Халықаралық сарапшылардың пікірінше, соңғы он жыл ішінде Қазақстаннан капиталдың оффшорлық аймақтарға жылыстауы 140 млрд долларды құраған, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Бұл туралы заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің жиналысында еліміздің Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев мәлімдеді. Еліміздің қадағалаушы органының мәліметі бойынша, жеке тұлғалар шетелге жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңге шығарады екен. Мәселен, тек 2013 жылы қайтарылмаған валютаның жалпы көлемі 200 млн. долларды құрады.
Сондай-ақ, жиын барысында соңғы үш жыл ішінде экономикалық қылмыстарды анықтаудың тұрақты өсу динамикасы байқалатыны атап өтілді. 2013 жылы 7165 қылмыс тіркелген, оның ішінде 83%-ын қаржы полициясы органдары, 712 қылмысты ішкі істер органдары анықтаған. Қылмыстан келген зиянның анықталған сомасы 220,9 млрд теңгені құрады. 102,9 млрд теңге көлеміндегі зиянның орны толтырылды (2012ж. — 28,2 млрд). Қылмыстар құрылымында жалған кәсіпкерлік, жалған ақша жасау, экономикалық контрабанда, салық төлеуден жалтару фактілерімен байланысты әрекеттер басым.
Сонымен қатар, бұл салада едәуір кемшіліктер мен пайдаланылмай отырған резервтер бар. Бас прокурор атап өткендей, жұмыстың тиісті тиімділігіне құқық қорғау және фискалдық мекемелердің әрекетіндегі үйлесімділіктің және келісімді жұмыстың жеткіліксіздігі кедергі келтіреді. Сондай-ақ, салық және қаржы-несие салаларындағы қаржылық теріс пайдаланушылық пен қылмыс көздерін анықтаумен байланысты проблемалар атап өтілді.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері атап өткендей, экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар үлкен қоғамдық қауіп төндіретіндіктен, тергеу, бақылаушы және қадағалаушы құрылымдардан қылмыстың тиімді жолын кесу және алдын алуға бағытталған кешенді, анық үйлестірілген жұмысын талап етеді.
Шекара қызметіне, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне, Кедендік бақылау комитетіне Кеден одағы аумағына жақын және алыс шет елдерден тауар контрабандалауға тосқауыл қою жұмысын күшейту ұсынылды.