Сарапшылар алдағы уақытта жанармай тағы 20 пайызға қымбаттайды деген сенімді болжам айтуда.
ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин ағымдағы жылдың ортасына дейін Қазақстанда жанармай қымбаттамайды деп уәде берген болатын. Бірақ қымбатшылық одан ерте келді. Алдымен дизель отыны қымбаттады. Енді бензиннің де бағасы өсе ме?
Сарапшылар жанармай бағасының өсетін түрлі себептермен байланыстырады: жанармай қорының жетіспеушілігі, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу көлемдерінің жыл сайын қысқарып отырғаны, мұнайдың әлемдік бағаларының ауытқулары, девальвация. Бірақ бәрінің бір жерден шығатын ойы мынадай: үкіметтегі макроэкономистердің жанар-жағармай нарығын реттеудегі сауатсыздығы – еліміздегі жаранмай нарығының басты проблемасы.
– Наурыз айының соңында мұнай және газ министрі жанармайдың бағасы реттелетін түрлерінің (дизель отыны, Аи-80 и Аи-92) бағасы ағымдағы жылдың ортасына дейін көтерілмейді, өйткені министрлік өзіміздің мұнай өңдеу зауыттарымыздың есебінен жанармай бағасын ұстап тұрады деп уәде берген. Алайда соған қарамастан мамыр айының басында-ақ бір литріне 102 теңгеден сатылып жүрген дизельдің бағасы бірден 115 теңгеге дейін көтеріліп, бағасы Аи-92 бензинімен теңесті. Енді маусым айында бензин бағасының қымбаттайтыны сөзсіз, – деген сенімде «OilNews.kz» порталының бас редакторы, экономист Сергей Смирнов. – Бензин бағасы 20 пайыздан астамға көтеріледі, өйткені тасымал шығындары да көтеріледі. Алайда үкімет бензин бағасын бір мезетте көтере қоймас, меніңше, бағалар бірнеше кезеңмен көтеріледі – алдымен 10-15 пайызға, сосын тағы.
– Осы айда бензин бағасының күрт көтерілетінінің басты себебі не?
– МаусымВайында Павлодар мұнай-химия зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтатылады. Сондай-ақ, мамырдың 7-сінен бастап Ресейден Аи-92/93 және Аи-95/96 бензинін таситын бірегей оператор бекітілді. Өткен жылдан айырмашылығы — бірегей оператор былтырғыдай үш компания емес («Petroleum Opereting», «Petrosun» және «ҚазМұнайГаз Өнімдері»), біреу-ақ. Ол – «ҚазМұнайГаз Өнімдері». Былтыр Ресейден бензин импорттау монополиясының құқығы осы делдалға берілген кезде Аи-92 бензинінің тапшылығы туындап, қымбаттап кеткенін бәріміз жақсы білеміз. Оны тек салалық мекемелер ғана білмейді. Сол кезде Ресейден жанармай импорттауға салынған шектеуді жою арқылы тапшылықтан арылған едік. Биыл мұндай монополизацияның салдары өзгеше болады деп ойлауға негіз жоқ.
– Жанармайдың барлық түрлерінің бағасы көтеріле ме?
– Мұнай өңдеудегі қазіргі жағдай өзгермесе жанармайдың барлық түрлері қымбаттайды.
– Статистикаға сенсек, биыл қаңтар-сәуірде жанармай өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 13,1 пайызға артыпты. Бірақ тапшылық әлі бар. Мамыр айының басында Шығыс Қазақстан облысындағы кейбір жанармай бекеттерінде бензин таусылып қалыпты. Мұның себебі не?
– Сол баяғы себептер ғой: моральдық жағынан да, технологиялық жағынан да әбден ескірген отандық зауыттар ішкі нарықты жанармай көлемімен де, сапасымен толық қамтамасыз ете алмайды. Мұнай өндірісі мен оны өңдеу көлемдерінің өсіп отырғанына қарамастан, соңғы бес жылдан астам уақыт бойы өңделетін мұнай көлемдері өндірілетін мұнайдың 18 пайызын ғана құрап келеді. Осылайша мұнай өнімдерінің өндірісімен бірге, олардың тапшылығы да барған сайын артып келеді. Тапшылық мәселесі Ресейден келетін импорттың арқасында шешіледі (40% дейін). Ақпанда болған теңгенің девальвациясы салдарынан жағдай ушықты, импорт қымбаттады. Бірақ ең бастысы — отандық мұнай саласы өз елімізді өзіміздің сапалы жанармайымызбен қамтамасыз етуге емес, шикізат экспортын арттыруға бағытталған. Шикі мұнай экспортына салынатын баж салығы бұрынғыдай төмен қалпында, қазір шетелге шығарылған мұнайдың әр тоннасына мемлекетке бар-жоғы 80 доллар төленеді (Ресейде бұл салық мұнайдың әлемдік бағаларына байланысты шамамен 400 долларды құрайды).
– Мұнай өзіміздікі бола тұра жанармай бағасы неге өсе береді? Ішкі нарыққа арналған қазақстандық мұнайдың тоннасы қанша тұрады?
– Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры Шухрат Данбай өзара астыртын байланысы бар компаниялар арқылы жеткізілетін қазақстандық мұнай кейде ресейдікінен де қымбатқа түсетінін бірде айтып еді. Біздегі мұнай өңдеу зауыттарының үшеуі де «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының бақылауында әрі мынадай схемамен жұмыс істейді: мұнай компаниялары мұнай өңдейді де оны зауытқа береді. Зауыт өңдейді де өңдегені үшін ғана ақша алады. Шикізатты жеткізушілер өндірілген мұнай өнімдерінің иесі болып табылады, табыстың бәрі дерлік ресурс иесінің қолында қалады. Оларды шикізатты қандай бағамен сататынын, зауыттан қандай бағаға мұнай өнімдерін алатынын жарияламайды. Ашық ақпараттың жоқтығынан көтерме саудагерлер бағаларды өз қалауынша ойнатады.
– Ресей үкіметі өз бензинін рубльге сатуды жоспарлап отыр. Бұл ресейлік жанармай бағасына әсер ете ме?
– Рубль де доллар сияқты қымбаттады (ресейдің жанармайы да қымбаттады), сол себепті импортталатын жанармай бағасы айтарықтай төмендей қоймас. Оның үстіне, біздің тәжірибе көрсетіп отырғандай, бізде бір қымбаттаған баға одан кейін төмендей қоймайды…