Қазақстанда некелесуге мәжбүрлеу кеңінен етек алған. Жиі кездесетін мұндай құбылысқа ешкім таң қалмайды. Қалыңдықты «алып қашу» дәстүрі республикада тұратын көптеген ұлттарда бар. Алайда бұл дәстүр заңға қайшы, қыз алып қашқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады. Ең қызығы, біздің елімізде екінің бірі қыз алып қашып жатса да (қалыңдық көнбеген жағдайда да), құқық қорғау органдарына ешкім хабарласпайды.
Айгүл М. (Алматы облысындағы бір ауылдың тұрғыны)
– Мен би кешіне барып, содан қайтып келе жатқанда өзімнің болашақ жарыммен таныстым. Ол менен сегіз жас үлкен еді. Мен тоғызыншы сыныпты бітіргенде ол мені алып қашты. Біздің ауылда басыңа орамал тағылғаннан кейін қайтып келу – нағыз масқара саналады. Оның үй іші мені жақтырмады, енем маған күн көрсетпей, істемегенді істеді. Тіпті 10-шы сыныпқа оқуға да жібермей қойды: «Оқуды неғыласың? Күйеуге тидің, енді күйеуіңе қызмет етесің деді». Мен күйеуімді сүйген емеспін, бірақ қарсылық білдіре алмадым. Ол ешқашан маған жақтасқан емес, әрқашан шешесін жақтап шыға келетін. Үйленгенімізге көп болмай жатып маған қол көтеретінді шығарды. Тіпті менің жүкті екенімді үй іші тегіс білгеннен кейін де маған ешкім көмектеспеді, мен үй жұмысын бұрынғыдай атқара бердім. Жүйкемнің үнемі жұқаратыны мен ауыр жұмыстардың кесірінен жүктілігіме 6 ай толғанда түсік болды. Ауруханадан шыққаннан кейін күйеуімнің әке-шешесі мені үйіме әкеп тастады, содан бір айдан кейін біз ажырастық. Қазір өмірім тыныш, бәрі жақсы, сол бір некедегі өмірім қорқынышты түс сияқты артта қалды.
Мамандардың айтуынша, ерте және мәжбүрлі неке жас қыздардың денсаулығына, психологиясы мен әлеуметтік жағдайына теріс әсерін тигізеді. Сонымен қатар, мұндай жағдайға тап болған қыздар автоматты түрде білім алу мүмкіндігінен айырылады. Бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың деректері бойынша, тым жас келінге әдетте ешқандай құқығы жоқ адам ретінде қарайды, оның білім алуы мен жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Қалыптасқан дәстүр бойынша, жас келін отбасы мүшелеріне, күйеуі мен ата-енесіне, олардың туған-туысқандарына қалтқысыз қызмет етуі тиіс. Егер қызмет етуден бас тартса, табаланып, тіпті соққыға да жығылуы мүмкін. Жасөспірім кезеңдегі некеде зорлау мен зомбылық көрсету – жиі болатын құбылыс.
Гүлнар, ерте жасында тұрмысқа шыққан қыз:
— Мен 15 жасымда күйеуге тидім. Мені күштеп үйлендірді, мен үшін қалыңмал төленді, әкем мені бере салды. Әкем тақыр кедей еді. Мен күйеуімді танымайтынмын. Неке құруға дайын емес едім, тіпті оның не екенін де білмейтінмін. Бірақ тұрмысымыз қиын болды, тамаққа әрең ақша тауып жүрдік, менен кейін үш інім бар еді. Ең кенжеміз мектепке баруы керек, ол оқуы керек еді.
Дариға, ерте тұрмысқа шыққан жас келіншек:
— Енем жаман еді. Ашуланған кезде, мен бірдемені дұрыс жасамағанда маған қолында не болса, соны лақтыра салатын. Күйеуім де жаман болды, үнемі ашулы, ештеңеге көңілі толмай жүретін. Қандай тамақ жасасам да, әйтеуір менің жасағанымды жақтырмайтын. Тіпті сол шін ұрып жіберуі де мүмкін еді. Менімен жақындасқысы келсе, етегімді көтере салып, мал сияқты білгенін істейтін. Ол кезде солай болуы тиіс деп ойлайтынмын.
Карина, мәжбүрлі некенің құрбаны:
— Мені күйеуімнің үйінде ешкім түсінбейтін. Күйеуім маған зат сияқты қарады. Қалыңмалы берілген, ақшасы төленген: мен – бір зат, ойыншық сияқты болдым.
Сіздің балаларыңыз да тұрмысқа ерте шығамын десе, қолдар ма едіңіз?
— Жоқ, мен мұндайға жол бермеуге тырысамын. Ондай жаста тұрмыс құру ерте! Мен екі ұлымның бар екеніне қуанамын, қызым болғанын қаламаймын, өйткені оны да ерте тұрмыс құруға мәжбүрлеуі мүмкін. Менің көрген қорлығым аз емес. Әлі ұмыта алмай жүрмін.
