Елордада бұл ойын алғаш рет 3 мамырда өткізілсе, Ақтау тұрғындары 17 мамырдан бастап әр сенбі сайын ойнай бастады. Ал қазір «Асық Party» Шымкентте жалғасын тапты, деп хабарлайды Lada.kz.
— Біз «Асық ату» ұлттық ойынын әрі қарай дамыта түсуді қалаймыз. Өскелең ұрпақ ортасында ұлттық ойындарды насихаттаудың маңызы зор. Екіншіден, бұл партриоттық рух беретін спорттық ойын, — дейді Ақтаудағы «Асық Party» ұйымдастырушыларының бірі Берік Дәуенов.
Аз ғана уақыттың ішінде асық атуға келушілердің саны артқан. Олардың ішінде балалар да, үлкендер де бар. Қатысушыларға ынталандыру сыйлығы да беріледі. Әзірге ұйымдастырушылар ойындарды өз күштерімен өткізіп келеді. Сондай-ақ, олар бұл бастамаға демеушілер қолдау көрсетуі мүмкін деп үміттенеді.
«Асық Party» ұйымдастырушыларының айтуынша, алдағы уақытта ләңгі тебуден жарыс ұйымдастырылмақ.