Сарапшылар Бірыңғай экономикалық кеңістікке ену Қазақстан экономикасына көптеген тосын сыйлар әкелетініне сенімді. Мәселен, пара ұлғаяды, ал Қазақстанның неғұрлым жетілдірілген салық жүйесін Ресей мен Беларусьтің әлсіз салық жүйелері «жұтып» қоюы мүмкін.
— ЕАЭО-ға кіргеннен кейін Қазақстан мен біздің салық жүйеміз қандай күйге ұшырайды? – дейді ойға шомған Қазақстан кәсіпкерлері ассоциациясының төрағасы Виктор Ямбаев. – Бұл жөнінде Қаржы министрлігі, қоғамдық ұйымдар және жалпы бизнес қауымдастығы бүгін ойлануы керек. Егер біздің келіссөз жүргізушілер алдыңғы әріптестері жұмыс істеген модельмен жұмыс істесе, онда саудамыздың біткені. Өйткені қазақстандық нарық аясының тар екенін ескерсек, біз Ресей нарығында қалыптасқан тәртіппен, ұйымдасқан қылмысты қоса есептегенде, жұмыс істей алмаймыз. Ресейдегі сомалар орасан зор, нарық та ауқымды. Сондықтан ондағы шенеуніктердің «сұранысы» біздегіден 10 есе артық. Егер бізде тендерлер мен мемлекеттік сатуларды ұйымдастыратын ортаң қолды шенеунікке беретін пара 100 000 доллардан басталса, Ресейде миллион долларсыз сізбен ешкім сөйлеспейді. Алайда, атап айтарлығы, олардың нарығы әлдеқайда ауқымды! Сондықтан біздегі салық жүктемесі мен әкімшілік қысым 10 есе аз болуға тиіс.
— Бізге «сендер 300 миллионға жуық халқы бар нарыққа кіресіңдер», дейді, бірақ бұл «әжемнің әңгімесі» іспетті, – дейді сөзін сабақтаған Виктор Ямбаев. – Біздің адамдар өздері өндірген арақты Ресей нарығына шығарып көрген-ді, бірден қырғын басталды. Онда да, бізде де арақ өндіруде тегін адамдар отырған жоқ. Бұл табысты бизнес, онда бөгде адамға орын жоқ. Біздің арақты Ресейден бірден айдап шықты. Одан кейін Ssang Yong автомобильдерін шығарып көрдік – бірде де бір машинаны ресейлік нарыққа кіргізбеді. Есесіне, бізге ресейлік «Ладаларға» мінуді ұсынады. Атап айтарлығы, біз ресейлік баж салығын қабылдадық, сөйтіп, пайдалануда болған, сапасы жақсы шетел автомашиналарын қолжетімсіз еттік, халықтың оларды сатып алуға шамасы жетпейді, қымбат. Енді бес жыл мінілсе де,«сыр» бермейтін «Мерседес» – нашар, ал салдырлаған жаңа «Жигули» – жақсы. Ресейлік автоөндіріс Қазақстанда 50 000 «Жигули» сатты. Жаман емес, күн көруге болады. Ал біздің өнімге ол жаққа жол жабық.
Ал біздің салық заңдылығымызды алсақ, қосымша құн салығынан қорқам, олар оны қалай есептейді!? Түптеп келгенде, біз бір-бірімізбен қандай валютада есеп айырысамыз? Ресейлік немесе беларусьтік рубльмен бе, әлде қазақтың теңгесімен бе?! Жоқ, тағы да долларға жүгінеміз бе? Алайда онда бұл үш емес, кем дегенде, төрт немесе бес мемлекеттің одағы болмақ. Доллар, еуро. Біздің тауарлардың ортақ нарыққа кіру механизімін айтпағанда, біз әлі күнге дейін бұл сұраққа жауап алған жоқпыз. Біз әлі күнге дейін сертификаттау жөніндегі заңдылықты үйлестірген жоқпыз. Есесіне, барлық тауарлар баж салығы және жеткізу бағасының ұлғаюы есебінен қымбаттады.
— Біз бірыңғай экономикалық кеңістік құрып жатырмыз. Осы орайда мені қисынды сұрақ толғандырады: біз өзіміздің одақтастарымыз бен серіктестеріміздің салық жүйесін жақсартуымыз керек пе, әлде өзіміздікін солардың деңгейіне дейін нашарлатуымыз керек пе? Бүгін біз Ресейдің не өзін шенеуніктерінің кеудемсоқтығын, не Украиндағы соғысты, не ғарыш бағдарламаларын, не қорғаныс шығындарын игере алмай отырғандығын көріп отырмыз. Қазір олар жеке тұлғаларға салынатын салықты және қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтергісі келеді. Ол аз болғандай, оларда қосымша құн салығы біртекті әкімшіліктендіріледі. Осындай жағдайда біз не істейміз? Сұрақтар бастан асады, оларды бүгін айту керек, қоғамды дайындап, белгілі бағдарлама дайындаған жөн. Біз қай салық жүйесімен жұмыс істейміз? «Ұшақтан бауырсаққа дейін» сертификаттау жүйесімен бе!? Қандай да бір ережелер мен стандарттар қабылдап, жатыпішер құрылымдар бізге ешнәрсеге кепілдік бермейтін қағаздар ұсына ма? Бүгінде бүкіл посткеңестік кеңістікпен салыстырғанда, Қазақстанда әкімшілік кедергілермен табысты күрес жүргізілуде. Әлбетте, сыбайлас жемқорлықпен күрес деп айта алмаймын, дегенмен рұқсат беру үдерістеріндегі тізімді төмендетуге талпыныс бар.