Еркін, Алматы облысында тұратын шенеунік
—Тым жастайынан тұрмысқа шығатын қыздардың психологиясы қалыптаспаған, олар некеге дайын емес, олардың әке-шешесі барлық жауапкершілікті (әлеуметтік, экономикалық) күйеу балаға арта салады. Жас отбасылар қорғалмаған, білімі жоқ, құқықтық мәселелерден хабарсыз болғандықтан қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмейді. Олардың арасында өзіне-өзі қол салу оқиғалары жиі кездеседі. Тіпті біреулердің 15 жастағы қызын күйеуге беріп жібергенін де көргем. Ол қызы күйеуін сүймеді, сол үшін қатты қайғырды, күйеуінің үй-іші оны құл сияқты жұмысқа пайдаланды. 21 жасында оның үш баласы болды, бірде сырын ақтарып, оны күйеуі ғана емес, оның туысқандары да ұрып-соғатынын айтып еді. Ол сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын күңі болды. Ол өзінің жағдайын анасына жеткізген, бірақ анасы оған көмектесудің орнына «шыда, мені де де күйеуім өмір бойы ұрып келеді» дегендей ақыл айтқан. Ол қыз ақыры асылып өлді.
Некесі тіркелмеген әйелдер ажырасқан жағдайда мүлікке қатысты құжаттарды рәсімдеу кезінде көптеген қиындықтарға тап болады. Егер баланың әкесі анықталмаса, алимент ала алмайды. Қазақстан заңдары әкені анықтауға мүмкіндік береді, бірақ іс жүзінде бұл өте күрделі шаруа – сот орындарына бару, дәлел-дәйектер жинастыру, түрлі төлемдерді төлеу – қоғамнан оқшау қалған, қолдауы жоқ жас әйел мұндай қиын шаруаны тындыра алмайды.
Ал ауылды жерлерде тіпті көмек сұрайтын ешкім жоқ. Тіпті қыздың қорлық көргені жария болған жағдайда құрбан болған қызды қолдайтын адамдар табылмай қалады, кінәлі адамдар жазасын алмай, жауапкершіліктен оңай құтылып кетеді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуынша, зорлық жасағандар жауапкершіліктен оңай қашып кетеді, нақты дәлел болатын айғақтарды табу қиын, ал жанама айғақтар есепке алынбайды.
ҚР Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша, соңғы 2 жылда «қалыңдық ұрлаған» (Қылмыстық кодекстің 125 бабы бойынша) бір де бір адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ, бірақ 2012 жылдың тек алғашқы 3 айында ғана Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне кәмелеттік жасқа толмаған қыздарды алып қашу бойынша алты шағым келіп түскен.
Ондай арыз-шағымдар ары қарай қозғалмайды, арыз жазған отбасылар кейін арыздарын қайтып алады. Көбіне қызды қорқыта салады. Егер келін болуға көнбесең, бұл оқиғаны баршаға жария етеміз, масқара боласың, деп үркітеді. Тіпті отбасы құқық қорғау органдарына хабарласқан жағдайда да олардың алдынан бюрократиялық тосқауылдар шығады. Сол себепті алып қашудың құрбаны мен оның отбасы полицияға хабар бермейді. Кейін оның салдары көбейе береді, зорлық-зомбылық, жүктілік, психологиялық жарақат.
Әлеуметтік қызметтер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Алматы қаласы мен Алматы облысындағы үш ауылда 12-18 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізген.
Ауылдағы жасөспірімдердің 71 пайызына дейін жететін бөлігі қыз алып қашудың куәгері, немесе оның қатысушыларын білетін болып шықты. Қалалық жастардың 18 пайызы ондай оқиғаның куәгері болған. Олардың 64,6% – 76,6% ерте және мәжбүрлі некені қолдамайтынын айтқан.
Қалалық жасөспірімдердің үштен екі бөлігі 2/3 бөлігі қалыңдық ұрлауға қарсы.
Ауыл жастарының 39 пайызы алып қашуды құптамайды.
Профессор Аманжол Қалыштың пікірінше, қыз алып қашудың негізгі себептері мынадай факторларда жатыр:
некелесушілердің материалдық қиындықтары;
күйеу баланың ресми түрде некелесуді қаламайтыны;
қалыңдықтың әке-шешесі тарапынан күйеу бала мен оның әулетіне деген теріс көзқарас;
жас жұбайлардың бұл мәселедегі шешім қабылдаушы ретіндегі рөлінің артуы;
күйеу баланың әкесі, не шешесінің жоқтығы;
кәмелеттік жасқа толмауы. Ресми түрде некені тіркеу мүмкін емес жағдайда.