Бүгін Астана теміржол вокзалының аумағында қанатқақты «Жастарды жұмысқа орналастыру пункті» жобасы іске асырылды. Бұл туралы astana.kz сайты хабарлады.
Жоба жастарды ақпараттандыру және жұмыспен қамту мәселесін шешу мақсатында Астана әкімдігімен, Жастар саясаты мәселелері басқармасымен қолға алынды. Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша, жоба аясында консультациялар беріліп, ақпараттық стендтер орнатылды, автовокзал мен теміржол вокзалында және жолаушылар пойызында кітапшалар таратылды. Жұмысқа орналастыру пунктерінде жастар жұмыс іздеушінің анкетасын толтырды, әңгімелесудің психологиялық аспектілері мен жұмысқа орналасу кезінде құжаттарды дұрыс толтыру бойынша қысқаша жеке кеңестер алды.
Бұл шара қалаға жұмыс іздеп келген жастарды жұмысқа орналасу және сынақ мерзімінен өту мүмкіндіктері туралы хабардар етеді, елордалық еңбек нарығында сұранысқа ие болашақ мамандықты таңдауға, сондай-ақ, оқудан кәсіптік еңбек етуге өту сияқты өзекті мәселені шешуге көмектеседі.