Мектеп оқушысын тонап және зорлағаны үшін Қарағанды облысының екі тұрғыны он екі жылға сотталды. Сот екі зорлықшыны он және он екі жылға бас бостандығынан айырды.
Қарағанды облысының тұрғындары Жандос Смаилов пен Қайрат Қосжановтың мектеп оқушысын зорлап тонағандары анықталып отыр. Олар он алты жасар қызды Майқұдықтың он төртінші шағын ауданында аңдыған, деп жазады «Новый вестник» газеті.
«Басында пышақпен қорқытып, Қошжанов жасөспірімнің ұялы телефонын, сөмкесін және алтын әшекей бұйымдарын тартып алады. Ұрланған заттардың құны жиырма екі мың теңгені құрады. Кейін қыз бала олардың түр-әлпеттерін танып қоймас үшін, оның басын шарфпен ораған. Қосжанов оны шешінуге мәжбүрлеп, зорлады. Қыз бала зорлықшыларға өзінің әлі кәмелетке де толмағанын айтқанмен, озбырлар оның сөзін елемеген», делінген басылымда.
Сот алдында қылмыскерлер өз кінәсін мойындамады. Қосжановтың сөзінше, ішімдікке сылқия тойып алған оны сол күні белгісіз біреулер ұрып тонап кеткен. Ал қыздың ұрланған телефонын ол келесі күні сатып жіберіпті. Бірақ, қыздың ұялы телефонын оған Жандос Смаилов берген.
Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот екі ер адамды кінәлі деп танып, Жандос Смаиловты он екі жылға, Қайрат Қосжановты он жылға бас бостандығынан айырды.