бүгін фермерге жұмсалған шығынның 50 пайызы мөлшерінде дотация берілетін болса, 4 жылдан кейін бізде жүзім де, табиғи, таза шарап та болады.
— Сіз шарап жасаущылықтың технологиясын оқытасыз. Сонда жылына қанша шарапшы шығарасыз?
– Жылына үш-төртеуін шығарамыз.
— Олардың барлығы жұмыс таба ала ма?
– Кейде табады. Кейде мейрамханада жұмыс істеп жүрген шәкіртіңді көргенде, еріксіз қынжыласың. Әрине, ол шараптарды жақсы біледі. Бірақ ұят, ол шарап жасау керек, ал шарапты қалай ішуді түсіндіріп тұр.
— Әрі оның сатып тұрғаны біздің шарап емес қой.
– Мен көп ретте дүкен сөрелерінде біздің өнім бар ма? — деп сұраймын. Жоқтың қасы. Ұлтты салауаттандырып жатырмыз дейді. Сондықтан шарапты Чилиден, Молдавиядан, Грузиядан, Армениядан сатып алып жатырмыз ба.
— Бәрібір ішіп жатырмыз ғой! Тек өзгенің шарабын.
– Маған жиі телефон шалып, қазақстандық шарапты қайдан сатып алуға болады? — деп сұрайды. Ол жоқ. «Бибігүл» шарабын білесіз бе?
— Әрине, білемін.
– Оның авторы менмін. 1994 жылы Бибігүл Ахметовнаның құрметіне жасап шығарғанмын. Қазір жүзімнің ол сорты жоқ.
— Сіз бірнеше зауыт бар деп едіңіз.
– Иә, олар «Бахус», «Түрген», «Есік» зауыттары. Бірақ аз. Жақында түргендік шарапшымен кездестім – оларда барлығы 20 га жүзімдік бар екен. Ол жылына бар-жоғы 30-40 тонна шарап жасауға жетеді. Ал шарап тез жасалынбайды – жүзімді қазанда сығып және ашытып, ақпанға дейін құтыға құюға болмайды. Оны пісіру, өңдеу қажет. Ал оған, жоқ дегенде, 6-8 ай кетеді. Бұл өте күрделі іс, ғылым. Жүзім – кірпияз дақыл.
— Жақында Грузияда болып қайттым, онда әр үйде жүзімдік бар. Маған үй иелері жүзімнің әр бұтасын өңдеп, күтетіндей көрінді. Бізде де солай болады деп үміттенеміз. Қазір сіздің сұқбатыңызды шенеуніктер оқып отыр делік, сіз оларға не айтар едіңіз?
– Құрметті шенеуніктер, ауыл шаруашылығына және жүзімшілікке оң көзбен қараңыздар!
— Ал шарапты сүйетін оны бағалай білетін оқырмандарға не айтасыз?
– Патриоттардың арқасында қазақстандық шарап әлі бар. Оны дүкендерден табыңыздар. Табиғи таза шарапты ретімен ішу денсаулыққа пайдалы. Маған қараңызшы, мен өмір-бақи шарап ішіп келемін!