2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білу міндеттелмек, деп хабарлады Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министр 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту бағдарламасы аясында жасалған жұмыстардың нақты көрсеткiштерi туралы әңгімеледі.
— Есептi кезеңде мемлекеттiк тiлдi дамыту мен қолдануға бағытталған бiрқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, ҚАЗТЕСТ жүйесiн жетiлдiру бойынша мемлекеттiк тiлдi оқытуға арналған 5 деңгейден тұратын оқу-әдiстемелiк кешені әзiрлендi. Олар елiмiздiң барлық тiлдердi оқыту орталықтарына таратылды. Ендiгi кезекте мемлекеттiк қызметшiлерге қазақ тiлiн меңгерудi мiндеттеген дұрыс. Мұны 2015 жылдан бастап орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына сатылы түрде ҚАЗТЕСТ жүйесiн енгiзу арқылы шешемiз, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сондай-ақ, брифинг барысында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мынадай мәліметтер келтірді: Қазақстан халқының 62-63 пайызы қазақ тілін, 92 пайызы — орыс және 16,6 пайызы ағылшын тілін меңгерген. Вице-премьер ел Президентінің үш тұғырлы тілді дамыту тапсырмасын алдағы уақытта баса назарға алу керек деп санайды.
— Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылдық бағдарламасының алғашқы кезеңі былтыр — 2013 жылы аяқталды. Қазір біз аталған бағдарламаның 2014-2017 жылдарға арналған екінші кезеңіндеміз. Бұл бағдарламаның мақсатына сай, Қазақстан 2020 жылы бір тұтас мемлекеттік тілге көшетін болады және елде мемлекеттік тілді білмейтін бірде бір адам болмайды, — деді Г.Әбдіхалықова.
Еске сала кетсек, Президент Н.Назарбаев «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез-келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады», — деген болатын.