Бүгін алғашқы «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязовты Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев қабылдады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Сыр елі, жыр елі» деген қағиданы жалғастырып келе жатқан өнер иесі республикалық аламан додаларда талай топ жарды. Өткір тілімен қоғамның өзекті мәселелер сөз етіп, көрерменнің қошеметіне бөленіп жүрген айтыскер ақынға құрмет көрсетіліп, аймақ басшысы үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.
– Айтыс ұлы өнер. Қазір технологияның дамыған уақыты. Дегенмен, рухани құндылықты да ұмыт қалдырмай қолдау көрсетуіміз керек. Киелі өнерді жалғастырушы Мұхтар бүгінде шәкірт тәрбиелеп, ұстаздықпен айналысуда. Сыр өңірі өнер иелерінен кенде емес. Енді Мұхтардың мектебінен шыққан таланттар көбейсін, — деп өңір басшысы тілектестігін білдірді.
Өрелі өнер иесі өзіне көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірді.
— Бұл менің ғана емес, жанашыр, ұстаз ағаларымның жетістігі. Аз-кем еңбек бағаланып жатыр. Алдағы уақытта да абырой биігінен көріну үшін талмай жұмыс жасаймын. Өнер саласында Сыр өңірінің бағындырған белесі биік. Сол үдеден түсірмеу бізге жүктеліп отыр. Сенімді ақтауға серт етемін, — деді айтыскер ақын Мұхтар Ниязов.