Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелік жүктемені төмендету туралы агроөнеркәсіптік сектор субъектілерінен 217 өтініш келіп түсті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті, деп хабарлады «ҚазАқпарат».
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде жауып жатқан және болжам бойынша таяу күндері жауатын жаңбыр астық шығымдылығы үшін өте қажет.
Осы орайда ол биыл жылдық орташа немесе одан жоғары деңгейде астық жинау жоспарланып отырғанын жеткізді.
ҚР АШМ баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылы шамамен 15-17 млн тонна астық жиналуы мүмкін.
Сонымен қатар А. Мамытбеков экспорт көлемі астық шығымдылығына байланысты екенін айта келе, «Бидайды ішкі тұтыну көлемі 6 млн тонна, оның ішінде 2 млн тоннасы тұқымға, тағы 2 млн тоннасы азық-түлік мақсаттарына және шамамен 2 млн тонна технологиялық өңдеуге және фураждық мақсаттарға бағытталады. Қалған астықтың барлығын сатылымға шығарамыз. Ал оны тиімді өткізу көлемге байланысты», – деді министр.
Бұл тұрғыда ведомство басшысы елімізде астық шығымдылығы жоғары болған кезде бағалардың төмендеуі жағдайы орын алғанын еске салып өтті. Осыған байланысты өндіру көлемі мен сату мүмкіндігінің үйлеспеушілігі орын алған еді.
«Бүгінде біз әртараптандыру саясатын жүзеге асырудамыз. Бидайдың егіс алқаптарын қысқарту шаралары жүргізілуде. Ол біздің ішкі тұтыну мүмкіндіктері мен сату мүмкіндіктеріне байланысты түзетіледі. Соңғы жылдары астық бағасы бұрынғыдай құлдырап жатқан жоқ. Сонымен қатар вагондар мен элеваторлардың жетіспеушілігі секілді проблемалар келмеске кетуі тиіс», – деп түйді А. Мамытбеков.