Алматыда 24-жасар бойжеткенге қол жұмсаған екі қаскүнем 17 және 18 жылға бас бостандықтарынан айырылды, олардың тағы бір сыбайласы 4 жылға сотталды, — деп хабарлайды Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
«11 шілдеде Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үстіміздегі жылғы наурыз айында зорлап өлтірілген Ибрагимованың ісі бойынша кінәлі деп танылған Ж.Б. Алагузовқа, Г.М. Алиевқа, А.Ерғалиұлына қатысты айыптау үкімі жарияланды», — делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешіметтің айтуынша, Ж.Б. Алагузов 17 (он жеті) жылға, Г.М. Алиев 18 (он сегіз) бас бостандықтарынан айырылып, жеке бастарының мүлкі тәркіленді. Үкімге сәйкес олар жазаны қатаң тәртіптегі түзету колониясында өтейтін болады.
Ал олардың сот залында қамауға алынған тағы бір сыбайласы, А.Ергалиұлы 4 (төрт) жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұрынырақ ақпарат құралдары хабарлағандай, С. Ибрагимова үстіміздегі жылғы 4-наурызда Алматыда өлтірілген еді. Озбырлар оның денесіне бензин төгіп, өртеп жіберген-ді. Осы қылмыс бойынша марқұмның танысы мен оның досы құрықталған болатын.